$ 449.58  486.94  4.86

Татулық пен ынтымақтастық – Тәуелсіздіктің кепілі

2016 жылдың Қазақстан халқы үшін тарихи маңызы зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – мерейі үстем басты мерекенің бірі ретінде Республика көлемінде кеңінен тойлануда. «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан түрлі іс-шаралар соның жемісі.

«Бірегейлік пен бірлік» күніне арналған іс-шараға жиналғандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залында фото көрмені тамашалады. Фотоэкспозиция «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасының мәнін ашып көрсетуге арналған суреттермен, мәліметтермен толығыпты. Біздің өңірдегі ұлтаралық татулық көрме сөрелеріндегі суреттерден ғана емес, жиынға қатысқан түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасынан, бір-біріне деген ілтипатынан да байқалды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болған шараның ең қызықты сәті облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының «Достық» залында өтті. Мұндағы «Тәуелсіздік жылдарындағы облыстық этномәдени бірлестіктердің жетістіктері» көрмесінде этностардың тарихынан, салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабар беретін 500-ге тарта жәдігерлер таныстырылды. Орталықтың экскурсовод-маманы Қатира Сырманова әрбір ұлттың салт-дәстүр, рәсім, жол-жоралғы түрлеріне тоқталды. Тіпті, олардың кейбірі бүгінде ұмытыла бастағанын көрме жәдігерлері еске салып, жаңғыртқанын шараға қатысушылар ризашылықпен айтып жатты. Ал ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов этносаралық татулық пен бірлік ел Тәуелсіздігінің басты құндылығы екеніне ерекше тоқталды.

– Қазақстандықтардың біртектілігін нығайтудың маңызы зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында татулықты, ауызбіршілікті сақтап, айрандай ұйып отырған елміз. Осы тыныштықты бағалауымыз керек. Бүгінгідей іс-шаралар өзге ұлт өкілдері мен қазақ халқының рухани жақындығын арттырады. Әр этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрін ұмытпаумен бірге өмір сүріп отырған елдің ұлттық құндылықтарын да бағалай білуі тиіс. Себебі, біздер – қазақстандықтармыз. Әрбір қазақстандық отансүйгіштігін осылай дәлелдейді, – деді ол.

«Достық» залының ортасына экран орнатылған. Ол жерден қазақ халқының барлық әдет-ғұрпы мен сәлт-дәстүрін тамашалауға болады. Сондай-ақ, кітапшалар мен Мекемтас Мырзахметовтың «Қазыналы Оңтүстік» көптомды шығармалар жинағының 300 томы осындағы кітап сөрелерінен орын алыпты.

«Қазақстандық» деген – тұтастық

Иосиф БАХМАН, 
неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Біздің облыста 100-ге жуық этностар өмір сүреді. 20 этномәдени бірлестік тәрбиелік маңызы зор түрлі шараларға белсене атсалысып отырады. Бұлардың қатарында неміс этномәдени бірлестігі де бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін бір кісідей тойлап, ат салысу елдің тұтастығын, бірлігін, тілегіміздің, діліміздің бір екенін көрсетеді. 
Әрбір этнос өкілдері сияқты біз де ана тілімізді білеміз, салтымызды ұстанамыз. Облыс көлемінде төрт аудан орталығында – Сарыағаш, 
Кентау, Ақсукент және Леңгір қалаларында неміс тілін, салт-дәстүрімізге үйрететін мектептеріміз жұмыс істейді. Қазақстанның дамып, өркендеуіне осы елдің азаматы ретінде біз де өз үлесімізді қосып, мүмкіндіктерін пайдаланып келеміз.

Мен – қазақтың келінімін

Аягүл КАЛЬМЕНОВА, 
Қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Мен – қырғыздың қызы болғаныммен, қазаққа келін болып түскеніме 40 жыл өтті. Бірінші кезекте қазақ елімен жандүниемді байланыстырып тұрған перзенттерім. «Қазақ-қырғыз – бір туған» демекші, әу бастан салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігі егіз елге сіңісіп кету маған қиын болған жоқ. Аз ғана айырмашылықтар бар. Соның бірі – қойдың басын құдаға тарту дәстүрі. Қырғыздар мұндай құрметті күйеу балаға арнайтын. Соны көріп өскен мен ата-анам құдалыққа келгенде «сіздерге қойдың басын бермекші» деп жылағаным әлі есімде. Әйтсе де, одан бері талай жыл өтті, қазір ақ жаулықты әже болдық. Әлдеқашан жүрегіммен қазақ болып кеттім.  Қазақтың салт-дәстүрін бүгінде өзгелерге үйретемін. Бейбіт елде өркендеп, қанатымызды кеңге жайып келе жатқанымызға қуанамыз. Тәуелсіз елдің азат ұландары – балаларымыздың бақытты өміріне куә болып жүрміз. Елімізде татулық пен бейбітшіліктің тойы тарқамасын.

"Шымкент келбеті"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Ота сәтті өтеді!