$ 439.43  473.31  4.82

Тәуелсіздік декларациясы – тағылым алар тарихымыз

Қазақстан халқы биыл тіршілік­тің қай сала­сын­да болсын айрық­­ша сер­піліс үстінде. Өз тәуелсізді­гін еселенген құлшыныс­пен тұғыр­­ландырып, жаһан жүзін­­дегі үлгі тұтар мем­лекетке айналуы Қазақ елінің биік мұраттар жете­гінде екен­дігін ай­ғақ­­тайды. Мені ерекше қуан­­татыны, халқы­мыз­дың бейбіт және алаңсыз өмірін қамтамасыз ету мәселе­сінің үнемі бірінші кезекке қойылып келе жатқандығы. Бұл күні кеше қабылдан­ған Тәуел­сіздік Декла­рация­сын­да орынды атап көрсетілді.

Декларацияның өн бойынан Қазақ­стан­ның әлем тыныштығына бағыт­талған 25 жылдық қызметі көрініс тауып отыр. Бұл жөнінде қазақстандық үлгінің баламасы жоқ екендігі де айқын. «Қазақстан ядролық қауіпсіздік рей­тингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Назарбаев Қазақ­станды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді.1991 жыл­ғы 29 тамызда Елбасы Семей ядро­лық полигонын жапты. Қазақстан Прези­денті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясат­кер ретінде танылды», деген сөз­дер Декларацияның тарихи маңызын арттыра түседі.

Аталған құжаттың Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығы қарсаңында қабылдануы алаңсыз тіршілігіміздің баяндылығына сенім қалыптастырады. Өйткені, біз келер күндерден жақ­сылық күткен, сол үшін аянбай еңбек етіп, үлгілі күрес жүргізіп отырған халықпыз. Бірақ, уа­қыт ағымы, жаһандық текетірес асыл ойлардың арнасын жойқын толқын­дармен тербетіп тұрғаны да мәлім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бар­­ша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ын­ты­­мақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елестің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқы­мын ескермеуге болмайды», деп ашық айтуы сондықтан. Мұның астарынан жой­қын зардаптарды байқауға болады. Миллиондаған босқын­дар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрі­ніске айналуда. Экономикалық санк­циялар мен сауда-саттық майданы да қалып­ты құбылыс болып отыр. Жау­гер­шілік пиғыл бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Бұған ешқашан жол беруге болмайды және мұнда Қазақстанның белсенділік рөлі арта түспек.

Қарапайым халық, оның ішінде дәрігер ретінде біздің де теледидардың күнделікті хабарларынан жанымыз түр­шігетін жағдайға жеттік. Мұны мұсыл­ман әлемімен тікелей бай­ла­ныс­тыратындар да жетер­лік. Бұл пиғылдың мүл­дем теріс екендігін, оны өз пайдасына жарату­дың жақсылыққа алып кел­мейтіндігін Елба­сы­мыз­дың биік мін­бер­лі сөздері­нен, Тәуелсіз­дігі­міздің 25 жыл­ды­ғына арналған Дек­ла­рация жол­дарынан байқап отыр­мыз. Біз бұған күмәнсіз қосы­лып, қолдау білдіреміз.

Бұл ретте, Деклара­ция­да «Қазақстан өңірлік және жаһан­­дық процестердің белсенді қатысу­шысы бола отырып, халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекет­тік бағ­дарламасын жүзеге асыру Қазақ­станның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды» деп жазылуы мерейімізді өсіреді.

Жалпы, әлемдік деңгейдегі игі келі­сімдердің, ынтымақты түсіністіктің арқасында бүгінгі жетістіктерге қол жеткізіп отырғанымызды ұмытуға болмайды. Елбасының сөзіне сүйеніп айтсақ: «ХХ ғасырдың екінші жарты­сында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсенал­дары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сы­нау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіп­сіз­­дік­тің өңірлік жүйесін құру үде­рісі жеделдеді». Сонымен қатар, Елбасы­мыздың бұл күрестің оңай болмаға­нын «эрозия» деген медициналық термин­мен байланыстырғанын есте сақтауымыз керек.

Мен көпжылдық еңбек өтілі бар дәрігер болғандықтан «эрозия» дейтін кеселді емдеуге болатынына сенемін. Оның жолдарын біздің Президенті­міз халықаралық беделімен айқын­дап көрсетіп те берді. Яғни, адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқым­ды бағдарлама қажет екендігі талас тудырмайды.

Осынау қарапайым да түсінікті қағи­дат­тың тармақтары Тәуелсіздік Дек­­­ларациясында тарата айтылды. Мұны, Қазақстан халқы ғана емес, алып державалардың басшылары, халық­аралық беделді ұйымдардың жетек­ші­лері, танымал саясаткерлердің қолдап отырғанына қуаныштымыз. Біз жүзі жарқын халықпыз. Сондықтан, жақ­сы ойлардың жетегінде бола бермекпіз.

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
ардагер дәрігер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы
Ақмола облысы

Білім саласындағы биіктеріміз бір төбе

Парламент палаталары­ның бірлескен отырсында қабылданған Декларацияда тәуелсіздік жылдарын­да еліміз­дің білім беру сала­сында жеткен жетістік­тері сараланып көрсетілген. Осы уақыт аралығында егемен еліміз әлемдік білім беру кеңістігінің бел орта­сы­нан орын алды десек, артық айтқан­дық емес. Ал бұл тек айтуға ғана жеңіл дер едік. Мұндай биікке жету үшін ең алды­мен оған қажетті жағдайлар мен алғы­шарт­тар жасалуы керек болатын. Солай болды да. Сапалы білім беру көкжиегі одан әрі көтеріле түсті. Оны қалып­тастырудың шешімі мен кілті табылды. Осы арқылы отандық білім беру жүйесі жаңа жаңғыртылған саты­ға көтерілді. Осы жетістіктердің бәрі тәуел­сіздік жылдарының үлесіне тиеді.

Тәуелсіздік Декларациясында мем­ле­кеттік саясаттың басым бағыт­тарының біріне айналған білім беру ісіндегі жетістіктеріміз­дің кең ауқымда көрініс табуы осы саланың басы-қасын­да жүрген әріптестерімізді бір серпілтіп тастады. Ашы­ғын айтқанда, еліміз­дегі орта, арнаулы және жо­ға­ры білім беру желісі тәуел­­сіз­дік тұсында түбе­гейлі өзге­рістерге тап бол­ды. Осы орайда тәуел­сіздік­тің тағы бір же­мі­сі Елба­сы­­мыз­дың тіке­лей бас­та­­масы­мен құрыл­ған дарын­ды бала­ларға ар­нал­ған лицей, гим­­назия және маман­дан­ды­рылған мек­тептер жүйе­­сі деуге бо­ла­ды. Осы арқылы тұлға қа­лып­тастыру ісіндегі алғашқы қадам­дар­ды мектептерден бастауға жол ашылды.

Тәуелсіздік жылдарында кеңестік дәуірде тоқырау жылдары деп айдар тағылған тұста бәсі мен мәртебесі түсіп кет­кен отандық ғылым жүйесін жетіл­діру­ге кең мүмкіндіктер туғы­зылды. Бір сөзбен айт­қанда, ғылым елдегі әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жаңғырту­ларға өз үлесін қосуы тиіс. Ғылыми ізденістер мен жа­ңа­лықтар өн­ді­рісті өркендетудің бір тетігі мен тұт­қасына айнала алмаса – мұн­дай ғылым­ның құны көк тиын. Дегенмен, Мем­лекет бас­шысының отан­дық ғылымды қол­дау жөніндегі Үкімет басшысына берген жауап­ты тап­сыр­масы арқасында бүгін­де ғылым деңгейі кеңейіп келеді. Өз кезегінде соң­ғы уақытта ғалымдарымыз ашқан ғы­лы­ми жаңалықтар өндіріс тиімділігін көтеру­ге жол аша алғанының өзі бір мәртебе.

Әлемдік адами даму нормаларында ересек адам­дардың сауаттылық деңгейі, адам деңгейі индексі және зият­кер ұлтты қалыптастыру деген ұғым­дар бар. Егер осы өлшемдерді көтеруге және оны тұрақты түрде қалыптас­тыру­­ға жағдайлар туғызылмаса, бұлар еш уақыт­та өркениетті елдер мен мем­лекет­­тер­дің қатарына қосыла алмайды. Әрі еш­қандай бәсекеге де төтеп бере алмай­ды. Бұл арада айтайын дегенім, Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына арналған Деклара­цияда бұл көрсеткіштер бойынша Қазақ­стан­ның әлемдік тізімнің алғашқы үштігі­не кіретіні көрсетілген. Біз осындай жетістік­теріміздің қадір-қасиетіне терең бойлап, оны бағалай алып жүрміз бе? Мәселенің бір мәнісі осында болса керек.

Сондай-ақ, Президенттің тікелей қолдауы арқасында «Болашақ» бағдар­ламасымен «Назарбаев Универ­ситет», Назарбаев зияткерлік мектептері секілді ерекше сипаттағы оқу орындары желісі құрылғаны – бөлек бір әңгіменің еншісі. Бүгінде осы озық әлемдік жүйелер бойынша білім алған дарынды ұл-қыздарымыз ел игілігіне өз қайтарымын бере бастағаны да үлкен мерей. Ал республикадағы универ­ситеттік білім беру мәселесі жөнінде айтсақ, бұл деңгей тек ел ордасы Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, сонымен бірге, ел ай­мақ­тарында да өсе бастады. Бұған ешкім талас туғы­за алмайды. Соның ішінде аймақтық жоғары оқу орын­дарында оқыту үдерісі нарық сұраныс­тарын ескере отырып жүргізілуі – бүгінгі талаптарды терең зерттеу тұрғысынан бастау алып жүргеніне куәміз.

Түйіп айтқанда, Тәуелсіздік Деклара­циясында көрсетілген еліміздің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері алдағы уақытта өзінің өрісін одан әрі кеңейте түсетініне сенім мол.

Ақсерік ӘЙТІМОВ,
Қазақстанның инновациялық және
телекоммуникациялық жүйелер
университетінің ректоры
ОРАЛ

Өркенді елге өріс кең

Арқаның төрінен бой көтерген, ажарына айбыны сай, бұл күндері әлем көз тіккен ару Астананың кімнің ұсынысымен өмірге келгенін, іргетасы қалай қаланғанын халқымыз айна-қатесіз біліп отыр. Әлемдік саясат құбылып тұрған алмағайып заманда Қазақ елінің қан тамырлары тоғысқан жүрегі іспетті бас шаһарымызды байтағымыздың кіндігінен, стратегиялық маңызды орыннан тұрғызу идея­сын батыл көтерген – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, тұғырлы саясаткер, көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін парасатты халықтың әлде­қашан пайымдағаны да қапысыз шындық.

Ең бастысы, Президентіміздің ел астанасын Алматыдан көшіру туралы идеясының стратегиялық тұрғыда дұрыстығын билік басындағылардан бастап, жалпы зиялы қауымның дені түсінді. Алайда, олар өтпелі кезеңнің дауылы өтінде шатқаяқтап тұрған экономикамыздың дәрмені қалай жетпек деп күмәнмен қарады. Бұл идеяның дұрыстығын мүлдем түсінбеген әлдекімдер ертегіге балап, даңғазалыққа санап, миығынан күліп жүрді. Ондайлар өз ойларының тым ұшқарылық болғанын арада бес-алты жыл өтпей-ақ болашақ Астананың күрделі құрылыс нысандарының көкке өрлей бастағанын өз көздерімен көргенде ғана біліп, ұлы идеяға еріксіз мойынұсынды.

Ал экономикалық қарымымызға, әлеуетімізге сенбегендердің күмәні бір жағынан орынды еді. Алайда, «Патшада жүз кісінің ақылы бар» дегендей, білімділік, ақылдылық, мейірбандық, батылдық сияқты сан қасиет бір басынан табылатын Елбасының өз-өзіне сенімділік қасиеті бәрінен де басым түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев тек келбетті Астана ғана тұрғызған жоқ, Тәуелсіздіктің 25 жылы Декларациясында атап көр­сеткеніндей,  еліміздің бүкіл өркенін алға сүйреді. Қазақ елін небәрі 25 жылда 200 жылдық өркен биігіне көтерді. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жетеледі. 90-жылдары Кеңес Одағы ыдырап, бізбен бірдей тәуел­сіздікке қол жеткізген өзге респуб­лика­лар ұлтаралық қатынасты реттей ал­май жатқанда, біздің еліміздің 130 ұлтын «бір атаның баласындай, бір қол­дың саласындай» ынтымақ-бірлікте ұс­тап, ТМД елдерінде ғана емес, әлем халық­тарына үлгі көрсете білуінің өзі Н.Назарбаевтың кемел саясаткерлігінің арқасы еді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ғана емес, әлемдік саясатта орны бөлек тұлға екені халықаралық деңгейде мойындалды. Әлемді алтыбақан алауыздық жайлаған бүгінгі таңда бүлінген елдерге әркез араағайын бола білу арқылы да зор беделге ие болып келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге араағайындық жасап, салиқалы саясаткер екенін әлемге танытқан еді. Содан бергі 24 жыл ішінде халықаралық талай бітіспес дауды шешуге мәмілегерлік жасап, әлем бейбітшілігін бекемдеу ісінің бел ортасынан көрініп жүр.

Ынтымақ, береке атты болашағы зор ұлы да ұлағатты істі Елбасымыз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген ал­ғашқы күннен бастап ту етіп көтерді. Құдайы қолдаған, бұрын­нан береке-бірлігі жарасқан көпұлтты республика халқын Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы астына берік топтастыра білді. Бұл ретте осы саясаттың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы өз жемісін берді. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Парламенттен 9 орын берілуі елімізде жасап жатқан әр ұлт өкілдерінің мемлекет билігіне өз өкілдіктерін қатыстыру арқылы тең құқық иеленіп отыр.

Елбасымыз Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігін нығайтудың сыртында қазақ ұлты мәселесін де өз орнына қоя білді. Осы өлкенің байырғы иесі қазақ деген халықтың мыңдаған жылғы тарихы, мәдениеті барын таныту арқылы үш ғасырлық бодандық заманда көмескі тартқан ұлттық санамызды жаңғыртып, ұлттық рухымызды асқақтатты. «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасы ауқымында ұмыт болған салт-сана, ұлт­тық құндылықтарымыз қалпына келді. Ұлт тілін мем­лекеттік тіл дәрежесіне көтерді. Қазақ үнін алғаш рет мұхиттың арғы бетінен естіртті. Ал тағдыр тәлке­гімен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды тәуелсіздіктің елең-алаңында қара­шаңырақтарына шақырып, бауырмалдық танытты. Нәтижесінде, алыс-жақын шетелдерден 1 миллион ағайынымыз атажұртымен қауышты.

Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
Астана

Жасампаздық жолы

«Толған ел – толықсыған көл» дейді. 25 жыл – тарих өлшемі үшін аз ғана уақыт. Ал Тәуелсіздік алған ел үшін әр секунд – сын сәті. Міне, осы сынға толы ширек ғасырда төрт құбыламыз түгенделді. Шекарамызды делимитациялап, демаркацияладық. Іргеміз бүтінделді. Алыс-жақын шетелдермен терезесі тең ел ретінде сөйлестік, байланыс орнаттық. Барыс-келіс көбейді. Интеграциялық игіліктер игерілді. Шетел инвестициясы келді. Халықаралық беделді ұйымдарға мүше болдық. Үніміз күллі тарапқа жетті. Үндеу жарияладық. Ажал апанына айналған Семей сынақ полигонын жауып, халықаралық қоғамдастықты атомды бейбіт мақсатта игеруге, ядролық қарудан бас тартуға шақырдық. Ядролық жойқын арсеналдан бас тартқан Қазақстанды төрткүл дүние ізгі, бейбіт ел ретінде таныды. 25 жылдағы бейбітшілік саясатын нық ұстанған елімізге деген сенімнің көрінісі болар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайландық. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жас мемлекеттің жауапкершілігіне жүктелуі де еліміздің еңсерген жетістіктерінің еншісі болып табылады.

Осы сияқты 25 жылдық межеде қол жеткізген игіліктер мен жетістіктердің барлығының бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Мемлекет басшысының жаңа тұрпатты, мығым мемлекет құрудағы рөлі мен өлшеусіз еңбегінің Тәуелсіздік Декларациясында айтылуы заңдылық. Бұл өткенімізге шолу, бүгінімізге тиянақ, ертеңімізге жігер берген құжат болды.

Тәуелсіз Қазақстанда тәуелсіздік құнды­лықтары қалыптасты. Бұл – ұлтымыздың денсаулығы, білімі һәм әлеуеті. Аталған салаларда жоғары жетіс­тіктер­ге жету үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді. Тұңғыш Прези­дентіміздің әлемнің түкпір-түкпіріне жасаған мемлекет­тік сапарларының нәтижесінде біз дүние жүзінің жақсылық­тарын көрдік, көңілге тоқыдық, даму­дың қазақстандық моделін қалып­тастыруға ұмтылдық және бұл әрекетіміз белгілі дәрежеде нәтижесін берді. Айталық, елімізде зияткер ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік беретін мектептер мен университеттер ашылды. «Болашақ» бағдарламасы жаһанның жауһар білімімен сусындауға жолдама берді. Мұндай мүмкіндік әлемнің дамыған елдерінің өзінде беріле бермейді. Сол сияқты заманауи медициналық орталықтар бой көтеріп, дәрігерлеріміз шетелдегі денсаулық сақтау орталықтарымен қарым-қатынас орнатты. Ұлт саулығын ұлғайтуға арналған ресурстар мен әлеуметтік жобалар кеңінен қанат жайды.

Тәуелсіздік Декларациясының Парла­менттің қос палатасының бірлескен отырысында қабылдануы да Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы мемлекетіміздің бүгінгі мәртебесін қалың халыққа жеткізу үдесінен табылды. Қазақ халқы «Талқы – елге пайда, тамшы – жерге пайда» дейді. Сондықтан, Тәуелсіздік Декларациясы – қазақстандықтардың халықшыл, мемлекетшіл ретіндегі рухы мен жігерін жани түсетін өзекті құжат деуге болады.

Зумрад ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы
Шығыс Қазақстан облысы

Тәуелсіздік шежіресі

Парламент палата­лары­­н­ың бірлескен оты­ры­­сын­да қабылданған Қазақ­стан Республикасы Тəуел­сіз­дігінің 25 жылдығына арнал­ған Декларациясы бү­гінгі күннің серпіліс беретін оқиғасына айналды. Бұл «Тәуел­сіздік алған 25 жыл біз­­дің елімізге, маған не бер­ді?» деген әр қазақ­стан­дық­­тың көкейін­дегі сауалға нақты, тұщым­ды жауап дер едім. Міне, Тәуелсіздік алған уақыттан бергі 25 жылда тұтас бір ұрпақ дүниеге келді. Олар қазір жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандық иесі атанып, елге қызмет етіп жүр. Олар қызыл империяның құрсауында қалып, тіліміз бен дініміз аяқасты болған, жеріміздің асты-үстіндегі байлық Мәскеу жаққа шикізат болып артылатын уақытты көрген жоқ. Тәуелсіздік жылдары ана тілі­міз өрістеді, имандылыққа бет бұрдық, ақтаң­дақтарға толы тарихымызды жаңа көзқараспен қайта қарадық. Қысқасы, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Осы­ның барлығы да Декларацияда Тәуелсіздік жылдарының шежіресіндей баяндалған.

Тәуелсіздік қолға тигенмен Қазақстан бүгінгідей төрткүл дүниеге бірден таныла қалған жоқ. Еліміз қиындықтармен бетпе-бет келді. Мемлекеттің саяси жолын, ұста­ны­­мын таңдау өте күш жігерді қажет етті, со­нымен қатар, экономи­калық форма­ция өз­­ге­ріп, жоспарлы экономиканың орны­на нарық келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындар­лы саясаты елді алды­­мен осын­­дай тығы­рық­тан алып шық­ты. Са­яси аре­наға шыққанына 25 жыл ғана болған Қазақ­­стан қазір бүкіл дүние жүзіне танымал, ірі державалар санасатын елге айналды.

Декларациядан Қазақстанның 25 жылда жүріп өткен жолын көреміз. Оның барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы екені ақиқат. Елбасы бірыңғай саясатқа ғана мән берген жоқ, ол «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымда болды. Сондықтан елдің өндірісін дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қаншама бағдарлама жүзеге асырылды. Жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында алдағы атқарылар істерді халық біліп отырды. Қазақ­станның әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипат­тағы стратегиялық құжат болып табылады. Қазақстан бүгінде осы Стратегияда айтылған жолдан адасқан жоқ. Экономика серпінді даму үстінде. Тек шикізатқа артылмай, өңдеу өнеркәсібіне маңыз берілді. Мысалы, бұрын машина жасау өнеркәсібі Қазақ­стан үшін қол жет­пес­тей көрінетін. Қазір өзіміз тұратын Қостанай­да шетелдік бренд автомо­биль­дер шығарылып жатыр. Елімізде мыңдаған жұмыс орны ашылды.

Қазақстан сырт елдерге тек қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен ғана бейбітшілікті жақ­тай­тын байыпты саясаты­мен де танымал болды. Тәуел­сіз­­­діктің елең-алаңында-ақ Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық по­ли­­го­нын жапты. «Қазақ­стан Пре­зи­денті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адам­­з­аттың тағдыры үшін өзіне жауап­кер­ші­лік ала отырып, әлемдік деңгей­дегі сая­сат­кер ретінде танылды» деп  көр­сетіл­­ген Дек­ларацияда. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

Декларацияда еліміз үшін Елбасының тынымсыз еңбегімен, қажырлылығымен атқарылған өте маңызды іс атап көрсетіл­ген. Ол әлемде жер аумағы жөні­нен тоғызын­шы орын алатын Қазақ­стан Респуб­ли­касының шекарасын делимита­циялау мен демаркациялауы болатын. Бұл Мемлекет басшысының сөзсіз тарихи жетістігі деп айтуымыз керек. Қазақстан бүгінде өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысына айналған. Көптеген беделді саяси және экономикалық ұйымдарға мүше болды. Биыл Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл біздің еліміздің ғана емес, Елбасының да халықаралық беделін көрсетсе керек.

Декларацияда «Халықаралық қоғам­дас­тық Қазақстанның халықаралық қатынас­тарды дамытудағы үлесін лайық­ты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесін өткізуді сеніп тапсыр­ды» деп атап көрсетілген. Бұл Қазақ­станның қарқынды дамуының бір көрінісі екенін байқатады. Келер жылы елімізге миллиондаған туристер келеді деп күтіп отырмыз, халықаралық көрмені өткізуге қарқынды дайындық жүріп жатыр. Ал Елбасының тікелей перзенті іспеттес Астана қаласы туралы сөз өз алдына!

Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында осындай толағай табыстарға жеткен еліміз «Мәңгілік Ел» идеясымен алға баса бермек.

Еркін ӘБІЛ,
Қостанай мемлекеттік педагогика
институтының ректоры, тарих
ғылымдарының докторы, профессор

Табысымыз таси берсін

Парламенттің бірлес­кен отырысында қабылдан­ған Декларацияның маз­­мұны­мен танысқанда, Тәуел­сіздіктің жемісін көріп отыр­­ғанымызды ой елегі­нен өткіздім. Шын мәнінде Кеңес Одағының боданында болған кезде көрмеген игіліктерге қазір қолымыз жетті. Қазір ұлан-байтақ еліміздің әр өңірінде мақ­таныш­пен айтатындай жасампаз істердің нақты куәсі болып келеміз. Мұның жар­қын мысалын өзім ұзақ уақыт қызмет жасап, ұрпағымды өрбіткен Индер ауданының аумағынан келтіре аламын.

Біздің ауданымыз Жайық өзенінің қос жағалауын жағалай қоныстанған. Төрт түлік мал да өсіріледі, көкөніс, бақша дақылдары да егіледі. Ауданның аумағында борат, гипс, тұз секілді табиғи байлықтар да жеткілікті. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жазда малдың қиымен, қыста көмірмен үйімізді жылытушы едік. Ауылдардан аудан орталығына, Атырауға қатынайтын жолымыз шұрқ тесік болып жататын. Біздің ауданның тұрғындары орталықтандырылған ауруханасыз өмір сүрді. Іргеміздегі борат, гипс, тұз секілді табиғи байлықтар игерілмеді.

Енді қазір бәрі басқаша, бүгінгі өміріміз де, тұрмысымыз да жақсарды. Әрине, кім игілікке қол жеткізгісі келмейді? Еліміз тәуелсіздік алған тұста тұрмысымыз жақ­­са­рар, табиғи байлықты кәдемізге жара­тар деген үкілі үміттің жетегінде бол­дық. Үміті­міз алдамады. Елбасының тапсыр­масы­мен Жайық өзенінің қос жағалауын бойлай Атыраудан Индер ауданына дейін тақтайдай тегіс екі күре жол салынды. Ауданның орталығында аурухана да, емхана да пайдалануға берілді. Қазір әр ауылға, әр үйге табиғи газ желісі тартылып, күл шығ­арып, от жағуды әбден дағдысына ай­нал­дырған әйелдер ауыртпалықтан арыл­ды. Жайық өзенінің үстінен көпір салынып, аудан тұрғындарының қатынасы жеңілдеді.

Дәл қазір ауданымызда жаңадан 10 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нақтылай айтқанда, 3 мәдениет үйі, 3 жалпы білім беретін орта мектеп, 1 балабақша, 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үй, 1 саз мектебі және бір ФАП-тың жақын арада пайдалануға берілетіндігін бұрын-соңды ауданымызда болмаған жаңалық екенін жария еткім келеді. Бұл – еліміздің қаржылық, әлеуметтік-эконо­­микалық тұрғыдан өркен­дегені­нің белгісі, тәуел­сіздіктің игілігі мен же­мі­сін әр өңір, әр аудан, әр ауыл тұрғын­дары көріп отырғанының жарқын мысалы.

Осындай жасампаз істердің ел ішінде көптеп атқарылуы әсіресе, жас ұрпақтың отаншылдық, елжандылық рухын оятқаны даусыз. Сол себептен, Декларацияда айтылған жемісті жетістіктерімізді әр ортада – ұжымдарда, оқу орындарында кеңінен таныстыру қажет-ау деп ойлаймын. Тіпті, студенттер мен мектеп оқушыларының арасында «Тәуелсіздік жетістіктері» деген тақырыпта арнайы сабақтар өткізсе де артық болмас еді. Өйткені, келешек ұрпақты мектеп жасынан отаншылдыққа, елді сүюге, Тәуелсіздікті қадірлей білуге үндеу мен үйретудің орайы келіп тұр. Оның үстіне мектеп оқулықтарында Тәуелсіздік тарихы әлі толық қамтылып болған жоқ.

Жалпы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы­на арналған Декларацияның әр қазақстан­дықтың елжандылық рухын биіктететін маңызы мен мәнін, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ Елін әлемдік көшбасшы мемлекетке айналдыру мақсатындағы өлшеусіз әрі жасампаз еңбегінің жемісті де жеңісті жалғасып келе жатқанын тереңірек ұғынуымыз қажет.

"Егемен Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары