Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне бүгінде 25 жыл. Жас мемлекет тегеурінді елге айналу үшін осындай бел-белестерден өтті. Толағай табыстарға жетті. Осы жолда шүмектеп тер төккендер ОҚО Ордабасы мен Бәйдібек аудандарында да құрметке бөленді деп хабарлайды "Қазақстан Шымкент" телеарнасы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ордабасы ауданының қазынасы – 172 млн. теңге төңірегінде болған. Ал, биыл 15 млрд.-қа жуықтады. Инвестиция көлемі 10 млн. теңгеге әрең жетсе, қазір бұл көрсеткіш 7 млрд.-қа жетті. Осыдан-ақ, тәуелсіздік әкелген табысты бағамдай беріңіз.
1995 жылдары ауыл шаруашылығының құрылымы 8 мыңнан аспайтын. Бұл облыс бойынша екі пайызды құрайтын. Биыл 72 мыңға жетіп, 77,5 пайызды құрады.
Ал, Бәйдібекте әр сала бойынша қызмет етіп жүрген кіл мықтылар анықталды. Оларға ерекше ілтипат көрсетіліп, сияпат жасалды. Ширек ғасырлық шежіреде сүбелі үлесі барларды аудан басшысы арнайы құттықтады.
Ауданда ауыз толтырып айтар жетістіктер молшылық. Тәуелсіздік алғалы 21 мектеп пен 4 балабақша және 18 медициналық мекеме бой көтерді. Сондай-ақ, 36 елдімекенде қолдан ұрықтандыру бекеті мен 67 пәтерлі тұрғынүй ел игілігіне берілді.
Айта кетейік, Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында облыстың барлық аудан-қалаларында еңбегі сіңген азаматтар марапатталуда. Сондай-ақ, егемендік жылдарында жеткен жетістіктер насихатталып келеді.
Гүлмира Оңласбек.