04.12.2016, 09:40

Тәрбие басы – тал бесік

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ОҚО Түлкібас ауданы тәрбиешілердің еңбегі сараланды. «Мен Қазақстанның болашағамы» атты байқау бүлдіршіндердің ғана емес, оларды тәрбиелеп, білімге баулып отырған педагогтарының да сайысы болды.

Іріктеуден екі команда іркілмей өтті. «Қарлығаш» және «Жас қыран» топтары ойынның шарты бойынша әзірленген 6 кезеңде де белсенділік танытты. Таныстыру, мақал ойлап-жалғастыру, қоржындағы түрлі-түсті асықтарды көрмей алып, соған мәтел құрастыру – балалардың логикалық ойлау қабілетінің шапшаңдығын байқатты. «Жас қыран» тобы  «Ырыс алды - ынтымақ» ертегісін, ал «Көгершін» тобы «Тәуелсіздік таңы» әңгімесін сахналап, көрермендердің ықыласына бөленді. Қыз бен ұл айтысы, қолөнер сайысы да шараның шырайын аша түсті. «Мерекенің қызған шағын бүлдіршіндерге қарап байқап отырмын. Қандай керемет! Дайындық та, ана тілге деген құрмет те ғажап! Отансүйгіштік сезімдеріңіздің лебі айқын сезіліп тұр»,-деді қазылар алқасының мүшесі, Түлкібас аудандық мәслихатының хатшысы Өтепбай Маткеримов. Аудан әкімінің орынбасары Жанар Бектаева да бүлдіршіндерді зерек етіп тәрбиелеп отырған тәрбиешілер тарапына алғысын білдірді.

Жанар Бектаева, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:

-Негізгі мақсат – тәуелсіз еліміздің болашағы – жас ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, туған жері мен елін қадірлеуге, оны қорғай білуге тәрибелеу... Мазмұны терең, тілі көркем шығармалар арқылы балалардың сөздік қорын байытып, әңгімелсу барысында мақалдарды байланыстырып сөйлеуін жетілдіру болатын. Берілген тапсырмалар тиянақты орындалды. Кішкентай болса да, болашағы үлкен балалардың беталысын қарап, қуанып қалдым. Тәуелсіз ел ұрпақтарымен жасасын!

Сайыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды.