$ 448.56  478.03  4.79

Отырарды шаттыққа бөлеген мереке

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай әр салада елдің рухын көтеретін, жетістіктермен мақтанып, болашаққа зор сеніммен қадам басуға ықпал ететін іс-шаралар күн сайын өтуде. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Мерекелік бағдарлама Отырар ауданы, Темір ауылындағы «Ардагерлер» саябағының ашылу салтанатынан басталды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесінің мән-маңызына тоқталды. 

– Бүгін ауылдағы халық, жергілікті тұрғындар демалатын орын «Ардагерлер» саябағы пайдалануға беріліп отыр. Бұл қарияларға деген құрмет, халыққа жасалған игі іс. Алдағы уақытта ауыл-аймақты көріктендіру, мәдени орталықтарды қайта жандандыру жұмыстары жалғаса береді. Жақында облыс орталығында «Отырар ауданының күндерін» өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Шәуілдір ауылында «Шәміл мен Дүрия» атты тағы бір саябақ пайдалануға берілетін болады, – деді құттықтау сөзінде.

Бұдан кейін аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбіл бастаған ауыл ардагерлері мен қонақтары саябақ ауласына көшеттер отырғызды.

Сәскеге таяу Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының «Мәдениет үйінде» облыстың әр ауданынан келген 25 жас «Туған жерім – тірегім» атты патриоттық әндерді орындаудан байқауда бақ сынады. 

14 пен 29 жас аралығын қамтыған сында жастар жанды дауыста ән шырқаған жас әншілердің барлығына «Алғыс хатпен» сыйлықтар табыс етілді.

Бас жүлдені сахналық қойылым қойып, әнді нақышына келтіріп орындауда алдына жан салмаған Отырар ауданының тұрғыны Шохан Теңлібаев иемденді. ІІ орын Бәйдібек ауданынан келген Асан Сыдықовқа, І орын шымкенттік Алмасқожа Музаппаровқа бұйырды. Үшінші орынның қаржылай жүлдесін түлкібастық Нұрлан Бекеев алды. Сондай-ақ, Ордабасы ауданы әкімінің жүлдесін Е.Айтаханов Әйгерім Тәжіге тапсырды. 

Байқау соңында «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әніне аудан әкімдігінің қолдауымен «Семсер» тобының орындауында түсірілген бейнебаянның тұсау кесіліп, көрермендеріне жол тартты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары