$ 446.49  475.38  4.79

Ұлтын ойлаған ұрпағын түзейдi

Жетiсай қаласындағы №119 жалпы орта мектебiнде аудандық ардагерлер кеңесi мен әжелер алқасының, сондай-ақ, «Шаңырақ» отбасылық клубының ұйымдастыруымен «Ұлтын ойлаған ұрпағын түзейдi» атты облыстық семинар-кеңес өттi. Оған облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов пен облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарының ардагерлерi қатысты.

Жиналған қауым ақ жаулықты әжелерiмiз жасаған ұлттық бұйымдар мен ас мәзiрiне назар аударды. Одан соң «Шаңырақ» отбасы клубы мүшелерiнiң ұйымдастыруымен (клуб жетекшiсi Камира Өмiрбай) жетi жасқа толған қыздың құлағын тесiп, сырға тағу рәсiмiмен таныстырса, А.Қалыбеков атындағы ауыл округiнiң әжелерi жаңа түскен келiндердi үлкендерге таныстыру үшiн «Отқа шақыру» дәстүрiн көрсеттi. Қызылқұм ауыл округiнен келген әжелер алқасы «Үме» деп аталатын жиын-терiм науқанындағы сабантой секiлдi ұмыт қалған көне салт-дәстүрлерiмiзден көрiнiстер қойды.

Аудан әкiмi Ғалым Исмаилов, облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов, «Парасат», «Құрмет» ордендерiнiң иегерi, жазушы Мархабат Байғұт, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров, еңбек ардагерi Бегiм Серiков жиынның мазмұнына тоқталып, ұрпақ тәрбиесiнде алдыңғы буын — аға буынның жауапкершiлiгi мол екенiн айтып өттi.

— Бiз жастарымыздың ұлттық рухын жiгерлендiрiп, бәсекеге қабiлеттi етiп тәрбиелеуiмiз керек. Ата-анаға қамқорлық, ұлтқа жанашырлық сезiмi де жастар арасында бәсеңдеп барады. Өткен жылы жасөспiрiмдер арасында 132 қылмыс орын алса, биыл 153-ке жетiптi. Ал,  отбасын құрған жастар арасында 30 пайызы бiр жылға жетпей қайта ажырасып жатады.  Шетелдiк терiс пиғылды ағымға елiктеушiлер көп.  Мiне, мұндай олқылықтарға жол бермеу аға буынның парызы деп түсiнуiмiз қажет. Жақында зиялы ортадан алқа құрдық. Онда жастарға қалай бағыт-бағдар беремiз, қалайша кемшiлiктердi түзетуге болады деген сауалдар төңiрегiнде кеңестер өткiзiп келемiз. Ата-баба дәстүрiн келер ұрпаққа дұрыс жеткiзе алсақ, ел-жұрт болып бiрiксек, жас ұрпақты кез келген бұрыс жолдан аман алып шығамыз деген ойдамыз, – дедi Ж.Мәуленқұлов.

Кеңес соңында ауданның әр ауылында өткен «Әжелер — ұлттың ұйытқысы» атты сайыс қорытындыланып, жүлдегерлерге сый-сияпаттар табыс етiлдi. Сайыстың бас жеңiмпазы болып Қызылқұм ауыл округiнiң әжелерi танылды. Ал, бiрiншi орын Атамекен ауыл округi мен Асықата кентiнiң әжелерiне бұйырды. Екiншi орын А.Қалыбеков атындағы және Мақтаарал ауыл округтерiне берiлдi. Үшiншi орынға Абай атындағы ауыл округi мен Бiрлiк ауыл округi әжелерi ие болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары