$ 448.15  483.46  4.86

Шымкенте сәулеттік өнер туындылары қайта жаңарды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Шымкенттің көшелері сәулеттік өнер туындыларымен безендірілуде. Күзден бастап көшелердегі ұлттық нақыштағы сәндік өнер туындылары жөнделе басталды деп жазады Otyrar.kz.

Жанат Елубаевтың «Қыз жасауы», қазақ әйелдерінің дәстүрлі зергерлік бұйымдарының көшірмелері, ежелгі қазақ керамика өнеріндегі текемет пен ұлттық оюмен әдіптелген торсық қала көшелеріне орналастырылды.

Бүгінде Бауыржан Момышұлы даңғылы, Түркістан көшесі, Tемірлантас жолы және Шәмші әлемі гүлзарында осы ұлттық туындылар орнатылған.

Сонымен қатар Сәкен Нарыновтың «Күн мен түн», Зулхайнар Қожамқұлованың «Төрт қыз», Расул Естемесовтың «Құс және тасбақа», Асқар Есдәулетовтың «Oйыншы» және «Ұмай», Мұхтар Бекеновтың «Өрнек», Әбдікәрім Ахметовтың «Түйе» көркемөнер туындылары да қаланың басты көшелерінде орналасқан.

Айта кету керек, бұл жұмыстарға 15 миллион теңге қаралып, соның ішінде 13 миллион теңгесі игерілген.

Жалпы, Шымкенттегі 40-тан астам ескерткіш күтіп-ұсталады және ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Бұл үшін қала бюджетінен 25 млн теңге қаралған. Бүгінгі таңда Абай саябағындағы осыдан 6 жыл бұрын орнатылған ұшақ жөнделуде. Мамандар мәрмәр тастың сынған-бүлінгендерін жаңалап жатыр. Мердігерлер жалпы көлемі 150 шаршы метр тасты алып, оны қайта өз орнына қондыратын болады. Жұмысқа жұмылдырылған 5 азамат жөндеу жұмысын желтоқсан айының ортасына дейін аяқтауы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары