Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ОҚО Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов елдімекенінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта бұл жерде тұрғындарға кеңес беру орталығы да жұмыс істейтін болады.
Елбасының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жолға қойылған кредиттік мекеме Оңтүстікте 2015-2019 жылдар аралығында 1500 000 шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлаған. Алғашқы қадам сәтті жүзеге асып, былтыр Шымкентте жүзге тарта отбасы қоныс тойын тойлады. Өз баспаналарына қол жеткізіп, шатыққа кенелген болатын. Бүгінде салымшылардың көңілінен шығып отырған банк күнгейдің ірі аймақтарынан филиалдарын ашып отыр. Оның ішінде Мақтарал, Сарыағаш аудандары бар болса, бұл ретке енді түлкібастықтар қосылды. Бұдан былай жергілікті халық Шымкентке сабылып, күні ұзаққа кезек күтіп отырмайды. Ауданның өзінен ашылған бөлімшеден жеке шот аштыруларына болады. Көп жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келген жандар үшін тиімді ұсыныстар бұрынғысынан да арта түспек.
Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында қызмет көрсететін бөлімшенің салтанатты ашылуы мерекемен дөп келді. Мұны жақсылыққа балаған бұқара, аудандағы бірталай отбасының арманы жүзеге асатын болды деп, қуанып отыр. Айтып өтейік, нысанның лентасын қиюға аталған банк басшысының орынбасары Ж.Нарбекұлы, Түлкібас аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Ботбаев, Майлыкент ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Шонанов қатысты. Ауданның бас ақыны Ә.Аралбайұлы жырдан шашу шашса, мекеме тарапы өздерінің белсенді салымшыларын алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.