$ 448.15  483.46  4.86

Отырарда «Қалың қазақтың Өзбекәлісі» конференциясы өтті

Өзбекәлі Жәнібековтың 85 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған конференция жергілікті музеймен танысудан басталды. Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінде қазақтың маңдайына біткен этнограф-тарихшы Өзбекәліге арналған экспозиция жасақталған.

Мұнда Өзбекәлі Жәнібековтың тақиясы, көзілдірігі, шапаны, бас киімдері, кітаптары мен отбасы пайдаланған ыдыс-аяқтары қойылыпты. Тіпті өз қолымен мұражайға өткізген кесте  де бар.

1886 жылы Әзиза атты қызға арналған шымылдықты кестені бүгінде тігін машинасы тіге алмайды. Сондай-ақ, этнограф-тарихшының алақан табы тиген кебеже де аса бағалы жәдігер саналады.

«Қалың қазақтың Өзбекәлісі» тақырыбындағы аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі бөлімі аудандық мәдениет сарайында жалғасты. Мұнда ғалымның “Қазақтың ұлттық қол өнері” кітабынан бастап “Ежелгі Отырар” еңбегіне дейінгі барлық зерттеулері қойылған.

Әке-шешеден ерте айрылып, тағдыр тауқыметін бала күнінен тартқан Өзбекәлі Жәнібеков — қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілі мен салт-дәстүрін жаңғыртқан жан. «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті – құрып бара жатқан факторға жататын құбылыс» деп бағасын беріп, осыны сақтауға жанталасқан тұлға. Осы үшін де сонау КСРО заманында Қазақстанның қалаларынан этнографиялық мұражайлар ашып, тарихи ескерткіштерін сақтап қалды.

Отырар ауданында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы № 4 орта лицей-интернаты бар. Білім ордасының оқушылары Өзбекәлінің кітабын жата-жастана оқиды. Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруге, Тайқазанды сонау Эрмитаж музейінен елге алып келуге тікелей қатысқан кісі деп таниды.

«Мен — өртеніп кеткен театрдың режиссерімін». Бұл сөзді айтқан да Өзбекәлі Жәнібеков. Қазақтың өліп бара жатқан ұлттық салт-санасын, дәстүрін рухани жаңғыртушы.

67 жасында дүниеден озған этнограф өз өтінішімен Арыстанбаб әулие кесенесінің маңына жерленді. Бүгінде аталмыш орында Өзбекәлі Жәнібековтың кесенесі салынған. Тарихынан ажырамаған жұрт осы кесенеге келіп, құран бағыштап, ғалым әруағына тәу етеді.

«Оңтүстік Рабат»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары