$ 445.66  474.58  4.78

Маңғыстауда мақтауға лайық істер мол

Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ХХV есеп беру-сайлау конференциясында айтылды деп жазады "Айқын".

Конференция жұмысына аймақ басшысы Алик Айдарбаев бастаған, партия ардагерлері, партия облыстық филиалы Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыс әкімдігінің басқармалары мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, барлық саяси партиялардың, этно-мәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қостаған барлығы 400 делегат қатысты. Сондай-ақ алқалы жиынға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев та арнайы қатысып, облыста жасалған жұмыстарға оң бағасын берді. 

Алдымен «Нұр Отан» партиясы Маң­ғыстау облыстық филиалының төра­ғасы, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев облыстың эко­но­ми­ка­лық-әлеуметтік дамуының бірқатар маңыз­ды салалары жөнінде баяндады. Со­нымен қатар қарашада республика Пар­ламенті қа­был­даған Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына ар­налған дек­­ларация туралы пікірін білдіріп, бұл мем­лекеттік маңызы зор тарихи құжатта көр­­се­тілгендей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуел­сіздік жылдарын­да­ғы орасан зор еңбегін атап өтті.

Облыс басшысы Алик Айдарбаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның аясында, биыл жобалық құны – 9,6 млрд теңге болатын Бор­жақты – Ер­сай темір жол желісінің құрылысы аяқ­­талғанын, Құрық паром кешенінің бірін­ші ке­зеңінің ағымдағы жылдың жел­тоқсан айында, «Шетпе – Жетібай – Ақтау» автомобиль жолын ре­конст-ру­к­ция­лау жұмыстарының келесі жылы аяқ­­талатындығын хабарлады.

– Аймақта табиғи газ өндірісі 16,4%-ға өсіп, өңі­рімізде 2,1 млрд текше метр газ өндірілген. Өң­деу өнеркәсібі де тұ­рақты дамуда, өсу дина­микасы 17,6% не­месе 92,9 млрд теңгені құраған. Биыл­ғы жылы құны 88,6 млрд теңгені құрай­тын, жаңадан 628 жұмыс орны құры­латын 10 инвес­тициялық жобаны іске асыру жоспарланған бо­латын. Бүгінгі күні 4 жоба жүзеге асып, пай­да­лануға берілген. Жыл соңына дейін қалған жо­балар да іске қосылады деп күтілуде.

– Ауыл шаруашылығының жалпы өні­мі 7 млрд теңгені, ал нақты көр­сет­кіш­тер индексі (НКИ) 87,7% құрады. Құ­рылыс жұмыстарының көлемі алдың­ғы жылмен салыстырғанда 92,3% бо­лып, 118,3 млрд теңгені құрады. Об­лы­сы­мызда әсі­ресе, тұрғын үй құрылысы қар­қынмен жүріп жатқанын баршаңыз бі­лесіздер. Жыл басынан бері пай­да­лану­ға берілген тұрғын үй көлемі 7%-ға өсіп, оның жалпы ауданы 490 мың шар­шы метрді құрады. Шағын және орта биз­нес су­бъек­тілерінің саны 48,4 мың бір­лікті құрады. Екінші дең­гейдегі банк­тер шағын бизнес субъектілеріне 12,8 млрд теңге көлемінде кредиттік ресурс­тар берді, бұл – өткен жылдың осындай кезеңімен са­лыстырғанда 1,9 есеге көп. Жыл басынан бері «Биз­нестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы аясында біз­дің кәсіпкерлеріміздің жалпы көлемі 4 млрд 400 млн теңге болатын 129 жоба мақұл­данды. Нәтижесінде 1398 жұмыс орны сақталып, облыс бойынша 266 жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді өңір басшысы.

Облысымызда соңғы жылдары кө­лік­тік-инф­рақұрылымдық даму бағы­тын­да жасалып жат­қан жұмыстар да жет­кілікті. «Шетпе – Жеті­бай – Ақтау» авто­мобиль жолын рекон­струкция­лау бойынша қарқынды жұмыстар жүр­гізілу­де. Аталған жоба келесі жылы то­лық­тай аяқталмақ. 

– Облысымызда 22 мыңнан астам жұ­мыс ор­ны құрылды. Жаңа жұмыс орын­дарын ашу, тұр­ғындарды маман­дықтар бойынша оқыту, қай­та даярлау арқылы жалпы жұмыссыздар санын азайту мақсатында көптеген жұмыстар ат­­қа­рылуда, – деген облыс әкімі А.Ай­дар­баев, ден­саулық сақтау саласын қар­жыландыруға осы жылы 20,6 млрд тең­ге бөлінгенін, Ақтау қала­сында 150 орын­дық Ана мен баланы қорғау ор­та­лығының құрылысы аяқталғанын атап өтті. 

Сондай-ақ жиында «Нұр Отан» пар­тиясы Маң­ғыстау облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Х­а­лила Нұрғалиева «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті мерзімде атқарған жұ­мысы туралы баяндама жасады. Партия ай­мақ­тық және аумақтық филиалдары­ның қыз­меті пар­тияның және Елбасы, партия Төрағасы бе­кіт­кен «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Ж­а­сампаз­дық» сайлауалды бағдарламасының не­­гізінде жүзеге асырылып жатқанды­ғын айтты.

«Биылғы жылы «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағ­дарламасы аясында Маң­ғыс­тау облысына 20 жо­баны іске асы­ру­ға 44 млрд теңге бөлініп, 9 ай­дың қорытындысы бойынша оның 62% иге­ріл­генін, жыл аяғына дейін 100 пайызға игеру жос­парланғанын жеткізді. 

– Бұл ретте партия филиалдары «Нұрлы жол» мен басқа да мемлекеттік бағдарламаларға пар­тиялық мониторинг жүргізіп, бөлінген қаражат­тың мақсатқа сай тиімді жұмсалуын бақылауға ал­ды, – деді Х.Нұрғалиева.

Халила Нұрғалиева әсіресе, пар­тия­ның қо­ғам­дық қабылдауында мәселе кө­теріліп, «Ней­рон» медициналық ор­та­лығының базасында мүмкіндігі шек­теулі балаларға стационарлық, амбу­ла­ториялық және хирургиялық көмек көр­сету бөлімі ашылғандығын, бұрын осын­дай ем үшін Астана қаласындағы оңалту орталығына облыстан айына 15 ба­лаға ғана квота берілсе, «Ней­рон» ба­засында ай сайын 150 бала ем алуға қол жеткізгендігін атап өтті.

– Сонымен қатар Ақтау қаласының тұр­ғыны А.Дүйсенбаева дәрігерлердің қа­телігінен мү­гедек болып қалған бала­сына көмек сұрап арызданған. 10 млн-ға жуық қаржылай көмек жинап Мәс­кеу­ге, Оңтүстік Кореяға емге апаруға мүмкін­дік жа­салды, – деді Халила Нұрғалиева.

«Кедергісіз келешек» жобасы ая­сында жыл ба­сынан бері 75 қабылдау өт­кізіліп, оның 44 өтіні­ші оң шешімін тап­қан. Қалған 19 мүмкіндігі шек­теулі аза­маттарға заң түрінде жауап берілген. Облыс көлемінде бос жұмыс орындары­ның жәр­меңкелері өткізіліп, бүгінге дейін 209 мүмкіндігі шектеулі жандар жұ­мысқа орналасқан. Өткен жылы қо­ғам­дық қабылдау бөлімдеріне 3246 өті­ніш келіп түскен болса, биылғы 10 ай ішін­де 2510 адам партиядан көмек сұрап қа­былдауға кел­ген. Нәтижесінде жыл басы­нан бері 2019 адам­ның өтініштері оң шешімдерін тауып және қана­ғат­тандырарлық заңгерлік кеңес берілген, 491 арыз бақылауда. Облысымыздың ел­ді мекендерінде көшпелі қоғамдық қа­былдаулар өткізу – жолға қойыл­ған. Есеп­ті кезеңде 13 көшпелі қабылдау өт­кі­зіп, оның ішінде Ақтау – Бейнеу ара­лығына қаты­найтын пойыз үстінде жолаушыларды, жол бойындағы стан­салардың тұрғындары қабыл­дан­ған. 

Облыста атқарылған жұмыстарға оң баға берген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қа­ны­бек Жұмашев қазіргі таңда барлық аймақта екі жылда бір рет ұйымдастырылатын есеп беру-сайлау конференциясын өткізу науқаны жүріп жат­қанын және ол ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына арналғанын атап өтті.

– Біздің партиямыздың діңгегі – бас­тауыш пар­тия ұйымы. Бастауыш партия ұйымдарында 800 мыңнан астам партия мүшелері сайланды. Оның 36,7%-ын әйел азаматтар құрап отыр. Пар­­тияның тағы бір мақсаты – елімізде жүзеге асып жатқан барлық мемлекеттік бағдарлама­лар­ға партиялық бақылауды күшейту. Осы орайда, биыл жыл басы­нан бері партия идеоло­гиялық, әлеу­меттік, экономикалық және жастар, мәселесі бағыттары бойынша 9 жобамен жұмыс жүргізіп келді. Енді жобаны азай­тып, жұмыс ауқымын кеңейту бағы­тында шаралар қолға алы­нуда. Бұл үшін әр жобаның жаңадан концепция­сы жасақталады. Ұлттық құндылықтарды ұлық­тау, тарихты дәріптеу мақсатында партияның «Ұлы дала елі» жобасы «Ұлы дала қазынасы» деп аталатын болады. Бү­гінде жобасы жасақталып жатыр,  2017 жылдың қаңтар айынан бастап жү­зеге асырылады. Облыстардағы идео­ло­гиялық жұмыстар осы жобаның ая­сын­да жүргізілуі керек. Елімізде жас­тар­дың жұмыссыздығы мәселесі өзекті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партия бұл мәселені шешуді биылдан бастап нақты қолға алды. Шынын айту керек, тексеру, зерттеу жұ­мыстарының нәтижесінде бірде-бір мем­лекеттік органда мектеп түлектерінің қайда жүргені, немен ай­налысып жатқаны жөнінде мәліметтер болмай шықты. Үш-төрт айдың ішінде егжей-тегжейлі тексеріс жүргізіп, 51397 ба­ланы тізімге алдық. Олар еш жерде қа­дағалаусыз қалған балалар, бүгінде әр­қайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргі­зілуде. Оларды жұмысқа тұрғызу, оқыту шараларын қолға алатын боламыз, – деді Қаныбек Жұмашев.

Шараның күн тәртібіне сай партия фи­лиалының саяси кеңес бюросы мен ба­қылау-тексеру комиссиясына мүше­лері бекітілді. Мұнан кейін қоғамдық жұ­мыстарға белсене қатысқан партия мү­шелері мен үздік бастауыш партия ұйым­дарының төрағалары марапат­тал­ды. Партия хатшысы Қаныбек Жұмашев «Нұр Отан» партиясы орталық аппара­ты­ның алғысхаттарын тапсырды. Өз кезе­гінде облыс әкімі Алик Айдарбаев жаңа­дан пар­тия қатарына алынған мү­шелерге партия билеттерін табыстап, сай­лауалды бағдар­ла­маны жүзеге асыру­ға елеулі үлес қосқан пар­тия мүшелерін алғыс­хаттарымен мара­паттады.

Жармағанбет АЙТУАРОВ, 
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау аудандық филиалының төрағасы: 

– Қазақстан Республикасы Пар­ламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депут­атта­ры­ның сайлауы өтті. Ғасыр жобасы «100 нақты қадам баршаға ар­нал­ған қазіргі заманғы мемлекет» ат­ты Ұлт жоспары қабылданып, Ел­басы Жолдаулары жария етілді. Бұл төрткүл дүниеге Қа­зақ елінің абырой-беделін көрсетумен қатар, келе­ше­гінің кемел екенін дәйектеді.

Енді міне, жақында ғана Қазақстан Республикасы Пар­ламенті қабылдаған ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жыл­дығы декларациясы осы мерзім ішіндегі заманауи мем­лекет құрған Қазақстан халқының тарихи жетіс­тік­терінің жарқын көріністерін қамтыған,Тәуелсіз Қа­зақстанды құру және қалыптастырудағы Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбектеріне берілген баға және оның қазіргі ұстанып отырған стратегиялық ба­ғытын бүкілхалықтық қолдауын тұжырымдаған ел та­ри­хындағы аса маңызды құжат болып табылады. Бұл құ­жат­ты мыңдаған мүшесі бар «Нұр Отан» партиясы Маң­ғыстау аудандық филиалы да қолдайды!

Айкүміс ДОСАН, 
Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы:

– Әлемдік қауымдастық Қазақ елін оның басшысына қарап та­ниды, басшысының іс-әрекетіне қарай сыйлайды. Құдайға шүкір, еліміздің беделі биік, әлемдік дағдарыстар кезеңінде елдің іші тоқырауға түскен жоқ. Керісінше, барлық салада өрлеу дәуірі басталды. Дүниежүзіне ортақ небір қиындықтардан абыроймен шығып келеміз.

Тәуелсіздік деп толғанып, талай рет тәуекелге бел буған Елбасының еңбегін халық терең түсінді. Дүние­жүзі­лік дағдарысқа қарсы алдын алу шараларын қарас­ты­рып, көрегендік танытты. Еліміз бұрын-соңды бол­маған табысқа қол жеткізді. Болашағы жарқын, келешегі кемел елге айналдық. 

Сондықтан Парламент палаталарының біріккен оты­рысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып қабыл­данған декларация Елбасының ерен еңбегіне берілген баға әрі Тәуелсіздік шежіресі. Бұл ел мүддесін қорғаған қайраткерді алдымен халқы құрметтейтіндігінің куәсі. 

Мәнет ШЫРАҚБАЙ, 
Түпқараған ауданы «жауқазын» балабақшасының директоры, партия мүшесі:

– Тұңғыш Президентіміз, ұлт Көш­басшысы елді ең қиын қай­шы­лықтар мен қым-қуыт қиын­дық­тардан, тығырыққа тіреген тұйықтан шығарды. Жақсылық пен жасампаздықты мақсат етті. Ертеңіміздің бүгіннен жақсы болатынына сенім ұялатты. Бүгінгі Қазақстанның келбеті, жаңа дәуірі – жарқыраған Астанасы, асқақтаған Алматысы, қайта түлеген облыс орта­лықтары, сайрап жатқан жолдары. Мұның барлығы Тәуел­сіздіктің жемісі, Елбасының еңбегі.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дек­ларация мемлекеттік маңызы зор тарихи құжат болып та­былады. Декларацияда еліміздің Тәуелсіздік жыл­да­рында қол жеткізген жетістіктері саралай көрсетіліп, Тәуел­сіздіктің бас сәулетшісі Елбасының ерен еңбек­те­ріне де баға берілген. Бұл болашақ ұрпақ үшін жасалатын жаңа қадам. 

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері:

Алтын ғасырдың айнасы

Декларация ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктеріміздің, то­­лағай табыстарымыздың, асыл армандарымыздың баға­сын берген бағалы құжат. Бұл Парламент үшін ерекше орын алатын маңызды құжат, маңызды шешім, қарапайым халық үшін мәңгілік мұра, тарихымыздың тәбәрігі және болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұра. 

Тәуелсіздік декларациясы – еліміздің ерекше құ­жаты. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті, ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен ты­ғыз байланысты. Ширек ғасырда қол жеткізген басты та­бысымыз Қазақстан Республикасы әлемге әйгілі бол­ды, дүниежүзі мойындады, тағылымы мол тәжірибе жи­нақтадық, Қазақ деген ұлттың рухы мықтылығын дә­лелдедік.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стра­те­гия­лық бағыттары мен берік ұстанымы біздің болашақ ұр­пағымызбен қатар, жер шары халқының тағдыр-та­лайын шешуге ықпал ететін құндылықтар қатарына жа­тады. Айталық, ядролық қаруды таратпау жөнінде бас­тама көтеріп, дүниежүзін бейбітшілікке шақырып отыр­ған бірден-бір тұлға, көреген саясаткер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кірді. 

Мәңгілік ел деп аталатын кең-байтақ Қазақстанда жар­қын келешегімізді жасауға ұмтылған, ұлт пен ұлыс­тардың басын қосып, тату тіршілікті қалыптастырып, бір­лік пен ынтымақты орнатқан ұлт Көшбасшысының ар­қасында заманауи мемлекет құрғанымызды әрдайым мақтан етеміз. 

Жиырма бес жыл ілгерілеу мен орнықты дамудың ке­зеңі болды. Орталық Азия өңірінің көшбасшысы болуы­мыздың өзі ерекше атап өтерлік оқиға. Еліміз «Қа­­зақстан – 2050» стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асы­ра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қо­сылуға қарышты қадам басуы да бүгінгіден ертеңіміз нұр­лы екендігін айғақтайды.

Динар НӨКЕТАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, «Нұр Отан» партиясы АҚФ Саяси  кеңесінің Бюро мүшесі:

Декларация – тарихи әділ баға

– Дербестігін әлем мойын­да­ған, бүгінде Мәңгілік ел идея­сы­мен алға жылжыған Ұлы дала елінің мерекесі қар­саңында Парламент қабылдаған «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» дәл уақытында көтерілген құнды құжат деп есептеймін. Бұл – тұғырға нық тұрған елі­міздің, ынтымағы жарасқан халқымыздың бағына жарат­ылған ҚР Тұңғыш Президенті – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне берілген ең жоғары баға. 

Декларацияда Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық ас­қаралы белестері кезең-кезеңімен сараланған. Оған қарап отырып, елін сүйген Елбасымен бірге жеткен жетістіктеріміз бен серпілістерімізді анық байқайсыз. Ел­дігіміз бен ұлттығымызды айқындап, бекемдеп, өрке­ниеттің ұлы көшіне қосылған жас мемлекетіміздің әлем­ге танылуы оңай болған жоқ. Кеңестік жүйеде тұра­лап қалған ұлттық мәдениетімізді жандандырдық, ру­ханиятымызды жаңғырттық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаған халық бірлігінің арқасында небір сындарлы жылдардан аман өтіп, халықаралық қауым­дастықта өзіндік орны бар, өзгелер қызыға тамсанатын, мәңгілік бейбітшілікті көздеген, зайырлы, біртұтас, мыз­ғымас елге айналдық. 

Осы аталған жетістіктерге жетуде халқына адал қыз­мет атқарып, абыроймен жақсылыққа жетелеп келе жат­қан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі өл­шеусіз, ұшан-теңіз. Бүгінде мұны тек қана Қазақ елі емес, күллі әлем мойындады. Ядролық қарудан бас тар­ту арқылы дүниежүзінің ең бейбіт елі болып таныл­ғанымыздың өзі әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше құбылыс.

Тәуелсіздік тұғырын жылдан-жылға нығайту, Туы­мызды биіктету тікелей халықтың бірлігіне, ынты­ма­ғына, отансүйгіштігіне байланысты екенін Елбасы үне­мі айтып келеді. Президенттің «Тәуелсіздік – біздің ең басты байлығымыз, ал дүниені дүрліктірген дағ­дарыс­ты еңсеруіміз елдің бірлігінің арқасында» деуінің астарында осы ой жатыр. Иә, ортақ мүддеге біріккен, ұлт­тық рухымыз, бірлігіміз арқылы біз нағыз Мәңгілік елді қалыптастырамыз.

Маңызды құжатта көрсетілгендей, ең қымбат қа­зынамыз – Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақ­тап қана қоймай, дамыған ел ретінде келер ұрпаққа ама­наттап, Мәңгілік ел болуға ұмтылған құндылық­тары­мызды қастерлеу – біз үшін теңдессіз парыз. Осы бағыт­та ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын толық қолдаймын. 

Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры:

Жасампаз жылдар жетістігіне көңіл толады

Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында қабылданған декларация Тәуелсіз елімізде санаулы уақытта атқарылған ұшан-теңіз жұмыстарды айшықтайтын тарихи құжат ретінде баршаның ризашылық сезімін туғызды деп ойлаймын.

Ғасырлар бойына аңсаған, ұлттың ұлы тұлғалары мұрат еткен Тәуелсіздік біздің қолымызға қонып, азат ел ретінде әлемге танылғанымызға ширек ғасыр толды. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан жас мемлекет осы аралықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен аса зор жетістіктерге жетті. Халық қашанда татулықты, бейбіт заманды мұрат еткен Елбасы маңына топтасты. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы тұтынды. Ал Елбасы ел сенімін алға сүйреп, мемлекетті дамыту ісінде еш аянып қалмады.

Егемендігін енді алып, шаңырағын жаңа көтерген Қазақстанның адамзатты жаппай қырғынға ұшырататын атом қаруынан өз еркімен бас тартуы дүниежүзін селт еткізген соны жаңалық еді. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны миллиондаған жанның кеудесіне үміт отын жақты.

Біздің елімізде «Қоғамның басты байлығы – адам» деген бұлжымас қағида қа­лып­тасты. Соның негізінде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Жан жадырататын көріністерді республикамыздың түкпір-түкпірінен, соның ішін­де Сыр өңірінен де көптеп кездестіресіз. Сүйсінерлігі сол – мұндай игілікті қа­дам­дар тек ірі қала, облыс орталықтарында ғана емес, алыс аудандар, шалғай ауыл-дарда да жүзеге асуда. Бұл тұрғыда ел-жұртының жоғын жоқтап, барын пайымдаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені даусыз.

Егемен еліміздің елдігін көрсететін маңызды құжатта жас мемлекетіміздің қалып­тасу және қол жеткізген жетістіктері толық қамтылған.

Әрине, бұл кезеңдерде Елбасының сындарлы саясаты арқасында Қазақстан эко­номикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақ­ты мемлекет ретінде қалыптасты.Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін ны­ғайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт – Қазақстан халқы ас­самблеясын құрды.Елімізде бейбітшілік пен келісім барша жұртшылықтың адам­гершілік және әдеп нормасына айналды десек болады. Сонымен қатар Мәңгілік ел құндылықтары қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен болашағын біріктірді. Бұл құжат біздің жарқын болашақ жолында бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсеткен тағы бір маңызды оқиға болды.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, 
Алматы қалалық мәслихатының депутаты,

«Нұр Отан» партиясы АҚФ Саяси кеңесінің мүшесі:

– Парламент қабылдаған «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы декларациясы» бүкілхалықтық мерекенің қарсаңында қабылдануы кездейсоқтық емес. Әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделі өлшеусіз саясаткер, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді ба­ғын­дырдық» деген бір ауыз сөзінде жүз жылға татитын тарих  жатыр.

Әрине, уақыт сынағы халыққа да, жас мемлекетке де, Тұңғыш Президентке де оңайға түскен жоқ. Өтпелі кезеңнің тұралап қалған экономикалық, әлеуметтік жағ­дайлары бүгінгі жас ұрпақ үшін ертегідей көрінуі мүмкін. Бұл арада ерекше айта ке­тетін жағдай, Қазақстан халқы өзінің жаңа көшбасшысының қарапайым адамдар ортасынан шыққанын, Қарағанды металлургиялық комбинатында ауыр еңбекте шыңдалып, партия, үкімет қызметтерінде сыннан өткенін  жақсы білетін еді. Бұл да болса ел тағдырын Елбасыға сеніп тапсыруда үлкен рөл атқарды. 

Өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы өтпелі кезеңдегі бей-берекеттікке жол бермеді. Елдің еңсесі көтерілді, жағдайы түзелді, астанамыз жаңа қонысқа көш түзеді. Қазіргі күні бар қазақтың мақтанышы және әлемдегі ең әсем қаланың біріне айналған Астанамыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыарқа төрінде орнатқан алтын бәйтерегі. Бұл шын мәнісінде, Елбасының жеке қайраткерлік жеңісі еді.

Осы уақыт аралығында Елбасы, партия Төрағасы біздің кемел келешегімізді айқындаған «2050 – стратегиясын» жариялады. Халқымыздың сан жылғы арманымен астасқан Мәңгілік ел идеясын әлемге жария етті. Бейбітшілік пен тұрақтылық біздің  мемлекеттігіміздің негізі, басты байлығымыз бен игілігімізге айналды.

Бүгінгі күні Елбасы нұсқаған «Нұрлы жолда» Қазақстан халқы бір мүддеге тоғы­сып, бір мақсатқа жұмылып еңбек етуде. Сондықтан да, мен өз сайлаушыларымның  «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын» толық қолдайтынына сенемін.

Төлеуғали ТАЙТӨЛЕЕВ,
Алматы энергетика және электронды технология колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясы АҚФ Тексеру-бақылау комиссиясының мүшесі:

– Біздің Алматы энергетика және электронды технология кол­леджінің ұстаздар ұжымы атынан «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы декларациясын» толық қолдайтынымызды біл­діре­мін.­

Өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күш-жігері мен қажыр-қайратының арқасында Қазақстанның білім беру саласын ке­шенді реформалау процесі үздіксіз жүріп, әлемдік стандарттарға сәйкес лайықты орынға көтерілді.

Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы ин­дексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді.

Президент бастамасының арқасында еліміздегі орта арнаулы оқу орындарындағы бі­лім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи кол­ледждер мен кәсіптік лицейлер салынды. Қазіргі күні мемелекет есебінен кәсіптік-тех­никалық оқу орындары желісін дамыту арқылы жас буын өкілдерін тегін шебер­лікке, біліктілікке дайындауды қолға алуды тапсыруы – бұрын-соңды болмаған жаңа­лық.

Сондай-ақ Елбасы оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту үшін еңбекке орна­лас­тырудың Жол картасы қабылданып, олардың оқу бітіргеннен кейінгі тағдырына қол­дау шаралары күшейтілді.

Кәсіптік білім алып, одан кейін жоғары оқу орындарында біліктілігін арттырған жас мамандардың келешекте мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, ма­шина жасау, IT-технологиялар сияқты өндірістік салаларды жетік меңгеретініне сенім­дімін. 

Бұл қадамдар, шын мәнісінде, индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны да­мытудың көздеген Қазақстанның болашағы – жастардың қолында болатын­ды­ғының нақты жасалған алғышарттары.

Жақсыгүл МАХАМБЕТОВА, 
«Жастар жетістіктері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Тұңғыш Прези­дент күні мен Тәуелсіздік мере­ке­сі қар­саңында Елбасымызды ұлықтау шараларының өтуі өте орынды. Елін қиын-қыс­тау кезеңдерден алып шық­қан, өркениетке қарай көш бастаған көсеміне құр­м­ет көрсету дана халқымыздың салты. Сон­дық­тан Парламент палаталарының бірлескен оты­ры­сын­да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты қа­был­данған декларацияны қолдаймын. 

Елбасының басшылығымен жүзеге асқан жетіс­тік­тер­ құжат ретінде бекітіліп, халықтың қол­дауына ие болды. Қазақ елінің мәртебесін өсірген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халық алдында берген уәдесін толық орын­дап, жаңа белестерді бағын­дыру­ды мақсат етіп отыр. 

Қазақ елінің келбетін түбегейлі өзгертіп, жар­қын болашақтың іргетасын қалаған Елбасымыз аман болсын, еліміздің абыройы арта берсін.

Табылды ӘМІРОВ
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:

– Парламент палатала­ры­ның бір­лескен отыры­сын­да Тәуел­сіз­діктің 25 жыл­дығына байланысты қа­былданған декларацияны қол­даймын. Бұл ұсыныстар­мен өзінің елін сүйетін әрбір қазақ­стан­дық азаматтың келісетіндігі­не кәміл сенемін. Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал сая­сатының арқасында мемлекетіміздің әлеуеті артып, әлем елдері арасында лайықты орын алды. Қазақ­стан халқының ын­тымағы мен бірлігі әлемге үлгі болуда.

Елімізде жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық ре­­фор­малардың, стратегиялық жоспарлардың ар­қасын­да қол жеткізген табыстарымыз Елбасының есімімен тікелей байланысты. Елімізге төнген сын-қатерлердің алдын алып, ел экономикасын көтеруге бар күш-жігерін жұмсаған Елбасының еңбегі ерен. Ал декларация тарихи құжат.

Раиса МАДЕНОВА, 
«Қазақстан кәрістері қауымдастығы» РҚБ Ақтау филиалының директоры:

– Мен корей қызымын. Қа­зақ елінің патриотымын. Сон­дықтан Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғында жеткен та­быс­тары­мызды мақтан тұтамыз. Жақында қа­был­данған тарихи құжатта ата­лып көрсетілген зор жетістіктерді саралайтын болсақ, Елбасының есімі еріксіз ойға оралады. Себебі, еліміздегі бар­лық табыстарға Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лығымен қол жеткіздік. 

Қазақ елінде тұратын 130 ұлттың бірлігіне ерекше кө­ңіл бөлген Елбасы тек тұрақтылықтың арқасында ғана өркендейтіндігімізді түсіндіруден жалыққан емес. Бір­лігінен айырылған елде лаңкестік ұйымдардың ұя са­латындығын айтып, алпауыт елдің басшыларына үндеу тастады. 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне қабылданған декларацияда Елбасының басшылығымен жүзеге асқан же­тістіктер баяндалып, тарихи құжат болып бекітілді. Бұл жетістіктер болашақ ұрпаққа мұра, олар көреген басшысы бар елдің тәуелсіздігі баянды болатындығын осы құжат арқылы зерделейтін болады. 

Мен Қазақ елін Тұңғыш Президент күнімен шын жүрек­тен құттықтаймын. Елбасымыз әлі де көптеген жаңа идеяларды жүзеге асыратындығына кәміл сенемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары