$ 444.22  476.38  4.82

Оңтүстіктен шыққан өнер жұлдыздары Шымкентте қайырымдылық концерт берді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан өнер жұлдыздарының қатысуымен «Туған елге тағзым» атты қайырымдылық концерті  өтті.

Қайырымдылық концертке еліміздің сахналарында өнер көрсетіп жүрген «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана», «Шымкент-шоу» сатира театрларымен қатар облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, сондай-ақ, қазақ эстрадасына танымал Марат Омаров, Таңат Мамырханұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Шахизада Байпатшанова, Қанат Үмбетов сынды әншілер қатысып, жерлестеріне мерекелік көңіл күй сыйлады.

Концерттен түскен 2 миллион теңге әлеуметтік жағдайы төмен, қоғамдық көмекті  аса қажет ететін 8 отбасыға 250 мың теңгеден үлестірілді.

«Туған жерге тағзым» қайырымдылық шарасында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов барша қатысушы ордалы Оңтүстік өңірінің төл перзенттеріне алғысын білдірді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстағы барлық мәдени мекемелер мен мәдениет үйлерінің өнер қызметкерлері тұрақты түрде өңіріміздегі ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне барып, арнайы қойылымдар мен іс-шаралар ұйымдастырып балғын балаларды қуантуда.

Айта кету керек, дәл осындай шара Оңтүстік Қазақстан облысында бұрын-соңды орын алмаған. Облыс әкімінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ОҚО-да туып-өсіп, республика мен әлемге танымал болған тұлғалар туған жерінде баршасы бірдей алғаш рет бас қосып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары