$ 444.22  476.38  4.82

Көшбасшымыз көрсеткен көкжиек — үздіксіз табысқа жету үлгісі

Еліміздегі маңызы зор жал­пыұлттық мереке – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жас мемлеке­ті­міздің даму барысын, табысы мен жетіс­тігін бағалау қажет әрі ғибратты. Ширек ғасырлық мерейтойдың ерекшелігі сол, қоғам да осы өткен тарихи кезеңде қол жеткен жетістіктерді саралап, сауалдарға жүйелі жауап іздейтіні, орын алған өзгерістерді сарапқа салатыны хақ.

Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы экономикамыз үшін күр­де­лі жыл болып отыр. Әлем экономикасындағы қиыншы­лық, геосаяси қарбалас, көрші­лері­мізде орын алған рецессия мен өсімнің бәсеңдеуі, осының барлығы қазақстандық эконо­миканың даму ырғағына да әсер етуде.

Осындай күрделі жағ­дай­да қабыл­данып жатқан шара­лардың жеткілік­сіздігін айтатын, себептерін көрсететін және өзінің пікірін ұсынатын сарапшылар қашанда табылады.

Дегенмен, бұл ұсыныстардың пайдалы екендігін ескере отырып, бетпе-бет келіп отырған барлық қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан экономикасы кезекті рет дамуда, мейлі, ол аздап болсын, бәрібір даму үстінде екеніне назар аудару өте маңызды. Қазан айының қорытындысына қарағанда, бағалау бойынша өсім жылдық жоспардан 0,5 пайызға артты және бүгінгі таңда 0,6 пайызды құрады.

Қазақстанның экономикасы ай сайын өсу үстінде, тауар­лар мен қызметтер өндірісі ұл­ғайып, жұмыс орындары құры­луда және сақталуда, жаңа инвестиция үшін тартымдылық сақталып, салық түсімдері артуда.

Осы даму үрдісін Қазақ­стан­ның экономикасы 1999 жылдан бастап 17 жыл бойы үздіксіз паш етуде, яғ­ни біздің тәуелсіздік тарихы­мыздың едәуір бөлігінде экономиканың құл­дырауы орын алған емес.

Еліміз 17 жыл бойы үнемі эконо­ми­калық даму үстінде! Бұл дегеніңіз Қазақстанның 25 жылдық тарихын­дағы ең зор жетістікті – тұрақтылықты көрсетеді. Ал бұл ең жоғары жетістік емес пе!

Бұл табыс өз-өзінен болған жоқ, аяқ астынан пайда бола кеткен кездейсоқ бақыттың белгісі емес немесе ресурстарға бағаның өсуінен де емес. Бұл біздің Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді стра­тегиялық бағыты мен ерен еңбегінің нәтижесі, оның осы жылдар ішінде жүргі­зіп келе жатқан дәйекті эконо­ми­калық саясатының жемісі.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ Президент Н.Ә.Назарбаев табыстың негізгі формуласы болып отырған қазақстандық экономиканы құрудың негізгі ұстанымдарын нақты айқындап берді.

Ол еркін бәсекелестікке құрылған, жеке кәсіпкерліктің дамуына ден қойған, шетелдік инвестициялар мен жаңа технологиялар ағынына бағытталған ашық экономиканы құра бастады.

Өз көшбасшысының ұзақ мерзімді жоспарына сай, еліміз дүниеге жарқын жүзбен қарап, көршілерімізбен ниет­тестікте дами бастады, саудадағы бөгет­терді еңсере және бәсекелестікті өрістете отырып, әлемнің барлық артықшылығы мен игілігіне кең есік аша білді.

Дәл осы стратегиялық ұзақ мерзімді мақсаттың арқасында Президент елде бәсекеге қа­бі­летті, масыл болудан аулақ, тіпті ең бір қиын жылдардан да қайыспай шыққан күшті жә­не арқаулы кәсіпкерлік тап қалып­тастырды.

Осы жылдар ішінде Қазақстан нарықтық экономикаға көшті, Дүние­жүзілік сауда ұйымына кірді, ЕурАзЭҚ қатысушысына айналды, мұның барлығы біз­дің кәсіпкерлеріміз үшін мүм­кіндіктер туғызды, нарық үшін күреске де түсірді, дегенмен, қазақстандық бизнес өз ұста­нымына берік бола жүріп, білім алудан, бейімделуден және дамудан жаңылмады.

Тек соңғы алты жылда ғана қазақ­стандық бизнес 34,8 трлн теңге инвестиция салды, 3,2 млн адамды жұмыспен қамтыды.

Бұл Президент таңдаған экономиканы құру ұста­ны­мдарының дұрыс болғандығын және бірегей нәтиже – 17 жыл бойы үздіксіз экономикалық дамуды паш етеді.

Ағылшын тілінде көбінесе «оралымды, иілімді» деген мағына беретін «resilient» деген сөз бар. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде сыртқы ортаға икемді, дамуда тұрақты, біздің жас мемлекетіміздің құрылуы мен жаңа еркін ұлттың қалып­та­суына сенімді негіз бола алған экономика құрылды.

Мемлекет басшысы әрдайым шетел­дік инвестицияны елге әкелуге айрықша назар аударып отырды. Әсіресе, тәуелсіз еліміз жаңадан даму жолына түскен кез­де қаржы аса қат еді, Президенттің жеке күш салуының арқасында елімізге өнер­кәсіпке, қызметтерге, ауыл шаруа­шы­лығына және басқа да салаларға қажетті инвестициялар әкелінді.

Қазақстан әлемнің көптеген алпауыт компаниялары бизнес жүргізу үшін таңдаған тартымды мекенге айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 265 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция салынған екен.

1993 жылы ұлттық валютамыз – теңге енгізілген күннен бастап, тікелей шетелдік таза инвестициялар ағы­нын­да жағымсыз жағдай орын алған бір де бір жыл болған емес.

Қазақстанға 23 жыл бойы тікелей шетелдік таза инвестициялар құйылып тұрды. Бұл сенім – Мемлекет басшысы жүргізген экономикалық саясаттың екінші жеңісі.

Осы уақыт ішінде әлемдік экономика экономикалық және қаржылық қиындықты бірнеше мәрте бастан кешірді. Көбі, оның ішінде, дамыған экономикасы бар елдер де капиталдың ке­рі кетуіне тап келді. 1997 жылғы Азия­­дағы дағдарысты, 1998 жылғы Ре­сей де­фолтын, 2008-2009 жылдардағы әлемдік қар­жы дағдарысын еске алсақ та жеткілікті.

Бірақ әлемде инвесторлар қандай жағдайға тап келсе де өздерінің ұзақ мер­зімді инвестициялық салымдары ар­қылы Қазақстанға сенім артты. Кө­біне, осының арқасында, республика экономикасының нақты көлемі 2,2 есе өсті.

Инвестициялар өнеркәсіпке жаңа тыныс берді, 1991 жылмен салыстырғанда 2015 жылғы өнім өндіру көлемі 127,5%-ға артты.

Металлургия, машина жасау және құрал-жабдық, мұнай, газ өндіру саласы едәуір өсті. 1998 жылдан бастап өнер­кәсіптегі еңбек өнімділігі 20 есеге артқан!

Осындай жетістіктер ауыл шаруа­шы­лығында да орын алды. Ауыл ша­руа­­шылығындағы негізгі капиталға са­лынған инвестиция соңғы 12 жыл ішінде (2003-2015) 3,7 есе өсті және 2015 жылдың қорытындысы бойынша 163,9 млрд теңгені құрады.

Жыл сайын ауыл­ша­руа­шылық дақылдарының егін алқабы кеңейе түсуде: тек соңғы 5 жыл ішінде 16,2 млн. га-дан 21,0 млн га-ға артты. Қазақстан астық экспорты бойынша жетекші орынды иеленеді және экспорттаушы елдердің ондығына кіреді.

Құрылыс саласында да жағымды динамика байқалады. Осы жылдар ішінде республикада 115,1 млн шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді, осы­­ның нәтижесінде 1 млн-нан астам отбасы баспанаға ие болды.

Осы мерзім ішінде 2,3 мың шақырым темір жол және 7,4 мың шақырым автокөлік жолы салынды.

Бұл Мемлекет басшысының елімізге жаңа инвестиция тартуға күш салуының арқасында мүмкін болған экономикалық табыстардың толық тізімі емес. Инвесторлар да Қазақстанның ұзақ мерзімді, табысты дамуына, оның Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді стратегиялық бағдарына сенім артуда.

Дегенмен, осынау 25 жыл ішіндегі ел Президентінің экономикалық сая­сатының маңызды жетістігі экономи­ка­лық табыстарды халықтың әл-ау­қа­тын шынайы арт­тыруға бағыт­тауы болып табылады.

Ол тек тұрақты экономиканы ғана құрып қойған жоқ, әлеуметтік міндеттерді шеше алатын экономиканы да құра білді.

Бұл халықтың өмір сүру деңгейін көтерудің негізіне айналды және Дүниежүзілік банктің саралауына сәйкес, Қазақстанның табысы орта деңгейден жоғары елдер санатына кіруіне мүмкіндік берді.

2016 жылдың басында маңыз­ды көрсеткіш – халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 10,5 мың АҚШ долларына жетіп, 15 есе артты.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, өткен жыл­дар ішінде барлық күш-жігер халықтың өмір сүру дең­гейін айқындайтын негізгі көр­сеткіштерді жақсартуға жұм­салды.

Осының арқасында, нақты табыс 4 есе өсті. 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық деңгейі 2 еседен астамға төмендеді.

Кедейшілік деңгейі айтарлықтай қысқарды, егер 90-жылдардың басында еліміздегі әрбір үшінші адам кедейшілік шегінде өмір сүрсе, бүгінде ол үш пайыздан да аспайды.

Бюджеттің қосымша табысы еліміз­дегі заманауи медицинаның дамуы мен бәсекеге қабілетті білім беруге ба­ғытталды: 1995 жылдан бастап денсау­лық сақтау саласына жұмсалған шығын 29 есе, ал білімге жұмсалған шығын 30 есе артты.

Елімізде 25 жыл ішінде 1300 зама­науи аурухана мен емхана, 600-ден астам мектепке дейінгі мекеме салынды. Олардағы қызмет көрсету сапасының артуының арқасында ана өлімі алты есеге, сәби өлімі үш есеге жуық төмендеді.

Туу біржарым есе өсті, ал бұл аза­мат­тардың ертеңгі күнге деген сенімінің көрсеткіші болып табылады.

Осы және көптеген басқа да шара­лар­дың арқасында 25 жыл ішінде қазақ­стандықтардың өмір сүру ұзақтығы 68 жастан 72 жасқа ұзарды.

Қазақстанның халық­ара­лық серік­тестері мен инвес­тор­лардың сені­міне ие болған тұрақты экономика, аза­­маттардың әл-ауқаты­ның нақты өсімі бұл еліміз мақ­тануға әбден лайық маңызды жетістіктер.

Дегенмен, Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерейтойы – бұл біздің 25 жылдық жас тарихымыздың белестерінің бірі ғана.

Алдымызда Президент қойып отыр­ған жаңа мақсаттар мен міндеттер бар, ол – Қазақ­станның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына енуі.

Бұл дамыған елдер клубына жо­ға­ры интеллектуалдық кадрларсыз, кәсіби мамандарсыз, заман тынысына сай кең ауқымда ойлайтын адамдарсыз ену мүмкін емес.

Бұл мәселеге де Мемлекет басшысы әрдайым айрықша назар аударып келді және аудара да береді.

Қазақстандықтардың ал­дыңғы қа­та­рлы жаңа ұрпағын тәрбиелеу, Қазақ­станның бола­шақтағы дамуын бәсекеге қабі­летті адам капиталымен қамта­масыз ету, Мемлекет басшы­сы алға қойып отырған страте­гиялық міндеттердің бірі, міне, осылар.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде бұл бағытта көптеген іс тын­дырылды: 2000 жаңа білім беру нысаны салынды, жаңа­лары салыну үстінде. Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам күн­дізгі білім беретін мектеп бар, оларда 2,7 млноқушы білім алуда. Қазақстанның бар­лық жерінде Назарбаев интел­лектуалдық мектептері ашыл­ған, оларға оқу мен тәрбиенің жаңа да озық үдерісі енгізілген.

2017 жылдан бастап Пре­зи­денттің тапсырмасымен «Бар­шаға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы жүзеге асырылады, бұл бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуға жол ашпақ.

Жоғары білімді кадр дайын­дау­дың үш сатылы моделіне көшу іске асырылды: бакалав­риат – магистратура – докторан­тура. Ал біздің жоғары оқу орын­дарының әлемдік жетекші уни­верситеттердің рейтингіне енуі елдегі білім берудің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Бүгінгі күні еліміздегі білім беретін 131 жоғары оқу орны 25 жыл ішінде 2,7 млн кадр дайындап шығарды.

Біздің еліміздің болашақ интел­лек­туалдық элитасын қалыптастыру үшін құрылған халықаралық деңгейдегі айтулы жоғары оқу орны – Назар­баев Университеттен бүгін­гі күні 3000 жас білім алуда.

Тәуелсіздіктің ақ таңында қаржылық қиындықтар барынша белең алған кезеңде ел Президенті тағайындаған «Болашақ» халықаралық бағдар­ла­масы әлемдік жетек­ші оқу орындарында білім алған маман дайындаудағы нағыз серпінді қадам болды. Бағ­дарлама жұмыс істеген мерзім ішінде «Болашақ» стипендиясына 12 мыңнан астам қазақстандық ие болды, олар әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында мемлекет есебінен білім алды және білім алуды жалғастыруда. Жалпы алғанда, көптеген жастар Қазақстаннан тыс жерлерде білім алды.

Білім алудағы барлық жетістік және салынған инвестиция білімді адам­­­дар­дың жаңа тұрақты табын, қазақ­стан­дықтардың жаңа ұрпағын қалып­тастырды.

Осының барлығы Мемле­кет басшы­сының қазақстан­дық интеллектуалдық ұлтты қалып­тастырудағы көрегендігінің іс жүзіне асуы болып табылады.

Бүгінде біз әлем эконо­ми­ка­сындағы түбегейлі өзгеріс­тер кезеңінде өмір сүрудеміз, тәуел­сіз Қазақстан да оның ажыра­мас бір бөлігі болып табы­лады. Біздің тәуелсіз мемле­кетіміздің Көшбасшысы, Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген даму үлгісі­нің арқасында біз көптеген жетіс­тіктерге жеттік және даму үстін­дегі бейбіт елде өмір сүру­деміз!

Қазақстан жаңа жетістіктер мен асуларға ұмтылуда, ал қазақстандықтар өз елімен мақ­танады, өз болашағына сенеді, өз Көшбасшысы – Президент Н.Ә.Назарбаевқа сенеді!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құтты болсын!

Қуандық БИШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары