$ 444.22  476.38  4.82

Тәуелсіздікке тарту: Шымкентте жаңа көркемсурет галереясы бой көтереді

Оңтүстік Қазақстан облысында көркемсурет галереясының жаңа ғимараты бой көтермек. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев суретшілермен кездесуі барысында айтты деп жазады «Шымкент келбеті» басылымы.

Облыстық Бейнелеу өнері мұражайында болған кездесуге аймақ басшысы Суретшілер одағының мүшелерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға Қырғызстан Көркемөнер академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбай қатысты. Ал Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының директоры Нұрлан Шилібаев өнер адамдарының әлеуметтік жағдайын жасау мәселесін көтеріп, шығармашылықпен айналысатын жұмыс орнының жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, жергілікті суретшілердің туындыларын аталған бейнелеу өнері музейінің қорына сатып алу жайын қозғап, түрлі тақырыпта жоспардан тыс жылына екі рет көрме ұйымдастыруды сұрады. 

Осынау проблемаларға қанық болған аймақ басшысы нарықтық экономика заманында әрбір азамат күні-түні жұмыс істеп, еліміздің көркеюіне атсалысу қажеттігіне назар аударды. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтқан әкім облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын жеткізді.

Осы ретте айта кету керек, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше нысанның ашылуы жоспарлануда. Олардың дені әлеуметтік нысандар, яғни мектептер мен балабақшалар және денсаулық сақтау орталықтары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары