Жоғары көрсеткіш! Сарыағаштықтардың Тәуелсіздік жылдары ауылшаруашылық саласынан өндірген өнім көлемі еселі. 1991 жылы 521,5 млн. теңге болса, 25 жылда 125 есеге өсіп, 60 200 млн. теңгені құрап отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Басқа-басқа білім ошақтарының салынуы да осы ауданда рекордтық көрсеткішке ие. Кеңестік кезеңде бір облыста әзер салынатын 1 ғимарат еркіндік таңы атқан соң, Оңтүстіктің әрбір ауылында, қос-қосынан бой тіктеді.
«Азаттықтың ақ таңында Сарыағашта 54 мектеп салынды. Жер емген шаруалар тамшылатып суару әдісін меңгеріп, осы тәсілмен аудандағы жалпы көлемі 5035,0 гектар жерге тіршілік нәрі беріліп отыр. 1991 жылы ауданда 30 елді мекен ауыз сумен қамтылған болса, 2016 жылы 69 елді мекенге ауыз су кіргізіліп, 44,8 пайызға өскен. Ал табиғи газбен егемендік алған жылы аудандағы 10 нысанға ғана газ құбырлары жүргізілген болса, бүгінгі күні 154 елді мекеннің ішінде табиғи газбен 66 елді мекен қамтылып, 42,9 пайызды құрап отыр», - дейді аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев.
Өзге де салаға тоқталған аудан әкімі, қазіргі таңда аудандағы емдік сауықтыру орындары шипажайларына келушілердің қатары көбейіп, туризм саласы 7,3 есеге артып отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік, құрылыс, мәдениет, әлеуметтік және денсаулық сақтау секілді салаларда да тың өзгерістер бар. Халық саны да артқан. Егемендік алған жылы аймақтағы тұрғындар саны 201 мыңнан әзер асса, дәл бүгінгі күнге бұл есеп 323785-ке теңесті.