$ 498.51  522.84  4.81

Тәуелсіздікте абаттанған ауыл

Оңтүстік Қазақстан облысында шалғай жатқан ауылдар көп. Әсіресе, Бәйдібек, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби сынды таулы аудандарда орналасқан елдімекендердің арасы бір-бірінен тым алшақ. Ол жаққа атбасын бұрсаңыз, қаңыраған емес, көгеріп, жайқалған жер жәннатына барғандай боларсыз. Таза ауыз, асфальтталған көше, жарық, көгілдір отын барлық жағдай жасалған.

Әрине, арасында мәселесі шешілмей қалғандары да жоқ емес. Бірақ, көбінде көркейген елді, ондағы қым-қуыт тіршілікті көресіз... Жамбыл – Бәйдібек ауданындағы ажары кіріп, абаттанған ауылдардың бірі. Жұдырық болып жұмыла ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойын тойлауды бастап кетті. Себебі, жамбылдықтар да ширек ғасырда жеткен жетістіктерімен, тәуелсіздік тарту еткен сыйларымен мақтана алады. Қазіргі таңда әкімдік орталығында асфальттанбаған көше жоқ. Ауылға кіре берісте жаңа типті Мәдениет үйі бой түзеген. Одан төменіректе жылыжай жыл бойы жұмыс істеп, ауыл тіршілігіне қан жүгіртіп отыр. Кеңес одағынан қалған типті балабақша қайта жаңартылып, заман талабына сәйкестендірілді. Жүзден аса бала бақыт мекеніне барады. Сондай-ақ, орталықтағы Жамбыл атындағы мектептің жанына қосымша спорт зал салынды. Жүзімдікте де зәулім білім ошағы салынып, жаңа типтегі фельдшерлік-акушерлік тірек жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Шыбыттағы ауылдық клуб та күрделі жөндеуден өтіп, жұртшылықты қуанышқа бөледі.

«Алғашқы жылдары көпшілік үй-жайын тастап, күнкөріс қамымен басқа жаққа көшіп кетті. Қазір кересінше, көбейіп отырмыз. Ауылда ауыз су проблемасы жоқ. Ендігі мақсат көгілдір отын кіргізу»-дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі К.Ахметов. Қалың қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, келешек үшін елдің дамып, түрленуі жолында баршаны бірлікке шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары