Мұқым қазақтың мерейлі мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойын түркістандықтар да дүбірлетіп атап өтті. Айтулы шарада бірқатар азаматтар қалаға сіңірген еңбегі үшін арнайы төсбелгілерімен марапатталды. Азат елдің бейбіт тұрмысы дәріптелген жиында түбі бір түркі жұртының бірлігі мен ынтымағы әңгімеге арқау болды.
Барша түркі жұртының ортақ астанасына айналған Түркістан – ынтымақтық пен бейбіт келісімнің айқын дәлелі, - дейді жергілікті тұрғындар. Сөз кезегінде шаһар басшысы да жерлестерін айтулы меркемен құттықтап, толағай табыстар тіледі.
Салтанатты шара барысында кенттің қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар арнайы төсбелгілермен наградталды. Осылайша, түркістандықтар да азаттық тойын ерекше қарқынмен атап өтті. Жеткен жетістік пен алған белес дәріптелген шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бейбіт күнге көңілі марқайған ағайын әсем әннің тербеуінде көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында облыстың барлық аудан-қалаларында еңбегі сіңген азаматтар марапатталуда. Сондай-ақ, егемендік жылдарында жеткен жетістіктер насихатталып келеді.
Сондай-ақ, облыс аумағында «25 жұлдызды күн» акциясы да өтіп жатыр. 21 қараша күні басталған жоба 15 желтоқсанда өз соңына жетеді. Акция аясында түрлі мерекелік, концерттерн, спорттық шаралар, рухани кештер және өзге де іс-шаралар өтіп жатыр.