$ 444.22  476.38  4.82

Баба есімі ұлықталды

Түркiстанда осы өңірді қырық жыл басқарып, қала болып қалыптасуына ғұмырын арнаған, Ресейдiң ІІ Думасында қазақ халқының мұңын жеткiзiп, елiн сақтап қалу жолында қажыр қайратын жұмсаған Тiлеулi Аллабергенұлына 160 жыл толуына орай аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Айтулы шара ел Тәуелсіздігінің мерейтойын атап өту акциясы аясында өткізіліп отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесі және Түркістан қалалық әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен жиынға өңірдегі зиялы қауым және мекеме басшылары мен жастар қатысты. Сонымен бірге, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырылған конференцияға Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қатысты. 

Алғашқы сөз кезегін алған шаһар басшысы Ә.Өсербаев: «Тәуелсіздік алып, барымызды түгендеудің нәтижесінде асыл тұлғаларымыздың үлкен бір шоқ жұлдыздары қайтадан жарқырай көрініп келеді. Міне, соның дәлелі Тілеулі Аллабергенұлының есімі жаңғыртылуда. Өз дәуірінде ел арасында жомарттығы мен танылған Тілеулі Түркістан өңіріне басшылық жасағанын білеміз» - деді. Осылайша бастау алған жиында сөз алған ғалымдар мен игі жақсылар текті тұлға жөніндегі дәйекті деректерін бандап, тарихтың жаңа парақтарын ақтарды. Соның ішінде, экс-сенатор Ө.Озғанбаев «Ресейдiң Мемлекеттiк Думасы, оған қазақ даласынан сайланған депутаттар» атты баяндамасында Тілеулімен қатар өзге де тұлғалардың есімдерін атап, Ұлы даланың дарабоз перзенттерінің қатары мол екендігін ұғындырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары