$ 444.22  476.38  4.82

Тәуелсіздікке тарту: ОҚО-да әлемдiк деңгейдегi онкологиялық орталық салынады

Израиль инвесторларының қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстiк Қазақстан облысында 7 iрi жоба қолға алынбақ. Тiптi, облыста Қазақстан – Израиль индустриялды аймағы құрылуы да мүмкiн.

Бұл жөнiнде облыс әкiмi Жансейiт Түймебаевтiң израильдiк «YR-Mitrelli Group» компаниясының өкiлдерiмен кездесуi кезiнде белгiлi болды.

«YR Mitrelli Group» – Израильдiң ауыл шаруашылығы, энергетика, сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысы, логистика, IT-технологиялар мен телекоммуникация және денсаулық сақтау саласында жұмыс iстейтiн аса iрi компанияларының бiрi. Ол әлемнiң көптеген елдерiнде табысты жобаларымен танылған. Алпауыт компания биылдың өзiнде әлемнiң бiрнеше мемлекетiндегi көптеген жобаларға 10 миллиард АҚШ доллары көлемiнде инвестиция құйған. Компания өкiлдерi өңiрiмiзге бұған дейiн де арнайы келiп, экономиканың әлеуеттi салаларымен танысқан және ынтымақтастық жөнiнде келiсiм жасалған.

– Бiз бұған дейiн Еуропа мен Солтүстiк Африка және Азия елдерiнде белсендi жұмыс iстесек, соңғы жылдары ТМД-ға, оның iшiнде Қазақстанға ерекше назар аудара бастадық. Бiршама уақыт бұрын сiздердiң өңiрлерiңiзге келiп, мұндағы мүмкiндiктермен танысқан болатынбыз. Содан берi Оңтүстiк Қазақстан облысының әлеуетiн саралап, бiрлесiп жұмыс жүргiзуге ыңғайлы салаларды анықтадық. Ендiгi жерде нақты жобаларды бiрлесiп жүзеге асыру жөнiнде келiсiмдер жасағымыз келедi, – деген компанияның негiзiн қалаушы, әрi президентi Таиб Хаим уақыт бөлiп қабылдағаны және бастамаларына қолдау көрсеткенi үшiн облыс әкiмiне алғысын жеткiздi.

Өз кезегiнде Ж.Түймебаев шетелдiк инвесторларға елiмiздiң есiгi қашан да айқара ашық екенiн, әсiресе, соңғы жылдары бизнес жүргiзуге қолайлы жағдай жасалып жатқанын, отандық нарықта жұмыс iстегiсi келетiн шетелдiк компанияларға салықтық және басқа да жеңiлдiктер қарастырылғанына тоқталды. Сондай-ақ, ҚР Президентiнiң жанында шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң жұмыс iстейтiнiн, оған Елбасының өзi төрағалық ететiнiн айтты.

– Оңтүстiк Қазақстан облысында да экономиканың әлеуеттi салалары жетерлiк. Оған қоса облыста құрылған индустриялды аймақтарда инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Бiз өз тарапымыздан жер телiмiн бөлiп беруге әзiрмiз. Онда барлық инженерлiк-коммуникация желiлерi мен инфрақұрылым дайын. Бiзде бұған дейiн қазақ-түрiк индустриялды аймағы құрылған. Онда бүгiнде 18 жоба жүзеге асырылуда. Қажет болса, сол тәжiрибенi пайдалана отырып бұл аймақтардың бiр бөлiгiн «Қазақстан – Израиль индустриялды аймағы» ретiнде дамытуға да әзiрмiз. Жалпы, өңiр басшысы ретiнде мен сiздердiң жұмыстарыңызға барынша қолайлы жағдай жасалатынына, ешқандай әкiмшiлiк кедергiлер болмайтынына кепiлдiк беремiн, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

«Шымкент» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлiк қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алпысбаев израильдiктермен бiрлесiп жүзеге асырылатын 7 жобаны кеңiнен таныстырып өттi. Оның айтуынша, «YR-Mitrelli Group» ең алдымен Шымкент қаласында жаңа, заманауи онкологиялық орталық салуды жоспарлап отыр. Орталықтың болжамды құны 100 миллион АҚШ долларын құрайды. Айта кетейiк, бұл компанияның емханалары қатерлi iсiк ауруларын емдеу бойынша әлемде көшбасшылардың қатарында. Сондай-ақ, жаңа консультативтi-диагностикалық емхананың құрылысы да жоспарлануда.

– Израильдiк әрiптестерiмiз ұсынып отырған тағы бiр елеулi жоба – Сарыағаш ауданында көкөнiс пен сүт өнiмдерiн жинақтап, өткiзумен айналысатын логистикалық орталық салу. Компания бұл салада да мол тәжiрибеге ие. Олар бұдан 10 жыл бұрын Украинаның астанасы Киев қаласында осындай логистикалық орталық ашқан. Әлi күнге табысты жұмыс iстеп келедi. Жалпы, бiзде жүзеге асатын бiрлескен жобалардың барлығы талқыланып, пысықталу үстiнде, – дедi Талғат Серiкұлы.

Сондай-ақ, компания Шымкенттi ақылды қалаға айналдыруға, облысымызда балық және ауыл шаруашылығын дамытуға, шағын электр стансаларын салуға бағытталған iрi инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниеттi.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары