$ 513  541.16  4.69

Болашақ бастауыштан басталады

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт болашағы бiлiмдi ұрпақ қолында» деген сөзi жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнiнде бүгiнгi жас – ертеңгi елдiң мызғымас тiрегi, келешек келбетi. Сол себептi олардың бiлiмдi, бәсекеге қабiлеттi болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор.

Егемендi елiмiздiң өсiп келе жатқан ұрпағын ойлы да iскер, жiгерлi де батыл, өзiне-өзi сенiмдi, интеллектуалдық деңгейi биiк, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етiп тәрбиелеуде мектептiң алатын орны айрықша. Мектеп өмiрi балаға жаңа әлемнiң есiгiн ашып, рухани дүниесiн қалыптастырады. Осы орайда Шардара ауданындағы «Қазақстан» бастауыш мектебi жайлы айтқанды жөн көрдiк. 2002 жылы ашылған мектепте бүгiнде 800-ден астам оқушы бiлiм алуда. Оның 600-ге жуығы 1-4-сынып оқушылары болса, қалғандары мектепалды даярлық топта тәрбиеленуде.

– Бiлiм негiзi бастауыштан қаланатынын ескерсек, жеткiншектердiң болашақта белгiлi бiр мамандық иесi болуына бастауышта алған бiлiмi әсер етерi сөзсiз. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған жас өскiннiң бойындағы қабiлетiн дамытып, бiлiм нәрiмен сусындатуда мұғалiмдер үнемi iзденiсте болуы шарт. Бiз бастауыш мектеп болғандықтан, бiлiм берудiң жаңа стандарттарын уақтылы меңгерiп, жүйеге енгiземiз. Өткен жылы 10 мұғалiм деңгейлiк оқу курсынан өттi. Бүгiнде олар үйренiп, бiлгендерiн iс жүзiнде көрсетiп, тәжiрибелерiн өзге мұғалiмдермен бөлiсуде. Сабақта Кембридж тәсiлi қолданылады. Бұл әдiс оқушыны өздiгiнен жұмыс iстеуге, ой-өрiсiн кеңейтуге көмектеседi. Ата-ананың бары мен базарлығын бауырына басқан бала өзiмшiлдiкке бүйрегi бұрып тұрады. Мiне, осы арада сабақтағы топтық жұмыс өзiмшiлдiктен – бауырмалдыққа, жалғыздықтан – көпшiлдiкке, дарадан – ортақ iске жетелеп, бiр ойдан көп ой туатынын дәлелдейдi. Сонымен қатар сөздiк қорын дамытып, ой қорытындылауға үйретедi. Сұраққа жауап iздей отырып, қиялын ұштайды, – дейдi мектеп директоры Е.Күшенов.

Мектеп ұжымы толассыз еңбектiң нәтижесiнде толағай табыстарға, жоғары жетiстiкке қол жеткiзiп келедi. Өткен жылы облыстық «Алтын ұрпақ» олимпиадасында 3 оқушы 1 орынды жеңiп алса, «Ақ бота» республикалық марафонына қатысқан он оқушының екеуi жүлделi III орынға ие болды. Сонымен қатар, «Самұрық» республикалық зияткерлiк сайысында 3 оқушы III орынды иелендi. Ал, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен оқушылар арасындағы облыстық пәнаралық олимпиадаға 5 оқушы бiлiмiн сынап, 4-сынып оқушылары Диас Ұлықбек II орын, Нұржамал Құттыбекқызы III орынды иелендi.

Баланың биiк белестердi бағындыруына ұстазы ықпал етерi сөзсiз. Үздiксiз iзденiп, күнделiктi сабақ өту жоспарынан бөлек, шығармашылыққа ден қойған мұғалiмдер де жетерлiк. Солардың бiрi – Рано Рыспаева. Технология пәнi мұғалiмiнiң жетекшiлiк етуiмен 4-сынып оқушысы Жансая Мұханбетжан «Түскиiз» тақырыбындағы ғылыми жұмысын «XXI ғасырдың жас ғалымы» республикалық ғылыми жобада сәттi қорғап шықты. «Тәуелсiздiк – тұғырым» республикалық байқауында 2-сынып оқушысы Айзере Жамалбек көркемсөз оқудан өзгелердi таңдай қақтырды. Ал, халықаралық «Ақ көгершiн» фестивалiнде дефиле жанры бойынша өнер көрсеткен 1-сынып оқушылары Ақнұр Серiк пен Рамазан Пернебек топ жарды. «Атадан – мұра» III республикалық байқауында 3-сынып оқушысы Гүлзира Ерғали көркемсөз оқудан жүлделi II орынды жеңiп алса, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» фестивалiнде 2-сынып оқушысы Дильназ Еркiнқызы вокалдан I орынға ие болды.

Бала тәрбиесi – баршаға ортақ. Сондықтан мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс үзiлмеуi керек. «Қазақстан» бастауыш мектебiнде ата-аналардың қатысуымен түрлi iс-шаралар ұйымдастырылады. Директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары Қайрат Молдабековтiң айтуынша, ата-аналар психологиялық тест тапсырып, бала тәрбиесiндегi өздерiнiң тәсiлдерiмен бөлiседi. Сондай-ақ, мектеп психологтары дәрiс оқып, кеңес бередi. Аз қамтамасыз етiлген, көпбалалы отбасылар мектеп әкiмшiлiгiнiң назарында. «Қолы ашықтың жолы ашық» акциясы аясында қоғамның осындай осал топтарына қаржылай көмек көрсетiлiп, мектепке қажеттi киiм-кешек, оқу құралдарын алуға қол ұшын бередi.

«Жас кезiнде бiлiм берсең қалайда, өсе келе қолы жетер талайға» деген даналық сөз бар. Бала болашағы – бiр отбасының ғана емес, бүкiл қоғамның, халықтың, тұтас бiр ұлттың бүгiнiн ертеңiне жалғайтын алтын көпiр, асыл мұрат. Жас ұрпақты тәрбиелеуде талмай еңбек етiп келе жатқан «Қазақстан» бастауыш мектебiнiң тыныс-тiршiлiгi көңiлге қуаныш сыйлады.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары