$ 448.89  477.93  4.76

Кемелдік және кемеңгерлік

Қай елде болса да замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет түрлі тарихи сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Ұлыбританияда – Оли­вер Кромвель, Үндістанда – Джа­­вахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, Синга­пурда – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохамад елдерінің жаңа жолының көшін бастаған дара тұлғалар болды.

Сондай заңғар тұлғалардың бірі әрі бірегейі, жеке-дара бітім-болмысымен, бөлек табиғатымен әлемді мойындатқан саясаткер, көшбасшы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Қазақстан Республикасы да­муының өзіндік моделі туралы Елбасы былай деген еді: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзіміздің қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жолын таңдадық. Біз демократияның жедел, әсіресе сырттан енгізілуіне қарсымыз. Біз ешкімге де елік­теуге тырыспаймыз, біздің мемле­кетімізге, біздің халқымызға кере­гін жасап жатырмыз. Және бұл қолымыздан келіп жатыр». Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған бұл байыпты бағыт Қазақстан үшін стратегиялық бағ­дарға айналды.

Жақында қабылданған Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы аса маңызды саяси әрі тарихи құжат болды. Онда Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған ерен еңбектері, тәуелсіз Қазақ­станды құрудағы тарихи миссия­ны аса сәтті орындап шыққаны ерекше аталады. Тұңғыш Прези­дентіміздің басшылығымен егемен еліміз қарқынды дамып, Мәңгілік Ел идеясы аясында зор саяси-экономикалық табыстарға жетіп отырғаны баяндалады.

Елбасымыз жеріміздің тұтас­тығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп көтеріп, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құра білді. Сондықтан соқтықпалы, соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын өркениетке жетелеген, әлеуетті мемлекеттердің қатарына қосқан Президенттің орны ерекше.

Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі тәуелсіздік жемістерінің бірі екені сөзсіз. Рас, тарихи дамуға ха­лық болмысы негіз болады, же­ке тұлғаның өзі халықтың ара­сынан шығады.

Қазақстанға тәуелсіздік алып беру және оны әрі қарай дамыту Елбасымызға оңайға соқпады. Өйткені, ел тәуелсіздігінің баян­ды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жо­лын­дағы артылар жүкті абырой­мен көтеру, халық сенімін ақ­тау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, Қа­зақстанды әлемдік қауым­дас­тықтағы терезесі тең елдер қа­та­рына қосу батыл шешімдер қабыл­дауды қажет етті. Өз заманында тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған Абылай ханның қызметі қандай болса, жас мемлекетіміздің негізін қалауда Елбасымыздың еңбегі де соған пара-пар болатын. Бұл туралы Елба­сымыздың Абылай ханның 300 жылдығында айтқан мына сөздері дәлел: «Абылай, Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә… Айбарлы Абылай аңса­ған асқақ арманға, ұлы мұ­ратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ өлкеміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нор­малар­мен бекітіп, әлемдік қау­ым­­дастықты мойындаттық. Сол арқылы көр­шілерімізбен мәң­гілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға негіз қа­ладық. Бұл күнде ешқандай елдің Қазақ жеріне қатысты дауы жоқ. Ең бас­тысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мем­лекетімізде ынтымағымызды сақ­тай білдік. Соның арқасында бере­келі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құ­быласын тегіс мойындатқан Тәу­ел­сіз мемлекетке айналды.

Егемен Қазақстанның мемле­кеттік тетіктері өркениетті елдер­дің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерек­шеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалып­тасып құрылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба білудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. 80-жыл­дардың аяғы мен 90-жыл­дардың басы бұрынғы Одақ құра­мындағы елдердің азаттыққа ұмтылған уақыты еді. Ол заман қазіргі пост­кеңестік кеңістіктегі басқа да елдер сияқты, Қазақстан үшін де үлкен бетбұрыстардың бастауы болды. Жұртшылықтың санасына қайта құру және қоғам­дық жаңғыру тәрізді идеялар сіңе бастаған сәтте халық мұн­дай жұмысты істей алатын көшбас­шысын дәл таныды.

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар демократиялық, өркениеттік жолмен тұңғыш рет Президент сайлады. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болатын. Сол күні байтақ еліміздегі сайлау учаскелеріне халық жаппай ерекше үмітпен ағылып, сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы Н.Ә.Назарбаевты жақтап дауыс берді. Халық ықыласына бөленген Н.Ә.Назарбаев кемел келешекке батыл қадамдар жасап, сарабдал саясат жүргізіп, елдің әрдайым биік асуларды бағындыруының басында тұрды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Республика Жоғар­ғы Кеңесінің сессиясында ол жасаған ұсыныстың негізінде Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы Қазақстан Респуб­ликасы деп өзгертілді. Дәл сол күні Алматыда Президентті ұлық­тау рәсімі өтті. 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Осылайша әлем картасында Қазақстан Респуб­ликасы атты жаңа мемлекет пайда болды. 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Респуб­лика алаңында өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әуле­тіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақ­станның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шынд­ыққа айналғанын көріп отырмыз.

Президент Н.Назарбаевтың 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мә­ніне айналды. Елбасы осылайша ел тәуел­сіздігінің алғашқы жыл­дары­нан-ақ, аймақтағы және әлем­дегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді. Осындай қадам­дары үшін Елбасын және Қазақ­станды бүгінде барша әлем құр­меттейді.

Қазақстандықтардың берік қолдауына арқа сүйеп, халқының жасампаздық күш-қуатына кәміл сенген Тұңғыш Президент теңдессіз экономикалық және саяси реформаларды табысты жүргізуді қамтамасыз ете білді. Жаңа Астананы тұрғызу баста­масы мен оны ақиқатқа ай­налды­руы Н.Ә.Назарбаевтың мо­дерни­зациялық жобасының бас­ты табысының символы ретінде орнық­ты. Қазақстанның жаңа елордасы шын мәнінде, жаңа дәуірдің қаласы болып, елдің өткенінен бо­лашаққа, жаңа дәуірге ауысуының ірі құбылысы саналады.

Н.Ә.Назарбаев саясатқа алып келген бірқатар принципті жаңа­лықтардың бірі – Президенттің Қазақстан халқына Жолдаулары. Жалпы, Жолдаулар басқа елдерде де қолданылады, бірақ олар әдетте міндеттердің белгілі бір шеңберінен аспайды да, жоғары заңды органға ғана бағытталады. Ал Қазақстанда Мемлекет басшы­сының Жолдаулары бүкіл халыққа арналып, онда бүкіл елдің алдында міндеттер қойылады және елдің жан-жақты дамуының келер жылға, одан да ұзақ мерзімге арналған негізгі басымдықтары мен жоспарлары айқындалады. Әрбір азаматтың өмірінің сапасын жақсарту, әлеу­меттік қамсыздандыру, жастарға қолдау көрсету – бұл жайттардың бар­лығы Президенттің халыққа әр Жолдауында көрініс табады. Мемлекеттің дамуы қай бағытта өрбитінін айқын ұғына отырып, қазақстандықтар болашаққа сенім­мен қарайды және өз өмірін сәтті жоспарлай алады.

Президент Н.Назарбаев әлеу­меттік тұрғы­дан бағдарланған нарықтық экономиканың тұжы­рымдамасын жасады. Оның жүзеге асырған эконо­микалық үлгісі әлемдік дағ­дарыс кезеңінде ең тиімді болды. Мемлекет басшысы жаһандық ауқым­дағы саясаткер ретінде дағ­дарыстың қайнарларын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар, барлық деңгейде оны ығыстырудың жүйелік шараларын ұсынды. Қазақстанның дамуына әлемдік дағдарыстың ықпалын ырықсыздандырып, қалыпты өсу траекториясына дереу оралуға алғышарттар тудырды. Тағы бір өзекті мәселе – Президент Н.Ә.Назарбаевтың зияткер ұлтты қалып­­тастыру бағыты. Жаңа көз­қарастағы қазақстандықтарды тәрбиелеу адамзаттық капиталдың жаңа деңгейі – жаңа экономиканы қалыптастырудың басты тетігі болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан Елбасының салиқалы жүргізген саясатының арқа­сында әлемнің ең қарқынды дамыған 30 елінің қатарына нық қадам басты. Жаһандық мәселелерді талқыға түсіріп, жас мем­леке­тіміздің мерейін үстем етіп, абы­ройын асқақтатқан ЕҚЫҰ сам­миті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам эконо­микалық форум, т.б. ірі басқосулардың Қазақ жерінде өтуі – Тұңғыш Пре­зи­дентіміз, әлемдік сара саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық үлкен беделінің көрінісі екендігі даусыз. Осындай көшелі істердің жалғасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу болып отыр. Адамзат ақыл-ойының тама­ша табыстарының бірі – Бүкіл­әлемдік жетістіктер көрмесін ұйым­дастырудың 160 жылдан ас­там тарихында Орталық Азия айма­ғы, тіпті ТМД мемлекеттерінің еш­қайсысында да Халықаралық көрме жалауы желбіреп көрген жоқ.

Қазақстан Тәуелсіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін тарих алдымызға тартып отыр.

Қазақ халқында бағзы замандардан бері «Жерұйық» ұғымы қалып­тасқан. «Желмаясына мініп, Жерұйығын іздеген» Асан Қай­ғының идеясы халқымыздың ғасыр­­лар бойғы аңсаған арманына ұласты. Бабаларымыз төрт құбы­ласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Бүгінгі жа­һан­дану дәуірінде ұлтымыздың бола­шағына қатысты ұлы бағдар ретінде еліміздің рухын көтеретін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев жария етті.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы – бағзы болмысымыздың, асыл тұрпа­ты­мыздың заманауи қайта жаңғы­руының, озық, қуатты ел болып гүлденуіміздің кепілі. Осы ақиқат біздің баршамызды бір мақсат, бір мүдде жолында Елбасының төңірегіне бірігіп қызмет етуге жетелейді. Этностар ынтымағы мен достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстан халқының татулығы – біздің ең басты байлы­ғымыздың бірі.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының
ректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары