$ 445.66  474.58  4.78

500-ге жуық модульдiк үй салынбақ

Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев Шымкенттегi «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС-i серiктестiгiнiң жұмысымен танысты.

Өңiр басшысы осындағы модульдiк үйлер өндiрiс зауытында болып, баспана салудың жаңа тәсiлiне қанықты. Жылына 1 мың үй салуға қауқарлы серiктестiкте 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Корпорация төрағасы Ибадулла Қалыбеков облысымызда американдық тәсiлмен салынатын 500 үйдiң құрылысын жүргiзудi ұсынып, оны қысқа мерзiмде және арзан бағаға салуға, сондай-ақ, баспана маңынан жылыжай ашуға болатынын түсiндiрдi. Облыс басшысы бұл ұсынысты қолдап, әкiмдiк тарапынан қажеттi көмектiң көрсетiлетiнiн, тiптi, мұнда дуальдi оқыту жүйесi аясында студенттер жұмыспен қамтылуы керектiгiн жеткiздi. Құрылыс компаниясына ешқандай кедерге келтірілмесе биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңін бастап кетуге дайын екенін жеткізді.

Мұнан кейiн жұмыс тобы серiктестiктiң көлемi 12 гектар болатын көкөнiс жылыжайларын аралап, ондағы ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiру технологиясымен танысты. Қызанақ пен қияр өсiрумен айналысатын еншiлес компания өз өнiмдерiн Шымкенттен бөлек, Қарағанды мен Астанаға саудалайды. Өнiмдердiң голландиялық және израильдiк сұрыптары жайқалған жылыжайларды аралау барысында корпорация жетекшiлiгi тарапынан айтылған Оңтүстiктегi жылыжай кластерiн дамыту ұсынысы да өңiр басшысы тарапынан қолдау тапты. Таяу арада облыста тәжiрибе алмасу семинары ұйымдастырылатын болды.

Сондай-ақ, облыс әкiмi бастаған топ серiктестiктiң газоблок шығаратын зауытында болып, көкөнiс сақтау қоймасын аралады. Таяуда iске қосылатын полиэтилен өнiмдерiн шығару кәсiпорнын көрiп, корпорацияның еншiлес компаниясы тұрғызған көпқабатты тұрғын үй құрылысының сапасын бақылады.

Айта кетейiк, нарықта соңғы 10 жылдан берi жұмысын жандандырып келе жатқан «Ақ Ордасы корпорациясының» түрлi салалар бойынша 13 еншiлес компаниясы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары