Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдiбек ауданында ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай iс-шара өтiп, онда барлық сала бойынша жыл үздiктерi анықталды, толайым табысқа қол жеткiзген еңбек адамдары марапатталды. Мысалы, елдi мекендердi көркейту, көрiктендiру бойынша өзгелерден оқ бойы озып шыққан Көктерек ауылдық округi (ауыл әкiмi Нұрлан Бекжiгiтов) «Жылдың үздiк ауылдық округi» аталымы бойынша жүлдеге ие болды.
«Жылдың үздiк астық өндiрушiсi» аталымы бойынша Алмалы ауылдық округiндегi «Толықбек» ЖШС-нiң төрағасы Асқар Ахатаев марапатталды. Айта кету керек, ол 1946 гектарға бидай егiп, гектарынан 22 центнерден өнiм жинаған. Ал, «Жылдың үздiк ауласы» аталымына Боралдай ауылының тұрғыны Аруар Ашрафи ие болса, «Жылдың үздiк көшесi» аталымына Қошқарата ауылындағы Әсiлбек Бектiбаев көшесi лайық деп табылды.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында әр жылдың соңында ауылшаруашылық саласындағы үздіктерді анықтау шарасы дәстүрге айналған. Облыстың барлық аудандары мен Шымкентте әр жылдың қараша айында «Алтын күз» байқауының қорытындысы шығады. Яғни, ең үздік ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен осынау салада үздік еңбегімен көзге түскен жандар марапатталады.
Оңтүстік Қазақстан облысы бюджетінің негізгі бөлігін осы ауылшаруашылық өнімдерінен түскен қаражат құрап отырғанын, халқының дені ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатынын ескерсек, мұндай байқаудың өңірде дәстүрге айналғаны заңдылық.