Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында «Жастар бейбітшілікке жол бастайды» атты «Жайдарман» аймақтық лигасы ұйымдастырылды. Оған аудан көлемінде кіл мықты 8 команда қатысты деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шараға Түлкібас аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қазақстан Республикасы КВН одағы» РЖҚБ аудандық филиалы ұйытқы болды. Састөбе поселкесіндегі мәдениет үйінде бас қосқан жайдарманшылардың оза шыққандары облыстық бәсекеге жолдама алды.
«4 жылғы үзілістен кейін Түлкібаста «Жайдарман» лигасы қайтадан жанданды. Бүгін аудан орталығында өткен сайыста командалар облысқа берілетін жолдаманы сарапқа салды. Түлкібастық жайдарманшылар ертеңгі күні Есен Елеукен мырзаның басшылығымен өтіп жатқан республикалық сайыста өнер көрсетіп жатса, таң қалмаңыздар. Өйткені, жастар ойнаған астарлы әзілдер мен көңілді қалжыңдар кейінгілерді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Олай болса, барлығыңызға сәттілік тілей отырып, Тәуелсіздің мерекесімен құттықтаймын»,-деді аудан әкімінің орынбасары Жанар Бектаева. Келешектің кемелденуін бірлікпен ұштастырған жайдарманшылар әрбір ойды зілді әзілдерімен жеткізе білді. Тақырыптан ауытқымай, жанрды сақтаған топтың ішінен 1-орын Б.Момышұлы мектебінің «Момышұлы корпорациясына» бұйырды. Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің «Агро Ас» командасы екінші, Абай атындағы жалпы орта мектебінің «Абай жастары» үшінші орыннан көрінді.