01.12.2016, 05:45

Сұңқар құс жемiн шашып жейдi...

Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында  жаңа мектеп салынып, пайдалануға берiлген болатын.  Ал, ескi мектеп және оның спорт залы бiр жылдан берi  бос тұрды. Осы спорт залды және бұрынғы мектеп ғимаратын ауыл тұрғындарының игiлiгiне берудi көздеген  аудан басшылығы ауылдан шыққан кәсiпкер Талғат Ысқақовқа демеушiлiк танытуды ұсынады. Туған елдi түлету iсiнде аянып қалмасын бiлдiрген кәсiпкер бұл ұсынысты қолдай кеттi. Кәсiпкер мен аудан әкiмдiгi арасында «Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi» аясында меморандумға қол қойылып, жұмыс қызу басталып та кеттi.

Айта кету керек, бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында  аудан орталығынан жүзу бассейнi мен жабық корттар да салынуда. Оған елден шыққан кәсiпкер азаматтар көмектесуде. Жалпы,  соңғы уақытта спортты дамыту мақсатында ауданымызда бiршама жұмыс атқарылды. Қазiр ауданда бес спорт мектебi бар. Ендi  мiне, Жүзiмдiк ауылынан да еңселi спорт кешенi  бой көтередi.

Елiмiзде кiлем өндiрiсiнде көш бастап отырған «Бал Текстиль»  кәсiпорнының директоры Талғат Ысқақов бұған дейiн де аудандағы бiрқатар игi шараларға қолдау көрсетiп едi. Ендi Жүзiмдiктегi мектептiң ескi спорт залын күрделi жөндеуден өткiзiп, ашық волейбол мен кiшi футбол алаңшасын салып бермек. Бұл ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына тамаша тарту болғалы тұр.