$ 447.4  477.55  4.76

Республикаға танымал шалғайдағы бiлiм шаңырағы

Созақ ауданындағы «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясының 80 жылдан аса тарихы бар. Исi қазаққа мәлiм талай марқасқаларды түлетiп шығарған бiлiм ордасы былтыр жаңартылған бiлiм мазмұнын жүзеге асыратын республикадағы 30 мектептiң бiрi ретiнде таңдалып алынған болатын. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған қанатқақты жоба 30 мектепте сынақтан сәттi өтiп, биыл алғашқы кезеңi басталып, бiрiншi сынып оқушылары жаңа жүйемен бiлiм ала бастады. Пилоттық жобаны жүзеге асырушы ретiнде белгiленген «Cозақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы қазiр екiншi сыныпты жаңа мазмұнмен оқытудың кешендi бағдарламасын жан-жақты зерделеу үстiнде.

Қоғам iлгерi жылжыған сайын бiлiм берудiң де жаңаша мазмұн, тың тәсiлдермен толыға түсетiнi заңдылық. Сол себептi бүгiнгi заманға бейiм, озық ойлы жастарды қалыптастыру үшiн елiмiздегi мектептерге жаңарған мазмұндағы бiлiм беру жүйесiне көшудiң қажеттiлiгi туындап отырғаны анық. «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы республикада алғашқылардың бiрi болып пилоттық жобаны iске асыруда. Көпшiлiктiң көкейiнде «мұндай таңдауға шалғайдағы бiлiм ордасы қалай iлiгiп жүр?» деген сауал туындауы мүмкiн. Аталған мектептiң 2003-2015 жылдары республикадағы 52 мектептiң бiрi ретiнде 12 жылдық эксперименттiк сыныптарды сынақтан ойдағыдай өткiзгенiн ескерсек, таңдаудың тегiн түспегенiн аңғаруға болады. Мектеп ұжымы 2006 жылы ең үлкен табысқа кенелдi. Сол жылы республикада «Жылдың үздiк мектебi» атанып, облыстың мерейiн асқақтатты. Сонымен қатар, 2007 жылы «Бiлiм және ғылым – XXI ғасырда» атты халықаралық көрмеге қатысып, электронды кiтапхана бағытында арнайы жүлденi иелендi.   

Бүгiнгi мектеп бұрынғы түлектерi танымайтындай күйге енген. 1979 жылдан жөндеу көрмеген үшқабатты бiлiм шаңырағы қайта жөндеуден өтiп, оқу-материалдық базасы жылдағыдан жақсара түстi. Мектепте 3 компьютер сыныбы, 5 интерактивтi тақта, соңғы инновациялық жаңа үлгiде сабақ өте алатын физика, биология, химия сыныптары, тiлдердi меңгеруге арналған  2 мультимедия кабинетi талапқа сай жан-жақты жабдықталған. 2013 жылы бастауышта инклюзивтi сыныптар ашылып, ой дамуында ақауы бар оқушылардың жан-жақты жетiлуiне мүмкiндiк туды.

Қазiр мектептi iзденiмпаз, жаңашыл басшы, аудандық мәслихаттың депутаты Берiк Тұрғанбаев басқарады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекшi, жоғарыда айтылған игi iстердiң денi Берiк Мыңжанұлының iскерлiк қабiлетiнiң арқасында жүзеге асқанын айта кеткен абзал. Ол бiлiктi басшы ретiнде 2014 жылы облыстық байқауға қатысып, бiлiм саласы бойынша «Үздiк менеджер» атанған. 

Мiне, жақында, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында Астана қаласынан жағымды хабар жеттi. Берiк Тұрғанбаев басқаратын «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясының озат тәжiрибесiн республикадағы бiлiм ордаларына тарату жөнiнде ұйғарым жасалыпты. Бұл — ұйымшыл педагогикалық ұжымның көп жылғы iзденiстерiнiң жемiсi.

Жақсы iс жалғасын табуымен мәндi. Олай болса, егемен елдiң ертеңi үшiн тың iзденiстерге жол ашып отырған бiлiм ұясы алдағы кезде де биiк белестердi бағындыра бермек.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары