$ 447.4  477.55  4.76

Қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды

ОҚО Шардара қаласында мүмкiндiгi шектеулi жастардың «Көкейiмде бар әлем» деп аталатын қолөнер көрмесi өттi. Аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық мүгедектер бiрлестiгi бiрге ұйымдастырған iс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылар осындай iс-шара арқылы мүмкiндiгi шектеулi жастарға қолдау көрсетiп, таланты мен өнерiн дамытуды, олардың өмiрге деген құштарлығын, қызығушылығын арттыруды көздейдi.

Көрмеге қала және ауыл округтерiнен өнерге икемi бар 10 жас шебер қатысты. Абай мәдениет үйiнде өткен шарада мекеме, ұйым басшылары мен кәсiпкер азаматтар мүмкiндiгi шектеулi жастардың қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Әсiресе, Көксу ауылдық округiнен келген Нұргүл Жұртбаеваның киiзден жасаған бұйымдары көпшiлiк назарын аударды. Жүн байпақ, киiзден жасалған қуыршақ, шәлi, тұскиiз, басқа да заттар мақтанып көрсетуге, үлкен сауда орындарына шығаруға әбден-ақ лайық бұйымдар екен.

Сондай-ақ, Әсел Мұратқасым, Аружан Абдулла, Серiк Естен, Ырыскүл Досалиева, Арыстан Өтеген, Махаббат Әбдiрахманова, Сәуле Жүсiп, Оралай Қаржауова, Наурызбек Алдан есiмдi жастардың бiрi картина, бiрi моншақтан жасалған ойыншық, ендi бiрi тәттi салғыш, құрақ көрпеше секiлдi бұйымдарды қолдарымен жасап, көрмеге қойыпты.

Iс-шараға арнайы қатысқан аудан әкiмi Арман Абдуллаев, Шардара қалалық қауымдастық төрағасы Қыстау Iлесов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң басшысы Жоламан Тұрлыбеков сөз сөйлеп, мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қамқорлықтар жөнiнде айтып өттi. Аудан әкiмi көрмеге қатысқан өнерлi жастарды «Алғыс хатпен» марапаттап, сыйлықтар тарту еттi. Аудандық Абай атындағы мәдениет сарайы мен аудандық саз мектебiнiң өнерпаздары, «Арай» бишiлер тобы концерт қойды.

Iс-шара соңында көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Осы күнi барлығы 60 түрлi зат сатылды.

– Он екi мүшесi сау азаматтардың өзi осындай керемет дүниелер жасай алмауы мүмкiн. Аукцион кезiнде жұртшылық сөзге келместен олардың қолынан шыққан бұйымдарды сатып алды. Мүмкiндiгi шектеулi жастарды жiгерлендiретiн мұндай шараларды өткiзудi алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз, – дедi көрменi ұйымдастырған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сағида Әйтенова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары