«25 жұлдызды күн». Аталмыш акция аясында кентаулықтар ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын есте қаларлықтай етіп, тойлауда. Тоқырау жылдары тұрмысы қиындаған қаланың қазіргі жағдайы басқаша. Еңсе тік, перзенттерінің қадамы нық. Толқынды толқын қуып, өсіп келеді. Мерейлі той қарсаңында кеншілер қаласының бірнеше жасы қолына Қазақстан азаматы екенін айғақтайтын құжат алды.
Оң-солын танып, он алтыға толғандарға құрмет қаладағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында көрсетілді. Алғашқы құжаттарын салтанатты шарада алған жастар мәз-мейрам. Сөз кезегінде Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев: «Егемендікке бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырдық Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Бүкілхалықтық мерекеге орай өткен шараның жастардың бойында отансүйгіштік сезімін нығайтуға сеп болады. Аз уақыттың ішінде біздің еліміз үлкен жетістікке қол жеткізіп отыр» - деді.
Қазақстан Республикасының азаматы атану – үлкен жауапкершілік. Кешегі тұлымшағы желбіреген ойын баласы бүгінде өздерінің ес жиып, еңсе тіктегендерін сезініп тұр. Төлқұжат тапсыру салтанаты кенді мекенде айтулы мерейтой қарсаңында ұйымдастырылды. Елім деп, ерлеген
батырларымыздың арқасында Қазақстан егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 130-дан астам түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілігі асқақтаған өлкеде, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүру - әрбір перзент үшін бақыт әрі мақтаныш екені даусыз.