$ 446.49  475.38  4.79

Ортақ iске келгенде Оңтүстiк жұрты жұмылып кетедi

Қаланы да, даланы да жасыл желекке айналдыру –  облыс әкiмiнiң бақылауында тұрған мәселе. Шымкентте ғана емес, ауылдарда да көрiктендiру, көркейту, мейлiнше гүл бақшалы бау, орман, саябақ, гүлзарларды көбейту керектiгiне аудандарға барған сапарларында  өңiр басшысы арнайы тоқталуда. Байқайсыз ба, қазiр аудандардың көпшiлiгiнде облыс әкiмi еккен ағаш бар.  Игi бастаманы жалғастырушылар да жоқ емес.  Ауылдарда «Менiң ағашым» атты акциялар ұйымдастырылып, әсiресе, мектеп оқушылары ауыл көшелерiне тал-терек отырғызуда. Жас өскiндер осындай игiлiктi жұмыстар атқарып жатқан соң ересектер де қарап қала алмағандай. Бүгiнде ардагерлер кеңесi, қоғамдық ұйымдар айналаны көркейтуге кiрiсiп-ақ кеттi.  Облыстық ассамблея өкiлдерi «Нұрсәт» шағынауданына шырша шаншып, көп назарын өздерiне аударды.

Бiр кездерi Шымкент «жасыл қала» болған. Саялы саябақ, жол бойында  гүлзарлары көп едi.  Соңғы жылдары көбi қараусыз, күтiмсiз, иесiз қалып, орындықтары бүлiндi, ағаштары қурады. Жақында сондай иесiз қалған гүлзарлардың бiрi қайта қалпына келтiрiлiп, салтанатты түрде ашылды. 17-шағынауданда аумағы 1,3 гектарды алып жатқан гүлзардың  ашылу салтанатына облыс әкiмi арнайы барып қатысты. Қала әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымовпен бiрге алдымен шырша отырғызып, сосын емен ектi. Жалпы, бұл күнi гүлзарға  25 көшет отырғызылды.

«Жасыл қала» ЖШС-нiң басшысы Нұрхан Егiзбаевтың айтуынша, гүлзардың ортасындағы әбден тозығы жеткен субұрқағы да алмастырылған. Адамдар демалып отыратын сәкiлер, дене шынықтыру жаттығуларын жасауға арналған арнайы тренажерлық қондырғылар орнатылған.  Төңiректегi көпқабатты үйлердiң тұрғындары мұндай тартуға қуанулы.

– Осы шағынауданда өмiр бойы тұрып келемiн.  Күнiге әр үйден немерелерiн жетектеп менiң замандастарым шығады. Бала ерткен келiндер де келiп, таза ауада, саялы ағаштардың түбiнде  отырады. Әсiресе, дене шынықтыру жаттығуларын жасауға арналған спорттық қондырғылар үшiн қатты қуанып жүрмiз. Құрысып, бүрiсiп қалған белдi жазып, қан жүгiртiп, остеохондроз дертiнен айығармыз. Тұрғындар үшiн осындай жайлы гүлзар ашып берген әкiмдерге ризамыз, – дейдi 70 жастағы Жұмакүл Маханова. 

Айтпақшы, гүлзардың ашылу салтанатында облыс әкiмi «мына гүлзарды күтiп ұстаңыздар. Әрбiр тұрғын өзi ағаш егiп, оны күтiп-баптауға атсалысуы керек» дедi. Осы кезде мерейлерiн тасытып келiп отырған әкiмдi қаумалаған  ақсақалдардың бiрi «жастар ексiн, жастар бар ғой...» деп қалды.

«Сiздер жастарға үлгi көрсетулерiңiз керек. Ата-әжесi отырғызған ағашты немерелерiңiз көздiң қарашығындай сақтайтын болады» деген Жансейiт Қансейiтұлы әкесi зейнеткерлiк демалысқа шыққан кезде бiр өзi  үш мың терек еккенiн, оның пайдасын артында қалған ұрпағы көрiп отырғанын тiлге тиек еттi.  Сөйттi де «Қариялар еккен ағаш тез тамыр жаяды дейдi ғой...»  деп әзiлдеп те үлгердi. Өңiр басшысының өзi қолына күрек алып, ағаш отырғызып жатқан соң, жаңа ғана қаумалаған қариялардың бәрi дерлiк «күрек берiңдершi...» дей бердi. «Әжелерден де кейiнгi ұрпаққа ағаш қалсын...» деген ақжаулықты апалар да күрекке таласа, «Жасыл қала» серiктестiгiнiң мамандары егiп жатқан шыршаларды егуге асықты. Қ.Жандарбеков көшесiндегi осы бiр жан жадыратар әдемi көрiнiстi  тамашалап тұра бергiмiз келдi.

Ортақ мүдде үшiн тiрлiкте  бiр кiсiдей жұмыла кету үрдiсi жалғаса берсе деймiз. Тәуелсiздiктi тұғырлы етудiң түп тамыры да осындай күнделiктi тiрлiктерде жатыр емес пе?!

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары