$ 443.35  475.54  4.82

Бағдарламалар мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту

Кеше Үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобалары таныстырылды деп жазады "Егемен Қазақстан".

Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың аграрлық секторды жедел дамыту жөніндегі тапсырмасының негізінде әзірленген жаңа бағдарламалар. Аталған екі бағдарламаның да түп­кі мақсатында халық­ты жұ­мыспен қамту, халықтың жағ­дайын жақ­сар­ту, ауыл-ай­мақ­тардағы еңбек адамдары­ның шаруасына қолдау біл­діріп, жұмысын жетіл­діру, үйлестіру сияқты негізгі мәселелер қамтылған.

Үкімет отырысында Аг­ро­өнер­кәсіп кешенін дамыту жайындағы мем­ле­кеттік бағдарламаны Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ауыл ша­руашылығы министрі Асқар Мыр­зах­метов таныстырды.

А.Мырзахметовтің ай­туынша, қазір ел эконо­микасы негізгі ба­сым­дық­тарды қайтадан қарау кезеңі­не бет бұрды. Жаңа жаһан­дану заманында аграрлық сектордың дамуына аса мән берілуде. Алдағы бес жыл ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу әртараптандырудың көзі мен экономикалық өсімінің ең негізгі және жетекші кү­ші­не айналады. АӨК-тің жа­ңа рөлін жүзеге асыру елі­міз­дің тұ­рақты дамуын, ең­бек өнім­ділігін арттырады.

Жаңа бағдарламаның тұжырым­дамалық ықпалы – қосалқы шаруа­шылық пен ұсақ шаруа, фермерлік қожалықтарды өндірістің өсу факторымен қатар ауыл тұрғын­дарының  өмір сүру деңгейін ескере отырып, ауқымды түрде кооперацияларды дамыту болып табылады.

Мақсат-міндеттері қандай?

Бағдарламаның әлеуметтік маң­ыз­ды рөлі – табысты фермер­лер­дің санын арттыру, сол арқылы нарық­қа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамта­ма­сыз ету. Ауыл халқын жұмыспен қам­­ти отырып, олардың табыс дең­гей­ін арттыруға басты назар бол­мақ.

Әзірленіп жатқан бағдар­ла­ма­ның негізгі міндеттері көп. Са­на­ма­ласақ,  мал шаруашылығының тиім­ділігін 40 пайызға және өсім­дік шаруашылығының тиімділігін 30 пайызға арттыру, тауарлы өн­діріске 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиім­ділігін және қолжетімділігін қамта­масыз ету, мақсатқа бағыттал­ған экспорттық саясатты іске асы­ру және органикалық өнімнің қа­зақ­стан­дық брендін жылжыту, 600 мың гектардан астам суарма­лы жер­ді айналымға тарту, АӨК-ті мем­­ле­кеттік реттеуді жетіл­діру, тағы басқадай жоспарлы міндет­тері бар.

Кооперативтерге кірудің артықшылығы неде?

Мемлекеттік бағдарлама негі­зін­де еліміздің әрбір фермері ауыл­ша­руашылық кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау таба алады. Кооперативтерді тех­ника­лық жағынан жабдықтау «Каз­Агро» ҰБХ арқылы жүзе­ге асы­ры­лады. Жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тардың ветеринарлық, агро­хи­миялық, қаржылық және өнім­ді өт­кізуге кеткен шығындары коопе­ра­тивтерді субсидиялау арқылы өтеледі.

Ауылшаруашылық коопе­ра­тивін дамыту арқылы 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнім­дерді өткізу мен өңдеудің пәр­менді жүйесін құра аламыз және шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысында ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Ойлап қарасақ, жыл сайын 300 млрд теңге ауылдарға қосымша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық болмақ. Сонымен қатар, кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем-шөп дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады.

Кооперацияның тағы бір ар­тық­шылығы – агроөндірістік мақ­сатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін (мон­ша, шаштараз және т.б) ашу­ға несие беру қарастырылған. Со­нымен қатар, кооператив арқылы күнделікті тұтынатын несие алуға да болады. Ауыл тұрғындарына не­сие алу үшін банкке немесе аудан ор­та­лығы мен облыстарға барып жү­рудің қажеті болмайды.

Қанша қаражат жұмсалады?

АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жыл­­дарға арналған мемле­кет­тік бағ­дарламасы «Агробиз­нес-2020» мен «Су ресурстарын бас­­қару» туралы екі бағдарлама­ның не­гі­зінде жүзеге асырылады. «Аг­ро­бизнес-2020» мен «Су ресурс­тарын басқару» бағдарлама­ларының бюджеті АӨК-ті дамы­туға арналған мемлекеттік бағдар­ламаны қаржылай қамтамасыз етуге толықтай жетеді. Іске асырылып жатқан екі бағдарламаға 2851 млрд теңге бөлінсе, жаңа бағдарламаға болжам бойынша  2830 млрд теңге кетеді.

2015 жылы 1 бюджетті қаржы­лан­дыру үшін 0,34  теңге жеке инвес­тиция керек болды, ал жаңа бағдарлама аясында бұл көрсет­кішті көтеру жоспарланып отыр. 2017 жылы 1 бюджет ақшасы 0,72 жеке инвестицияға теңелсе, 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,1 теңгеге жеткізіледі.

Күтілетін нәтиже қандай?

Қазақстан халқы үшін ауылша­руашылық саласы негізгі кіріс көзіне айналады. 2021 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы жиынын  30 пайызға – 1 трлн теңгеге немесе қазіргі 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, еңбек өнімділігін 50 пайызға – 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін арттыру, экспортты 17 пайызға – 2,1 млрд-тан 2,5 млрд АҚШ долларына дейін және импорт көлемін 17 пайызға – 3,4 млрд-тан  2,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар, суармалы жерлердің үлесін 40 пайызға, яғни 1,4 млн гектардан 2 млн гектарға дейін арттыру қарастырылған, осының нәтижесінде кіріс 30 есеге дейін көбейеді.

Негізгі басымдық фермерлерге беріледі. Оның ішінде мемлекеттік қолдау 7 есеге, яғни 67 мыңнан 500 мың АШТӨ көбейеді.

Жаңа бағдарлама жаңа жылда іске қосылуы керек

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелеріне бұл бағдарлама бойынша әзір­лік жұ­мыстарын аяқтауды тапсыр­ды. Осы ретте Үкімет басшысы бағдарлама жобасы түрлі алаң­дарда, соның ішінде аймақ­тарда, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің алқасы аясында және Мәжілісте талқыланғанын атап өтті. Дегенмен, жыл соңына дейін оны мүдделі тараптармен тағы да талқылап, бекітуге уақыт бар.

«Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды назарға ала отырып, бағдарлама жобасын мақұлдауды және жыл соңына дейін мем­лекеттік органдармен, әкім­діктермен, бизнес-қоғамдас­тықтармен келісілген соң бекітуге шығаруды ұсынамын. Келесі жылы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек»,  деді Б.Сағынтаев.

Нәтижелі жұмыспен қамту деген не?

Үкімет отырысында талқы­лан­ған тағы бір маңызды мәселе –  Қазақстанда жұмыссыз азаматтар­ды нәтижелі жұмыспен қамту­дың және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың жаңа тетіктерін қарастыру жайы. Бұл ретте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму минис­трі Тамара Дүйсенова бұл бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ адамдарды өнімді жұмысқа тарту екенін атап өтті. Оған қоса, жаппай оқыту және сұра­нысқа ие мамандықтар мен кә­сіпкерлік негіздері бойынша дағ­дыландыру, жаппай кәсіпкер­лікке жағдай жасау, еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ұтқырлығын қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту қарастырылуда.

«Жаңа бағдарлама 15 пен 45 жас аралығындағы айына 60 мың теңгеден төмен табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектеседі. Қолдау шараларымен 550 мыңға жуық адам қамтылады деп күтілуде, олардың 84 пайызы ауыл тұрғындары», деді Т.Дүйсенова.

Мамандардың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту, бұл – еңбеккерлерге табыс әкелетін шынайы, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін жұмыс түрі.

Ауылға несие не үшін беріледі?

Т.Дүйсенованың айтуын­ша, ауылдағы кәсіпкерлік қыз­мет­тің көкжиегі ендігі кезде жұ­мыс­сыздар мен өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар есебінен айтар­лықтай ұлғаятын болады. Өйткені, ауыл тұрғындары үшін несиелер сомасын өтеу мерзімін 7 жылға дейін және несиенің жылдық мөлшерлемесін 6 пайыз деңгейінде сақтай отырып, 16 млн теңгеге дейін арттыру қарастырылуда. Несиелердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған тағы бір жаңа шара – 1,5 млн теңгеге дейінгі сомадағы несиені кепілсіз беру болып отыр.

Қазіргі таңда түрлі бағдар­ла­ма­ларда қолданылып жүрген шағын несиелендірудің барлық түрлері мен құралдарын біріктіру, ауылдарда да, қалаларда да шағын несие беру мәселелері қарастырылуда. Ауылдағы негізгі міндет өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар үшін шағын несиелендірудің қолжетімділігін арттыру. Бұл жеке кәсіпті ашуға немесе кеңейтуге, кооперативтер құруға не болмаса кәсіпкерлікке қажетті инфрақұрылымды жетіл­діруге мүмкіндік береді.

Қарызды қайдан алуға болады?

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қалаларда кәсіпкерлік қызметті шағын несиелендіруді енгізу, сонымен қатар, мемлекет тарапынан қалаларда жобаларын жоспарлаған немесе іске асырып жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар үшін шағын несиелендіруді кепілдендіру қарастырылған.

Жыл сайын кем дегенде 20 пайыз стартап жобаларды жүзеге асыруға 2 500-ден астам несие беру көзделген. Шағын несиелер жаңа шағын кәсіпорындарды ашу­ға және қолданыстағы бизнесті кеңей­туге берілетін болады. Опера­торы «Даму» КДҚ» АҚ болмақ. Шағын несиелерді тікелей беру екін­ші деңгейлі банктер немесе ша­ғын қаржы ұйымдары арқылы жүргізілетін болады.

Тұрақты жұмысқа көңіл бөлінеді

Бұл мәселені талқылауды қоры­тын­дылаған Премьер-Ми­нистр Ба­қытжан Сағынтаев әзір­ленген бағдарлама аясында енді жұ­мыссыз азаматтармен жұмыс істеу сипаты өзгеретінін атап өтті.

«Егер біз бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына көңіл бөлсек, енді оқыту арқылы тек қана тұрақты жұмыс орындарына көңіл бөлінеді. Ең бастысы, адамдарға өз істерін ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береміз. Жауапты органдар анықталды, өкілеттіліктер бе­рілді, олардың арасында жергі­лікті атқарушы органдар бар», деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министр осы бағ­дар­лама бойынша барлық әзірлік жұмыстарын аяқтап, оны 15 жел­тоқсанға дейін Үкіметке бекі­туге ұсынуды тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары