$ 444.22  476.38  4.82

Рақымшылық туралы заң жобасы қарауға алынды

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Онда 11 мәселе қаралып, отырыс жұмысы алты сағатқа жалғасты деп жазады "Егемен Қазақстан".

Жалпы отырыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасының Мәжіліс қарауына енгізілгенін Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің хабарламасымен өз жұмысын бастады. Заң жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген. Рақымшылық жасау шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналатыны айтылды.

«Республика Конституциясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп санайды. Гуманизм қағидатының бір көрінісі – рақымшылық жасау актісін қолданатын заңды қабылдау болып табылады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлжуаз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ, ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады», – деді Нұрлан Әбдіров.

Ал бірінші оқылымда қарал­ған­дардың қатарында «Пробация», «Дак­тилоскопиялық және геномдық тір­кеу» туралы заң жобалары ілес­пе заңнамаларымен ұсынылды. «Про­бация» дегеннің өзі – ағылшын тілі­нен аударғанда сынау, зерттеу деген сөздердің мағынасында қолда­ны­латын сөз. Көптеген елдерде адамдар жасаған жеңіл қылмыстары үшін шарт­ты жазаға тартылады және жазаны өтеуді пробацияға сәйкес қыл­мысты істер органдары емес, әлеу­меттік органдар бақылауға алады.

Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуына қарағанда, заң жобасы Президенттің «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасының 33-қадамын іске асыру шеңберінде әзірленген. Заң жобасы пробация ұғымдарын, қағидаттарын, пробацияға жататын адамдардың мәртебесін айқындауға бағыт­талған. 2012 жылдан бастап біз­дің елімізде пробацияның сот үкіміндік және пенитенциарлықтан кейінгі (қылған қылмыстық ісін мойындап, өкіну) сатылары қолданылып келеді екен. Енді мына заң жобасымен сотқа дейінгі және пенитенциарлық түрлері енгізіледі. Сотқа дейінгі пробация күдіктіге құқықтық көмек көрсетеді. Бұл пробациялар кәмелетке толмағандарға, зейнет жасының қарсаңындағы әйелдерге, аяғы ауыр және көп балалы әйелдерге және т.б. жасалады. Ал пенитенциарлық пробация қылмыстарын колонияда өтеп, бостандыққа шығуға бір жыл қалған қылмыскерлерге жасалады.

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы да Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша әзір­ленген. Дактилоскопиялық ақпа­рат дегеніміз – адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік бере­тін, саусақтар мен алақандар өрнек­терінің ерекшеліктері туралы биометриялық деректер. Ал геномдық ақпараттар – кү­­дікті адамды немесе таныл­маған мәйіттің кімдікі еке­нін анықтауға мүмкіндік бере­тін ДНК-ның белгілі бір фраг­мент­тері туралы кодталған ақпа­рат және дербес деректер. Мұн­дай деректерді жинақтау қорын жасауға Қазақстан кезең-кезеңмен жақындайды. Біз 2009 жылдан бастап адамның дерек­тері жазылған электрондық чип, барлық құқы мен қолы бар паспорттар мен куәліктерді қолданудамыз. Ендігі жерде чипке саусақ өрнектері енгізілетін болады. Мұндай құжаттар Еуропа елдері мен АҚШ-та 2004 жылдан бері қолданылады екен. Заң жобасының толық іске кірісу мерзімі – 2021 жыл. Оны іске асыруға 36 млрд теңге қаражат талап етілетін көрінеді.

Заң жобасы туралы көптеген депутат сұрақтар қойды. Соның ішінде Кәрібай Мұсырман алыстағы ауыл тұрғындарынан дактилоскопиялық және ге­ном­дық деректер жинау қиын­шылық туғызбай ма деді. Оған Қ.Қасымов паспорт пен куәлік беру кезінде барлық деректері алынады деп жауап берді. Петр Шарапаев дакти­лоскопиялық деректер күдік­тілер мен сотталғандардан ғана алынушы еді ғой, барлық Қа­зақстан азаматтарының осындай деректерін жинаудың қан­шалықты қажеттігі бар деп сұрады. Оған министр адам­дар­дың тегін дереу анықтау мақ­сатымен халықаралық тәжі­рибе осыны қолданып отыр. Сон­дықтан біз де соған сәйкес болуымыз керек деген мазмұнда жауап берді. Сонымен қатар, ол күдіктілер мен сотталғандар қосымша прокуратура органдарында тіркелетіндігін айтты. Бұдан басқа депутаттар Б.Кесе­баева, А.Жайылғанова, С.Өтебаев, Н.Микаэлян, Г.Би­жа­­нова А.Қожахметов, О.Өксік­­баев және т.б. өздерін толған­дыр­ған сұрақтарын берді. Соның ішінде А.Жайылғанова дакти­лоскопиялық деректер электрондық ақпараттық ресурстарда сақталатынын айта келіп, олардың қорғалу дәрежесі қалай болатынын сұрады. Оған Қ.Қасымов деректердің қорғалу түрі мен олардың сақталуына тиісті адамдардың жауапкершілік тартатыны қарастырылғанын жеткізді. Төраға Н.Нығматулин де осы сұрақты нақтылап, деректерді нақты кімдер көруге тиісті екенін сұрады. Оған тек ІІМ қызметкерлерінің ғана қолы жетімді болатындығы айтылды. Сонымен, аталмыш заңнамалар ілеспе заң жобаларымен бірге мақұлданды.

Келесі мәселе «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасын қарауға арналды. Бұл туралы баяндама жасаған Гүлнәр Ықсанованың айтуына қарағанда, заң жобасы бесінші сайланған Парламент депутаттары Д.Назарбаева, Г.Ықсанова, М.Бегентаев, З.Балиева, О.Ки­ко­ленко, С.Романовская және т.б. бастамашылдығымен әзірленіп, Мәжілістің қарауына 2015 жылдың 10 қыркүйегінде енгізілген екен. Заң жобасы біздің елімізде көптен бері жұмыс жасайтын волонтерлік қызмет институтының құқықтық негізін құру мақсатында әзірленіпті. Волонтерлік қызмет туралы заңнаманы жасаудың өзектілігі мен уақтылығы, бір жағынан, осы институтты қарқынды дамытуға, екінші жағынан, нормативтік-құқықтық реттеудің жеткіліксіздігіне байланысты болды, деді баяндамашы. Бұл заң жобасы да ұзақ талқылаудан кейін мақұлданды.

Жалпы отырыстың күн тәртібі бойынша бесінші сайланған Парламент депутаттары баста­машылық жасаған тағы бір заң жобасы қаралды. Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасағандар арасында М.Ахмадиев, М.Айсина, Р.Халмұрадов және Н.Оразалин болған еді. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Майра Айсинаның айтуына қарағанда, заң жобасы қазіргі кезде мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласында орын алып отырған бірқатар маңызды проблемаларды шешуді қарастырған. Соның ішінде елімізде бір ғана мемлекеттік кітап палатасы жұмыс істейді екен, ал оның қызметінің ерекшеліктері заң жүзінде ескерілмеген. Осыған байланысты «Мәдениет туралы» заңда жеке бап көздеп, кітап палатасына мәдениет ұйымы мәртебесін беру қарастырылған. Музей қызметіне де өмір өз өзгерістерін енгізуде. Сондықтан заң жобасында елдің музей қорының электронды каталогын жасау, музейлердің қорларында тұрған қымбат металдар мен асыл тастарға сараптама жүргізу, музейлердің жеке және заңды тұлғаларға олардың сұрауы негізінде ақпараттық анықтама беру сияқты маңызды мәселелерді шешу көзделіп отыр, деді М.Айсина.

Заң жобасы біршама талқы­лаудан соң бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ, жалпы отырыста «Қарсы барлау қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобасы екінші оқылымда ма­құлданды. Ал кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бо­йынша қорытынды әзірлеу мерзімі анықталды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Словения арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хат­та­маны ратификациялау бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі де тағайындалды. Отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин депутаттарды мемле­кетіміз үшін де, халқымыз үшін де маңызы өте зор Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары