01.12.2016, 14:40

Тәуелсіздік құрдастары партия қатарына қабылданды

Биыл тәуелсіз ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғанымызға ширек ғасыр толып отыр деп жазады "Айқын" газеті.

Қарт тарихтың өлшеміне салғанда көзді ашып-жұмғандай уақыт болып саналғанымен біз осы уақыттың ішінде ғаламат жетістіктерге қол жеткіздік. Оның барлығы Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясаты мен ерен еңбегінің жемісі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының да атқарып отырған қызметі орасан. Бүгінде Елбасының тікелей тапсырмасымен барлық әлеуметтік салада партиялық жобалар жемісті жүзеге асырылуда. Соның арқасында партия халық тарапынан лайықты бағасын алып, барша қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Нәтижесінде, бүгінде елімізде «Нұр Отан» партиясының мүшелері 1 млн-нан асып отыр. Олардың арасында бойында күш-қуаты тасыған, ел ертеңіне бей-жай қарамайтын жастардың да қатары қалың. Кеше партия мүшесі атанған сондай жастардың қатары тағы да толыға түсті. Атап айтқанда, тәуелсіздіктің 25 төл құрдасына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партиялық билеттерін табыс етті.

Нұротандық атанған жас патриоттар сапында ғылым, білім, спорт, медицина, бизнес, мемлекеттік қызмет және тағы басқа да сала өкілдері бар. Партия Орталық аппаратының ғимаратында өткен сал­танатты шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ертең Қазақстан халқы мемлекетімізді қалыптастырушы – Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Ал екі аптадан кейін ең ұлық мерекеміз – Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдық торқалы тойына ұла­сады. Бұл екі мереке Елбасымыз, партия Көшбасшысының есімімен тығыз байла­нысты. Елбасы­мыз­дың кемеңгерлік бас­шылығымен тәуелсіз Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Нұрсұлтан Әбішұлы әсем Астанамызды салып, оны дүниежүзіне жарқырата көрсетті. Әлем халқы біздің Астанамызды «Болашақ қаласы» деп атай­ды. Ал болашақ – сіздердікі. Бүгін сіздер Елбасы партиясының қатарына қабылдан­дыңыздар. Бұл сіздерге үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік те жүктейді. Сіз­дер­дің Елбасы сенімін ақтайтын­да­рыңызға кәміл сенемін, – деді.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: «Бү­гінде Астанада 300 мыңнан астам жас буын өкілдері тұрады. Ақмола еліміздің елор­дасы атанған тұста қала халқы бұдан да аз болатын. Сондықтан Астананы жастар қаласы деп толық сеніммен айтуға болады. Өкінішке қарай, астаналық жас­тардың тек 5 пайызы ғана «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бұл өте аз көрсеткіш. Сол себепті, партия өз қатарына қосылғысы келетін жастардың бастамаларын қолдайды. Бүгінде еліміздегі министр, әкім, депутат, ұлттық компания басшыларының арасын­да жастар жетіп артылады. Табандылықпен жұмыс істесеңіздер, сіздер де солардың қатарынан көрінесіздер. Бұл жолда мен сіздерге шын жүрегіммен сәттілік тілей­мін. Баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын», деді.Одан бөлек, партия Төрағасының бірінші орынбасары бүгінгі жас буынның бақытты ұрпақ екенін, бейбітшілік пен келісім орнаған, тұрақтылық пен жасам­паздық жайлаған тәуелсіз мемлекетте туып, өскенін айтты. Сондай-ақ Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан барлық игі істер еліміздің ертеңі – жастарға арналатынын жеткізді.Партиялық билеттерін алғандардың арасында танымал әншілер Әли Оқапов пен Ернар Айдар, ел намысын әлемдік спорт ареналарында абыроймен қорғап жүрген кәсіпқой боксшы Жанқош Тұ­раров, шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Гүлісхан Нах­баева, Астана теміржол вокзалының же­текші инженері Ержан Айтпанбетов, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық ком­­па­ниясының туризмді дамыту жөнін­дегі бас менеджері Айбота Жарасбаева, ASTANA CITY велокомандасының спорт­шы Павел Гацкий және тағы басқа да белгілі жастар бар.Солардың арасынан сөз алған Шығыс Қазақстан облысындағы Ғылыми-зерттеу экобиоорталығының педагог-экологы Евгения Беляева «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанғанына қуанышты екенін айтып: «Мен Елбасының барлық бастама­сын қолдаймын. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік мен сияқты жастардың алаңсыз білім алып, жемісті жұмыс іс­теуіне қолайлы жағдай туғызды. Бүгінде Қазақстан жастары ғылым мен білім және басқа да салаларда әлемдік деңгейде жетістіктерге жетуде. Осының барлығы Мемлекет басшысының салиқалы саяса­ты­ның жемісі. Елбасы партиясының мүшесі ретінде ел мүддесі жолында адал еңбек етуге дайынмын», деді.Ал Атырау қаласындағы Baizaar сауда ойын-сауық орталығының басқарушы директоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Медет Байкен Қазақстанда кәсіп­керлерге барлық жағдай жасалып отыр­ғанына тоқталды. Өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сырдария» университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Марат Сәрсенбаев пен Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық орталық аурухананың медбикесі Дина Жақыпова да сөз алып, барша әріптестерін өмірлеріндегі айтулы күнмен құттықтады.Қатарына жас патриоттарды тарту «Нұр Отанның» басым бағыттарының бірі екенін айта кетейік. Тек биыл ғана пар­тияға 23 мыңнан астам жастар өкілі мүше болды. Ал қазіргі таңда «Нұр Отан» сапындағы жас буынның жалпы саны 170 мыңнан асады.

*******

Айбота ЖАРАСБАЕВА, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясының туризмді дамыту жөніндегі бас менеджері:– Астана – Қазақстанның жауһары. Аз уақыттың ішінде әлем таңдай қаққан осындай қала салу тек көреген, дана басшының ғана қолынан келеді. Біздің Елбасымыз сондай тұлға. Өйткені бүгінде Астананы бүкіл әлем мойындап қана қоймай, қызыға да қызғана қарайды.Енді міне, сол Астанамыздың жаһанға тағы бір қырынан танылуына мол мүмкіндік туып отыр. Ол келесі жылы елорда­мызда өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі. Бұл ауқымды іс-шара да Президентіміздің ерен еңбегінің нәтижесі. Мен өзімнің осындай кемеңгер басшының партиясына мүше болғанымды мақтан тұтамын. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесінің жоғары деңгейде өтуіне азғантай болса да үлес қосып, сол салада еңбек етіп жүргенімді мәртебе санаймын.

Ержан АЙТПАНБЕТОВ, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының жетекші инженері:– Жыл өткен сайын еліміздің әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделі артып келеді. Барлық салада тек қарқынды даму жолындамыз. Елбасының дана басшылығымен жолаушылар тасымалы қызметі де айтарлықтай жетістіктерге жетті.Енді аз уақыттан кейін Астана қаласында жаңа темір жол вокзалы іске қосылады. Әлемдік талаптарға жауап беретін бұл нысан Астанамыздың айбынын арттырып, мәртебесін өсіреді.Жас болсам да аталған темір жолда еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Сол үшін елді тек жеңістер мен жетістіктерге бастап келе жатқан Президентімізге алғысымды білдіремін. Бүгіннен бастап Елбасы партиясының мүшесі ретінде маған артылған жауапкершіліктің салмағы артатыны түсінікті. Алдағы уақытта сол талаптың үдесінен шығуға барымды саламын.

Дина ЖАҚЫПОВА, Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық орталық аурухананың медбикесі:– Мен 2011 жылы Қарағанды медицина колледжін тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданы орталық ауруханасына жұмысқа орналасты­мын. Өзім қазақтың келінімін.Елімнің әр жетістігіне балаша қуанамын. Бүгінгі бағындырған белестеріміздің барлығы Елбасының көреген саясатының жемісі. Алдағы уақытта Президентімізге қолымнан келгенше өз қолдауымды көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясына өттім. Енді жауапкершілік бұрынғыдан екі есе артады. Келешекте бар күш-жігерімді Қазақстанның қарқынды дамуына жұмсайтын боламын. Барша отандастарымды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын.

Медет БАЙКЕН, Атырау қаласындағы Baizaar сауда ойын-сауық орталығының басқарушы директоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:– Мен Елбасымыздың тікелей бастамасымен жүзеге асы­рылған «Болашақ» бағдарламасының түлегімін. Ол мен үшін үлкен мәртебе. Биыл жазда біз Атырау қаласында сауда ойын-сауық орталығын аштық. Соның арқасында 1000-нан астам атыраулық жұмыспен қамтылды. Гипермаркетімізде көбіне отандық өндірушілердің тауарлары сатылады. Бұл елімнің дамуына қосқан менің үлесім деп білемін.Елімізде іскерлік ортаны дамыту мақсатында барлық қо­лайлы жағдай жасалған. Сол себепті кәсіпкер ретінде өзімді нақты істер партиясы қатарында көргім келеді. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының арқасында Қазақстан қазіргіден де биік белестерді бағындыратынына сенімдімін. Барша қазақстандық жастарды ел мүддесі жолында күш біріктіріп, Елбасының игі істерін лайықты жалғастыруға шақырамын.

Юлия МОНТАРАДИ, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы:– Көкшетау қаласындағы А.Мырзахметов атындағы университетте жұмыс істеймін. Мамандығым туризм саласы болғандықтан EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесінің Қазақстанда өтетініне қуаныштымын. Өйткені осы іс-шара барысында елі­міз­ге көптеген туристер келеді. Сол көрмеде жас ғалымдардың өз жаңалықтарын таныстырғаны өте маңызды.Мен Ақмола облысында өткен Akmola-POWER иннова­циялық байқауының қатысушысымын. Біздің командамыз онда өз жобасын таныстырды. Осындай жобаларды жастардың арасында іске асырудың маңызы зор.Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде осындай айтулы мерекеде партия қатарына өтуді мақтаныш санаймын. Себебі, ол бүкіл халық зор сенім артқан біздің Лидеріміз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясы.

Евгения БЕЛЯЕВА, Шығыс Қазақстан облысындағы Ғылыми-зерттеу экобиоорталығының педагог-экологы:– «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасымен танысқанымда, ондағы білім беру жүйесін жетілдіруге, үш тұғырлы тіл баста­масын дамытуға айрықша көңіл бөлінгеніне ерекше назар аудардым. Осы салада өз үлесімді қосу мақсатында партия қатарына өтіп отырмын.Оқушылармен жұмыс істей жүріп біз экология тақырыбын жиі қозғаймыз, соның арқасында мектеп жасындағы балалардың бүгінде өзекті болып саналатын «Жасыл экономикадан» хабары бар екенін жеткізгім келеді. Бұл тақырып оларды қатты қызық­тырады. Сондықтан жас жеткіншектеріміз баламалы отын, экологиялық таза өндіріс мәселелерімен айналысуда.Бізге осылайша ғылым саласында алаңсыз жұмыс істеуімізге Елбасының салиқалы саясаты мүмкіндік беріп отыр. Мен тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Сол себепті дәл осындай айтулы мерекеде партия қатарына өтіп жатқанымды мақтан тұтамын.

Александра СУРНАЧЕВА, Қарағанды облысындағы «Компания регион» ЖШС директоры:– Партиялық билетімді осындай салтанатты жағдайда алу – мен үшін зор қуаныш. Ұйымның көздеген мақсаттары мен құндылықтары маған жақын болғандықтан «Нұр Отанға» өту туралы шешім қабылдадым.Елбасымыз «Тәуелсіздік – ең қасиетті құндылығымыз» деп, бізге егемендікті көзіміздің қарашығындай сақтауды тапсырды. Мемлекет басшысының жанкештілігінің арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Біздің бәріміздің де мұратымыз – осындай мемлекетте өмір сүруге ұмтылу. Біз экономикалық әл-ауқаты мықты, бейбітшілік пен келісім сал­танат құрған, сапалы медициналық қызмет көрсетілетін, білім алу үшін барлық жағдай жасалған елде өмір сүреміз.Осының бәрі де «Нұр Отан» партиясының идеологиясында көрініс тапқан. Партия қатарында жүріп маңызды іс-шаралардың белсенді қатысушысы болып, Қазақстанның дамуына үлесімді қосқым келеді.

Қуаныш СЕЙСЕМБАЕВ,Toptyres.kz ЖШС бас директоры:– Шағын және орта бизнес – кез келген елдің экономикалық жағынан өсуі мен өркендеуінің негізі. Осыны жақсы білетін Елбасымыз бұл саланың қарқынды дамуына барлық жағдайды жасап отыр. Елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын деген аза­матқа мемлекетіміз еркін мүмкіндіктер алаңын қалыптастырды. Енді «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде еліміздің одан әрі өркендеп, дамуы үшін барымды саламын. Себебі, ел үшін қызмет ету – жастың да, жасамыстың да парызы.

Іңкәр ҚАРАШАЕВА, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы ақпараттық қызмет бөлімінің редакторы:– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге алдымыздағы бағыт-бағдарымызды айқындап, жүрер жолымызды нақтылап берді. Енді әрбір қазақстандық сол жолда талмай еңбек етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға күш жұмсауы тиіс. Осы бағытта көпке үлгі болған, еліміздің жетекші саяси пар­тиясы – «Нұр Отанның» мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойы қар­саңында жүзеге асқанын жақсылықтың нышаны деп санаймын. Әр қазақстандық Отанымыздың гүлденіп, көркеюіне үлес қосуы керек. Соның ішінде жас ұрпақ аға буын салып берген жолдан жаңылмай, Елбасы бастаған тың бастамаларды одан әрі жалғауға міндетті. Елбасы партиясының мүшесі бола отырып, Президентіміздің Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуды көздеген бастамасына үлесімді қосамын.

Марат СӘРСЕНБАЕВ, «Сырдария» университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:– Бүгін мен үшін өмірімдегі ең маңызды күн. Себебі, мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының партиясына қабылдандым. Партия дарынды да еңбекқор жастарға үлкен сенім артуда. Біз партия сенімін ақтаймыз. Қазір мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы болып жұмыс істеймін. Әрі «Сырдария» КВН коман­дасының капитанымын. Біздің командама 2014 жылы премьер-лига ойындарының чемпионы атанып, 2015 жылы жоғары лигада 3-орын алды. Партияның және «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен бірнеше жылдың ішінде «Жайдарман» ойындарының деңгейі артып келеді. Біз, жастар, Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдап, басты жетістігіміз – Тәуелсіздігіміздің нығаюына барынша өз үлесімізді қосамыз.

Жанқош ТҰРАРОВ, кәсіпқой боксшы, NBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы:– Спортшы ретінде әлемнің әр түкпірінде боламыз. Сол кезде барлық жерде Қазақстанды танып, құрметтеп жатады. Бұл Тәуелсіздіктің 25 жылында әлемде өз орнымызды айқындап, беделді мемлекетке айналғанымыздың белгісі. Осы ерен еңбек­тің барлығы Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Мен Президентіміздің барлық бастамасын қолдаймын. Елбасы төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретуге бар күш-жігерімді саламын.

Гүлісхан НАХБАЕВА, шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер:– Партия жұмысы мен тарихы мені бұрыннан қызықтыратын. Менің көзқарасым мен дүниетанымым әрдайым Елбасымыздың ұстанған саясатымен сәйкес келеді. Сондықтан мен партия қатарына өтіп, ұлтымыздың өркендеуі, еліміздің гүлденуіне өз үлесімді қосу туралы шешім қабылдадым. Елбасымыздың арқасында отандық спорттың қарқынды дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Соның арқасында спортшыларымыз биылғы Рио Олимпиадасында жемісті өнер көрсетіп, еліміздің мерейін үстем етті.Сонымен қатар Қазақстан шахматының да әлемдік аренада үлкен беделге ие екенін айтқым келеді. Шахматшы ұл-қызда­рымыз ел намысын абыроймен қорғап, еліміздің танылуына өз үлестерін қосуда. Біздің алаңсыз жаттығып, жеңіске жетуімізге еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің септігі мол. Сондықтан Елбасымызға шексіз алғысымызды білдіремін.

Павел ГАЦКИЙ, Astana City құрлықтық велокомандасының спортшысы:– «Нұр Отан» партиясының басты мақсаттарының бірі қа­зақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мен қордаланған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету болып табылады. Енді мен партия мүшесі ретінде еліміздің гүлденуіне үлесімді қосамын.Партияға өту мен үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады, кәсіби спортшы болып қалыптасуыма әсерін тигізеді деген ойдамын. Еліміздің өркендеуіне атсалысу – әр қазақстандықтың абыройлы борышы. Сол себепті, ендігі менің басты міндетім – спорт саласында Қазақстанның танылуына өз үлесімді қосу. Соған орай, келешекте осы жолда аянбай еңбек етемін.

Әли ОҚАПОВ, әнші:– Өнер, спорт, кәсіпкерлік саласындағы жастарды қолдап, еңбектерін ескеріп, әрдайым көңіл бөліп отыратын «Нұр Отан» партиясына ерекше алғысымды білдіремін. Елбасының партиясына мүше болу арқылы еліміздің өркендеп дамуы үшін бар күш-жігерімді саламын.Отаным – Қазақстанға қызмет ету – менің парызым, перзенттік міндетім. «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтуім­ді ел үшін еңбек етудің бір жолы деп түсінемін. Біз Ел­басымен біргеміз!

Ернар АЙДАР, әнші:– Барша отандастарымды бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен және алдағы Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз бүгін жай ғана партия мүшесі атанып қоймай, Елбасының сенімін алып отырмыз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан барша әріптестеріме сол сенімді абыроймен ақтауды тілеймін.Қазақстанның қарқынды дамып, көркеюі – Мемлекет бас­шысының ерен еңбегінің жемісі. Біз, Қазақстан жастары, Президентіміздің барлық бастамасын қолдап, жалғастыруға дайынбыз.Елбасымыз мәдениет пен өнер саласын әрдайым назарында ұстап, лайықты қолдау жасап келеді. Сол себепті де өнер адамы ретінде мен Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз алғысымды білдіремін.

Мәдижан ӘБДУҒАЛИЕВ, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының автор-сценарисі:– Егемен елімнің еркін ойлы азаматы ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өткеніме қуаныштымын. Мен Тәуелсіз елдің төл перзенті болғанымды бақыт санаймын. Өз Отаныма адал қызмет ету – басты парызым. «Нұр Отан» партиясы жастарға үнемі қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда партияның «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві» сынды жобалары жастардың еңбекке орналасуына мүмкіндік туғызып, өз армандарын жүзеге асы­руына көмек беріп келеді. Республика жастарының сүйікті ойынына айналып үлгерген «Жайдарман» ойындары «Жастар Отанға» атты кең көлемді жобасының аясында жүзеге асырылуда. 2013 жылы «Жас Отан» қолдаған «Жайдарман» ойындарының чемпионы атанып, бала күнгі арманымның бірі орындалды. Бұл – менің үлкен жетістіктерімнің бірі деп білемін. Елбасының арқасында 25 жылдың ішінде әлем елдері арасында айшықты орнымызды қалыптастырып, бағытымызды айқындадық. Түндігіміз түрулі, туымыз тігулі, тілегіміз тыныш­тық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!