$ 447.4  477.55  4.76

Қазақ өркениеті ұлт құндылықтарымен өлшенеді

Қазақ елінің 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі жалғасуда. «Ұлы Дала елі – тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да діттеген мақсатына жетті деуге толық негіз бар. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында өткен конференцияға еліміздің аймақтарынан өзге шет елдерден де ғалым, зерттеушілер қатысты.

Конференция аясында «Ұлы Дала елі – өркениеттер тоғысында» (б.з.д. 100 мың жыл – б.з. ХІІ ғ.) атты ОҚМПИ Археологиялық жасағының көрме орталығы салтанатты түрде ашылды. 
«Конференциямыздың қазақ тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс өткізіліп жатқанына бек қуаныштымын»,-деп бастады өз баяндамасын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жібек Сыздықова. – Ресей мемлекеттілігінің қалыптасуына Ұлы даланың, Дала уалаятының ықпалы зор. Тарихымызда Алтын орда – әлем мойындаған мемлекет болған. Еуразиялық Одақ туралы айту үшін Алтын орда тарихын зерттеп, зерделеу қажет, -деді ол. Мәскеуде өмір сүріп, қызмет ететін қазақтың қызы Ресейде қазақтарға деген қызығушылық мол екеніне тоқталды. 
ОҚМПИ ректоры, конференция жүргізушісі Оңалбай Аяшев мырза «Қазақта не көп, ғалым көп, ал мен білетін Көмеков – біреу ғана!» деп баяндама кезегін Болат Көмековке ұсынды. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Болат Ешмұхамед-
ұлы: «Қазақтың өркениеті Ұлы дала елінің құндылығының арқасында қалыптасқан. Сондықтан біз қашанда Ұлы даламен мақтануымыз һәм дәріптеуіміз керек. Өркениет жайлы айту үшін төрт жағдайды ескеруге тиіспіз. Бұл – мемлекет, қала мәдениеті, жазу және руханият пен мәдениет. Осы төрт сала болса, онда өркениет туралы әбден әңгімелеуге болады, -деп өркениеттің қазіргі қоғамға әсерінің көптігін тілге тиек ете кетті. 
– Тәуелсіздіктің 25 жылында ұлттық тарихты зерттеумен келе жатырмыз. Одан алдыңғы Кеңес кезеңінде төл тарих ескерусіз қалды. Алаш қайраткерлерінің атын атау – қылмыспен тең болатын. Бүгінгі таңда бізге ұлттық тарихтың мазмұнын ашу үшін ондаған жылдар керек. Жаңа мектептер ашу қажет. Сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Тәуелсіздік жылдарында туылып, өсіп, жетілген буын енді аяққа тұрып жатыр. Міне, осылар тарихымызды жаңа көзқараспен жазады. 
Мұстафа Шоқайға Францияда жоғары баға берілген. Оның атына саябақ ашып, көше берілген. Ал біздің Астанамызда Мұстафа Шоқай атында бірде-бір көше жоқ. Тіпті, елімізде «Мұстафа Шоқай – фашистермен байланыс жасаған» деген түсінікпен қарайтындар әлі де кездеседі. Өйткені, бұрынғы советтік мектептің әсер, ықпалында келе жатқан адамдар әлі де бар. Сондықтан, біз бұл мәселе тұрғысында көп зерттеу жүргізуіміз керек, -деді Түркияның Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры Әбдіуақап Қара. 
Ал Германияның Бонн университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет: «Жылқы қашан үйретілсе, қазақтың тарихы, қазақылық сол кезден бастау алады», -деп қорытынды түйді. 
Қазақтың тарихын түгендеп жүрген ғұлама ғалымдары Шымкентке келіп, ұлт құндылықтарының қатпарларын ақтарып, құнды мәліметтерімен бөлісті. Студент жастар ұлттық тарихымыз хақында, Ұлы даланың ардақты перзенттері, олардың еңбектері туралы тың деректерге қанықты.

«Шымкент келбеті»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Ота сәтті өтеді!