$ 448.89  477.93  4.76

Тіл мәртебесі – елдіктің еңсесі

Мемлекеттік тіл – елдігіміздің нышаны, ұлттарды ұйыстырып, бірлігімізді нығайтатын тұтастығымыздың тірегі. Тіл – ұлттың ұлы байлығы, мәртебесі, мерейі, айбары. Тіл түсінісу құралы ғана емес, ол халық пен халықты, ұлт пен ұлтты жақындастыратын қуатты күш.

21 қарашада Қазақстанда «Ұлы дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты жалпы республикалық акция бастау алды. 16 желтоқсанға дейін жоспарланған «жұлдызды күн» аталған 25 күн ішінде елімізде белгілі тақырыпқа орайластырылған, Тәуелсіздік идеяларымен байланыстырылған мерекелік шаралар өтеді.
Мәселен, 21 қараша Тәуелсіз еліміздің негізгі құжаты ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясы құрметіне арналды. Ал 22 қараша әрбір егемен елдің басты символы болатын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтілді. 23 қараша Тәуелсіз Қазақстанның шебі мен қауіпсіздігін айғақтайтын Мемлекеттік шекара күніне арналды. 
Кешегі күн Шымкентте Мемлекеттік тіл мәселесіне арналған көптеген шаралар өтті. Таңертең облыстық Опера және балет театрында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздіктің негізі» атты жалпықалалық форум бастау алды. Мұны Шымкент қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Шараға қатысқан мемлекеттік органдар мен мекемелер, этномәдени бірлестіктердің, бизнес қауымдастықтардың өкілдері мен жастар мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіруші күш екенін ерекше атап өтті. 
– Форумның басты мақсаты – Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және нығайту болды, – деді тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұрила Жұманова. 
Шара барысында түрлі тіл байқауларының жеңімпаздары қала әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Соның ішінде жалпықалалық диктант жазудан үздік шыққан этнос өкілдерінің 8 сынып оқушылары марапатқа ие болды. Сонымен бірге, мұндай құрметке колледж оқушылары арасында мазмұндама конкурсының жеңімпаздары мен жоғары оқу орындары студенттері арасында эссе жазудан жеңімпаз атанғандар, сондай-ақ БАҚ басылымдары бетінде мемлекеттік тілде мақалалары жарық көрген Мемлекеттік органдардың өкілдері де лайық деп табылды. Жеңімпаздарға наградаларды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұлов тапсырды.
Тілдерді оқыту орталығы қызметкерінің орындауындағы қазақтың «Еркем-ай» әні форумның әсерін еселей түсті. Ең қызығы, әнді орындаған үш қыздың аты да Татьяна екен. Қазақтың тілін мүлтіксіз меңгерген атақты үш әнші Татьяна сияқты бұлар да жұртшылықтың ризашылығын туғызды. Форумға қатысқан Татьяна Бурмистрова өзі сияқты өзгелердің де қазақ фольклорына сүйіспеншілікпен қарауға үндеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары