$ 444.22  476.38  4.82

Тамшылатып суару технологиясы агрокәсіпкерлікті дамытуға оң ықпал етіп отыр

Аршалы ауданының Арнасай ауы­лында елді елең еткізген маңызды жоба жүзеге асырылуда. Басты мақсат – там­шылата суару технологиясын енгізу арқы­лы суды үнемдеудің тұрақты жүйесін қалып­тастыру. Негізгі діңгегін жергі­лікті мектептегі «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отырған жоба аталған ауданның 6 ауыл аймағын қамтып, оны іске асыруға кемінде 16 мың адам қатыстырылады. Бұған қосымша, Ақмола облысының 3 ауылдық ауданының тұрғындарын ауыз суды үнемдеу бағытындағы жаңа тех­нология негіздерін оқытуға тартып, Астана маңындағы елді мекендердің 30 мыңнан астам адамын ақпараттандыру жоспарланған.

– Кейде жаңсақ қадамдар жаңа баста­маларға жол ашатыны бар, – дейді «Ақбо­таның» жобалық қызметінің жетек­шісі Татьяна Немцан. – Астана су қоймасы 2008 жылы стратегиялық нысан дәрежесін алды. Мақсат белгілі болға­нымен, көп ұзамай «медальдің екін­ші жағы» көрініс берді. Ауыл тұрғын­дары ауласындағы бау-бақша ауқы­мы күрт кеміді. Мәселен, Арнасай ауы­лында 2009 жылы 14 гектар осындай аумақ болса, қазір ол екі есе азайып, бос жерлер көлемі көбейді. Жаз айла­рында су қоймасынан су алу тоқтаты­лысымен Арнасай ауылындағы су жүйесіне түсетін салмақ 3 есе артты. Оның үстіне, қолда бар желі бау-бақшаны суландыруға лайықталмаған. Қарапайым есеп 0,12 гектар үшін әр отбасы 5 доллар жұмсауға мәжбүр болды. Бұл бір айда 120, ал жазғы маусымда 400 долларды құрайды. Су тапшылығы мен қымбатшылығы Аршалы ауданының өзге ауылдарын да тығырыққа тірегенін айту керек. Осыған байланысты біздің қоғамдық қор батыл қадамдар жасап, игі ұмтылыстарымыз қолдау тапты.

Осыдан бес жыл бұрын Арнасайдағы Вячеслав орта мектебінің екі жылы­жа­йындағы 300 шаршы метр алаңда және ашық алаңдағы учаскелерде экс­перименттік негізде тамшылатып суару технологиясы қолға алынды. Сонымен қатар, Арнасай ауылындағы 10-16 жас аралығындағы 35 мүшесі бар «Жас фермер мектебінде» климаттық өзгерістерге байланысты мектеп және тұрғындар бақшасында көкөністерді там­шылатып суару технологиясын ұйым­­дастыру мәселесі зерттелді. Белгілі ға­лымдар мен мамандардың қатысуы­мен ат­қа­рылған жұмыс нәтижелері Қа­зақ­­станның солтүстік өңірінде су шығы­нын 2 есеге қысқартуға және арнайы алаң­­дарда өнімділікті анағұрлым арт­ты­­ру­ға мүмкіндік барлығын дәлелдеп отыр.

Жоба Ақмола облысындағы қоғам­дық және әкімшілік органдар тарапынан қолдау тапқаны қуанышты. Оның жалпы құны 155600 АҚШ долларына тең болса, Үкіметтен сұралатын қаржы 100 мың доллар шамасында. Қалған шы­ғынды өз мойнына алып отырған жоба үйлес­тірушілерінің батылдығы да сүйсінтеді. Өйткені, жобаны жүзеге асыру мейлінше қысқа мерзімде жүзеге асырылмақ.

Жауапты жобаның жауапкершілігін жақсы түсінетін «Ақбота» қоғамдық қоры құнды істі қолға алғалы көптеген сенімді әріптестер құрамын топтас­тыра білді. Шеф-монтаж міндетін ойдағы­дай атқарып жүрген «Жас фермер мек­тебіндегі» волонтерлер тобын айтпа­ғанда, Арнасай ауылының 300 тұрғыны құрылтайшысы саналатын «Қайсар» ЖШС жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Арнасайлықтар тұрмысы төмен, көп балалы және жалғыз басты ауылдас­тарын 3 текше метрлік сужинағыштар, сорғыштар, шлангалармен қамтамасыз етуге көмектесуде. Қазірдің өзінде Арна­сай ауылында тамшылатып суа­ру жү­йе­­сіндегі 160 учаске, Жібек жолы, Вол­го­доновка, Михайловка ауылдарын­да, Бабатай стансасында және Аршалы кентінде 10 тәжірибелік учаске ұйымдас­тырылды. Сондай-ақ, 8 оқу семинары өткі­зіліп, жоба бойынша атқарылған жұ­мыс қоры­тындысын баяндайтын фильм, 12 беттік үш тілдегі журнал, фото­­көрме және екі форматтағы күнтізбе шы­ға­рылды. Мұның барлығы әлемдік «Мың­жылдық тұғырнамасы» талаптары­мен сәйкестендірілгенін де атап өту ләзім.

– Вячеслав орта мектебінің негізінде 2004 жылы құрылған «Ақбота» қоғам­дық қоры көптеген игі істердің бастамашысы бола білуде, – дейді Аршалы ауда­нының әкімі Азамат Тайжанов. – Олар ауданымыздың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына екпін берген «Ба­лалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру», «Парлы алқап құнарын арттырудың баламалы технологиясы» және басқа жобаларды жүзеге асыра білді. Қоғамның жаңа ұмтылыстары аудандық әкімдік кеңесінде кеңінен тал­қыланып, мүдделі ұйымдар мен мемле­кеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Мектептер мен ауылдардағы жы­лыжайлар мен тұрғындардың аулалық учаскелерінде тамшылатып суару технологиясын ендірудің тәжірибелік мәні орасан және ол ауылдағы кәсіпкер­лік қозғалысқа жан бітіретіні сөзсіз.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары