Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы! Айтулы мерекені әркім әр түрлі игілікпен қарсы алуда. Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт Нұры» шаруа қожалығы 25 жылдық мерейтой құрметіне 25 тонна қызанақ жинап алды. Мемлекеттен қамқорлық көрген кәсіпкер мереке күні еңбегінің жемісін елге тарту етіп, базар нарығынан төмен бағада сатуға бел буды.
Қазығұртта биыл 89 гекттар жерге жылыжай салынды. Шаруалар одан нәсіп еткен өнімін алып, жаңа бастаманы пайдалы кәсіпке айналдырып үлгерді. Ендігі мақсат - баға тұрақтылығын қалыптастыру. Осындай мәселені шешу үшін ауыл кәсіпкері Серік Орманов жерлестеріне жеңілдік жасады.
Бұл жылыжайдағы қызанақтың сорты өзгеше. Әр түбі 10 келіге жақын өнім береді. Серіктестік жиын-терім кезінде 50-ге тарта адамды жұмыспен қамтиды.
Бейбіт заманның мүмкіндігін сарқа пайдаланған кәсіпкер 2 га жерге жылыжай салып, қысы-жазы елді көкөніспен қамтып отыр. Артылған өнімді көршілес өңірлерге апарып сатуда.
Айта кетейік, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы Оңтүстік Қазақстан облысында кең ауқымда аталып өтті. 21 қараша күні басталған «25 жұлдызды күн» акциясы 15 желтоқсанға дейін жалғасып, ол жүздеген мерекелік шараны қамтып отыр. Атап айтқанда, концерттік бағдарламалар, рухани және әдеби кештер, спорттық жарыстар, ұлттық спорт турнирлері, қолөнер шеберлерінің және суретшілердің көрмелері, балаларға арналған байқаулар – бәрі де осы 25 күннің шеңберінде өткізілді.