$ 446.49  475.38  4.79

Елбасының жаһандық бастамалары – тәуелсіздігіміздің тұғырлы тынысы

Еліміз егемен ел ретінде дамуға бет алған алғашқы күндерінен бастап жаһандық деңгейде де, республикалық деңгейде де маңызды саясат жүргізіп келеді. Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған жаһандық бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Осы орайда еліміздің жаһандық деңгейде тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікке ықпалын тигізген негізгі халықаралық бастамалары туралы әңгіме қозғағанды жөн деп санадық.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ ТАБЫСТАРЫ

Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.

АӨСШК – ҚҰРЛЫҚТАҒЫ МӘНІ ЗОР ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРЫЛЫМЫ

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. Ол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін өңірлік құрылым Еуразия құрлығында жоқ еді. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Сөйтіп, осы бастама АӨСШК үдерісінің басталуына бірден-бір себеп болды.

ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫ СЪЕЗДЕРІНІҢ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына бірқатар мемлекеттердің басшылары, белгілі саясаткерлер мен дінбасылары қолдау білдіріп, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада бірінші Съезд өтті. Форумға қатысушылардың басты идеясы бүкіл Жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруі мақсатында әртүрлі діндер өкілдерін ынтымақтастық пен бірлікке шақыру болды. Содан бері Астанада 2006, 2009 және 2012 жылдары тағы үш Съезд өтті.

БЕДЕЛДІ ҰЙЫМДАРДАҒЫ ТӨРАҒАЛЫҚ БЕДЕЛІМІЗДІ ӨСІРДІ

2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.

ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде еліміздің осы Ұйым қызметінің бағыттары бойынша белсенді жұмысы саммиттің қорытынды құжатында – «Қауіпсіздікті қолдайтын қауымдастыққа қарай бет бұру» атты Астана декларациясында көрініс тапты.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУГЕ ҚОСҚАН ҮЛЕС

Әлемде кезекті экономикалық дағдарыстармен қатар, әскери және діни қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде Президент жаңа саяси бастамалар көтерді. БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс дегенді баса айтты. Әрине, бұл үшін БҰҰ-ның 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жаппай жауапкершілігі көрініс табуы тиіс. Қазақстан Президентінің пікірінше, лаңкестік, мемлекеттердің қирауы және көші-қон мәселесі экономикалық дағдарыстың, кедейшілік пен жұмыссыздықтың салдары болып табылады.

ЭКСПО ҺӘМ G-GLOBAL

Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта Астанада өткізуге ұсынылып отырған EXPO-2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктірмекші. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жарты жылдан кейін Астанада ашылмақ. Бұл көрме Қазақстанды тағы да бір қырынан әлем назарына танытады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Ассоциациясы 2012 жылдың 12 қаңтарында www.group-global.org сайтында G-Global ақпараттық-коммуникативтік интернет алаңы форматында зияткерлік желісін іске қосты.

G-Global – бұл әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастар, пікірсайыстар жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы платформа.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУ ИДЕЯСЫ

«Еуразиялық одақ» тұжырымдамасы идеясының мәні – Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, геосаяси, тіпті саяси кеңістігін біріктіру. Өз елдерінің экономикалық жағдайына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларға талдау жасаған соң және оны түбегейлі жақсарту мәселесін басшылыққа ала келіп, Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақ (КО), артынан – Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), ал ең соңында түпкілікті мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шешімге келді.

Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы тығыз экономикалық байланыстың қалыптасуының бастамасы 2010 жылы Кедендік одақ құру арқылы жасалған болатын. Өз кезегінде осы мақсаттарға қатысты жасалынған мемлекетаралық келісімдердің жүзеге асырылуы оның мүшелері тарапынан әртүрлі қарқындық деңгейде жүргізілгендігіне қарамастан, біртіндеп орындала бастады.

Ұлт көшбасшысының ел ауқымынан асып, шет мемлекеттерде естілетін ұстанымдарының бірі – «жаһандық үрдістерден бөлініп жеке өмір сүру – өзіңді әлемнен тыс қалдыру». Қазіргі кезеңде еліміздің тәуелсіздік пен кемел елді орнықтыру және дамыту жолындағы қадамдары нық.

"Шымкент келбеті"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары