$ 448.15  483.46  4.86

Ұлттық қолөнер ұлықталды

Оңтүстiк Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейi ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы аясында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды насихаттау, музей саласының беделiн көтеру, iс-тәжiрибелiк көмек көрсету мақсатында «Ғасырлар мұрасы – Наследие веков» атты музейлер фестивалiн өткiздi.

Iс-шара аясында №5 кәсiптiк колледж ұжымы дайындаған «Сырлы өрнек» коллекциясынан дефиле ұсынылды. Музей фойесiнде өткен фестивальдiң ашылу салтанатында Шымкент қалалық балалар және жасөспiрiмдер орталығының «Иллюзия» би тобы мен «Балдәурен» вокалдық тобы өнер көрсетiп, көпшiлiкке мерекелiк көңiл-күй сыйлады.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi орталықтың бөлiм меңгерушiсi Хамидулла Тәжиев, жас туристер стансасы «Өлкетану» бөлiмiнiң меңгерушiсi Галина Вертеева, жеке коллекционер Анатолий Яганин музей саласындағы өзектi проблемалар, халықты музейге тарту жайлы ой қозғады. Республикамызға белгiлi этно-дизайншы, қолөнер шеберi, «Қылует» музейiнiң директоры Кендебай Қарабдалов «Оңтүстiк Қазақстандағы iшкi этнографиялық туризмдi дамытудың жолдары мен жетiстiктерi» бойынша баяндама жасап, баян, қобыз, сырнай, шаңқобыз, сыбызғы аспаптарында өнер көрсетiп, көпшiлiктiң ықыласына бөлендi. Сондай-ақ, арнайы көзешi ұршығында өзi жасаған қыш құмыраны музей директоры Гүлнар Ареноваға тарту еттi.

Фестивальдiң келесi бөлiмi облыстық музейдiң ғылыми-ағарту, ғылыми-жинақтау, қор жұмыстары бойынша жалғасты. Музей қызметкерлерi Шымкент қаласындағы мектеп музейлерiнiң жетекшiлерiне шеберлiк сабақтарын өтiп, қатысушылардың көкейiнде жүрген сұрақтарына жауап бердi. Осы iс-шарада облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасының қызметкерлерi «Музей – халық шежiресi» атты кiтап көрмесiн, жеке коллекционерлер Анатолий Яганин және Алексей Истомин күмiстен жасалған зергерлiк бұйымдар коллекциясы мен тұрмыстық бұйымдар көрмесiн көпшiлiк назарына ұсынды. Ал, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжi студенттерiнiң этнографиялық бұйымдарынан жасақталған және этнограф Кендебай Қарабдаловтың музыкалық аспаптар көрмесi жұртшылықтың ерекше назарын аударды.

Iс-шара соңында облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры Гүлнар Аренова қатысушыларға ризашылығын бiлдiрiп, Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары