$ 498.34  519.72  4.85

Тәуелсіздік жылдары Төлебиде 29 мектеп салынған

Қазақстанның егемендікке қол жеткізіп, азат ел атанғалы әлеуметтік салаға қан жүгіріп, көптеген жарқын жобалар қолға алынды. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында тәуелсіздік алған соңғы 25 жылда 29 білім ұясы салынып, балғындар игілігі үшін қызмет етіп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық филиалында есеп берген аудан әкімі Бұхарбай Пармано мәлім етті.

Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігін екшеп, атқарылған жұмыстарды саралаған аймақ басшысының айтуынша, ширек ғасыр ішінде таулы ауданда талай тірлік тындырылған. Сондай-ақ, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ұяларының проблемасы түбегейлі шешілген.

Ал, азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызға жеткен. Бірақ, кейбір істің кері кеткені де аңғарылады. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын аудан орталығын ауызсумен қамту үшін 4 млрд. теңге бөлінгенімен, тұрғындар әлі күнге дейін сапалы суға қол жеткізе алмай отыр.

Таулы ауданда қазір 40-тан астам туристік нысан бар. Олардан бюджетке жылына 80 млн. теңге көлемінде қаржы түседі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін қазір ауданда жолдар жөнделуде. Осындай бастамалардың нәтижесінде аудандағы жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайызға кеміген.

Тек күрделі күйінде қалып отырған саланың бірі - жұртты жарықпен қамту. Өйткені, аудандағы электр желілері мен трансформаторлардың тең жартысы тозған. Қазір еліміз бойынша ұсақ шаруаларды ірілендіру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта төлебиліктердің де қадамы қарышты. Егер осы жұмыс нәтижесін берсе, онда ірі қожалықтардың саны артады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары