$ 445.66  474.58  4.78

«ҚХА нақты нәтижелi iске көшу керек»

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бiрлестiктер жылда қайталана беретiн, көпшiлiктi жалықтырып жiберетiн жаттанды iс-шараларды өткiзуiн тоқтатуы тиiс. Оның орнына халықтың көңiлiнен шығатын, ұлтаралық достықты нығайтуға сеп болып, нақты нәтиже беретiн iстерге көшу керек.

ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының басшыларымен және облыстық этномәдени бiрлестiктердiң жетекшiлерiмен кездескен облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев осылай дедi.

– Бүгiнде Қазақстанда тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан этностардың көпшiлiгi кезiнде тоталитарлық өктемдiктiң салдарынан елiмiзге жер аударылып келгендер. Қазақ халқы тағдырдың тәлкегiне ұшыраған ұлттар мен ұлыстарға құшағын жайып, қамқорлық танытты. Халқымыздың осынау дарқан пейiлi мен қонақжайлылығының арқасында Тәуелсiздiктiң 25 жылында республикамызда ұлтаралық сипаттағы жанжалдар мен қақтығыстар орын алған жоқ. Бұл бiр жағынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесi екенiн де атап өткен жөн. Қазiр елiмiзде барлық этнос өкiлдерiнiң тiлi мен дәстүрiн сақтауына, терең бiлiм алып, лайықты өмiр сүруiне жағдай жасалған. Алдағы уақытта да осы жарасымды тiрлiктi баянды ету жолында бiрлесе жұмыс iстеймiз деп сенемiн, – деген өңiр басшысы кездесудiң мақсаты Ассамблея мүшелерiмен және этномәдени бiрлестiктердiң жетекшiлерiмен танысып, алдағы жоба-жоспарларды талқылау екенiн айтты.

Кездесу барысында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушiсi М.Қалмұратов облыста этносаясатты жүзеге асыру бағытында iске асырылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, облыстық ҚХА-сы жанындағы Қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы О.Рахманбердиев, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық түрiк этномәдени бiрлестiгiнiң төрағасы Л.Асанов және облыстық татар-башқұрт этномәдени бiрлестiгiнiң төрайымы А.Мухамедова сөз алып, ойларын ортаға салды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары