07.12.2016, 04:17

Тәуелсіздік – ұлттың тірегі

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ОҚО Бәйдібек ауданындағы Бөген, Алмалы, Ақбастау, Алғабас, Көктерек және Жамбыл, Шаян ауылдарында ұмыт қалған ата-дәстүр жаңғыртылды. Мақсат – бабадан мирас болып жеткен әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттап, жастарды өнерге баулу.

Шара барысында елдіктің бір белгісі саналған ерулік, тұсаукесер рәсімдері сахналанып, ауыл әжелері мен ұстаздар дәстүрді мейлінше түсіндіруге тырысты. Ақбастау мәдениет үйінің меңгерушісі Б.Есқабылова, Г.Мұсаева бастаған ару аналар тобы бүгінде ұмытылып бара жатқан «Дәмету», «Қазан жарыс» және «Бесікке салу» ғұрпын шынайы орындап, ерекшеленді.

«Тұсаукесер – қазақ халқы үшін орны бөлек той. Бұл рәсімнің баланың болашағына, оның өмір соқпақтарында сүрінбесін, жығылмасын деген сеніммен орындалады», - деді шараға қатысқан А.Жандәулетова.

Қазақ ежелден «Ат тергеу» дәстүрінде келін алдымен түскен жерінің үлкен-кішісі, ерлер мен әйелдеріне ат қоя білуі тиіс екенін ұмыттырмаған. Яғни қайын жұртын тікелей атымен атамай, ишаралап есім беруге үйреткен. Бұл жас келіннің түскен жеріне, еріне, оның туыстарына көрсеткен ізгі-құрметі боп саналған. Ат тергеу кезінде жаңа түскен келіннің мінезі, келбеті, бойындағы ерекше қасиетіне, тапқырлығы мен ақылдылығына үлкендер жағы зейін қойып, баға берген. Осы дәстүрдің маңыздылығы «Шабыт» ауылдық клубының мүшелері қойған көріністерде әдемі сахналанды. Атадан балаға аманат мұндай дәстүрлерді қайта жаңғырту иісі қазақтың ұлттық болмыс-бітімін аша түсетіні анық. Ал, Тәуелсіз елдің байлығы - өткеннен қалған осындай мол мұрасында, деп тарқасты шараға қатысушылар.