Бәйдібек ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты атап өту үшін бірқатар нақты шаралар қолға алынды. Солардың ішінде көркейту, көгалдандыру жұмысы бірінші орында жүзеге асырылып отыр.
Бекітілген жоспар бойынша Бәйдібек аудандық Боралдай филиалына қарасты ерекше қорғауға алынған аймақтарда осы кезге дейін егілген көшет саны 118000 болатын. Қазіргі таңда жасыл желектер 226000 данаға ұлғайып отыр. Наурыз, сәуір айларында орман тұқымбағына көшеттерді толықтыру мен өсіру мақсатында қолға алынған жұмыстардың бірі фисташка өсіру болатын. Бастама орындалды. Биылға пісте көшетінің 100 данасы дайын. Өткен жылғы күзде 0,65 гектар жерге егілген үйеңкі тұқымынан 96846 дана көшет алынды. «Сервис» алмасының тұқымы 0.01 гектарға себіліп, үш жарым мыңнан астам дарақ дараланды. «Ал, жиде тұқымы 8400, қарағай көшетті 151 данаға жетті. Осы өсімдік тұқымдарын өрттен, заңсыз кесуден қорғау, орман және өсімдіктер дүниесін қорғау, өсімін молайту кезең-кезеңімен жүзеге асыру аталған филиал қызметкерлерінің басты борышы саналады»,-дейді Боралдай филиалының директоры С.Серікбаев: - Тәуелсіздіктің еңсерген тағы бір тұсы, елімізге көптеген туристер келе бастады. Осыған байланысты Бәйдібек ауданында 4 туристік: Теректі, Қошқар ата, Ақбастау, Қостұра демалыс аймақтары жұмыс істеп тұр. Ерекше екшейтін тұс, Теректіден қонақтарға қызмет көрсететін екінші база іске қосылды. Осының арқасында аталған аймақтарға баратын жолдар толықтай жөнделіп бітті. Ендігі меже – туристік орындардың қызмет көрсету саласын бүгінгіден де жетілдіре отырып, егеменді елімізге сапарлап келуші шетелдік қонақтардың санын арттыру.