$ 487.24  529.34  5.02

ОҚО-да Тәуелсіздік жетістіктерін баяндайтын кітаптардың тұсауы кесілді

Бүгін Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып жарық көрген «Тәуелсіздік тебіреністері» шығармалар жинағы мен «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» фотоальбомының, «Қазақстан жолы: Ұлт көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының еңбектерінен жинақталған үш кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, жаңа туындылардың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, осы күні келушілер назарына егемендік жылдарында Елбасымыздың Оңтүстікке жасаған сапарлары мен өңірде атқарылған игілікті істер баяндалған «Тәуелсіздік Тұғырым» деректі фильмі тұңғыш рет ұсынылып, таныстырылды.

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері мен мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғым. Өйткені Қазақстандағы қайбір жетістік те Ұлт көшбасшысының жанқиярлық ерлігімен, елдің ерен еңбегімен тікелей баланысып жатыр. Мұны сіздер Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай облысымызда шығарылып отырған бүгінгі кітаптардан да айқын аңғара аласыздар», - деді Ж.Түймебаев.

Облыс әкімі кітапхана басшылығына Түркия елінен арнайы жолданған  Елбасы туралы бірнеше журнал мен кітаптарды да тарту етті. Түрік елінің сазгерлері әзірлеген Елбасы туралы әндер жинағын да арнайы таныстырды.

«Тәуелсіздік тебіреністері» кітабында өңіріміздің айтулы қаламгерлерінің туындылары жинақталып, жарияланған. «Қазығұрт» баспасынан 1000 данамен жарық көріп, тұсауы кесілген жинақ «Поэзия», «Проза», «Публицистика» атты үш бөлімнен тұрады.

«Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» кітабында – Оңтүстік Қазақстан облысының ширек ғасырдағы жетістіктері баяндалады. Мұнда өңірдегі әр сала бойынша 25 жылдық көрсеткіштер паш етіліп, облыс халқының осы ширек ғасыр ішіндегі тар жол, тайғақ кешуден өтіп, небір қиындыққа қайыспай еткен еңбегі, төгілген маңдай тері, қол жеткен жетістігі қамтылады.

Ал үшінші басылым - «Қазақстан жолы: Ұлт көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының құнды еңбектерінен жинақталған кітапта таяуда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстіктік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен халықаралық ғылыми конференциядағы ғылыми мақалалар орын алған. Онда АҚШ, Канада, Ирландия, Оңтүстік, Корея, Ресей Федерациясы сынды мелекеттер ғалымдарының ортақ талқыға түскен 300-дей баяндамаларын оқуға болады.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары