$ 446.49  475.38  4.79

Шымкентте ең үздік 25 кітапханашы марапатталды

Биыл мектеп кітапханашыларының төл мерекесі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен түспа-тұс келіп отыр. Атаулы күн елімізде жыл сайын аталып өтілуде. Осынау қос мерекеге орай Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен өткен шарада қаланың ең үздік 25 кітапханашысы марапатталды.

Кітап пен кітапхана тіршілігіне жан бітіріп, оқырмандар арасын жақындастыра түсетін қызметкерлердің еңбегі еленіп, алғысқа бөленді. Сонымен қатар «Панорама Шымкента» газетінің ұжымы атынан да сыйлықтар үлестірілді.

Ал үздік кітапханашылар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда үлес қосу, түрлі іс-шараларды ұйымдастыра білу, оқушылармен жеке жұмыс жасауда ерекше көзге түсу бойынша іріктеліп алынған. Айта өтейік, облыс бойынша осы салада 1000-ға жуық маман қызмет етсе, оның 129-ы Шымкентте еңбек етуде.

Осы ретте айта кету керек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ОҚО Отырар ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкерлері ауыл-аймақтарды аралап, жаңа туындылармен оқырмандарын қуантты.

Кітапхана – рухани орда. Ауыздағы аңыз, тастағы тарих, хаттағы деректің қайнар көзі.  Оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Сан сұраққа, мың мәдениетке, қатпар-қатпарлы тарихқа куә боласыз. Елдікті бекемдеу, ширек ғасырлық шежірені түгендеу тұсында, кітапхананың алар рөлі ерекше. «Кітапxаналық Керуен» акциясы аясында ел тарихынан небір деректер келтіріліп, өткенге салауат, бүгінге қанағат айтылды. Қорда сирек кездесетін дүниелер туралы да мол мағлұматтар берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары