$ 499.51  525.83  4.62

Бiлiмдi ұрпақ – бақытты болашақ

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздар қауымының алар орны ерекше. Осы тақырыпты таратып жеткiзу мақсатында бiз ОҚО Ордабасы аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Майхан НАҚЫПОВПЕН сұхбаттасып, аудандағы бiлiм саласы төңiрегiнде әңгiмелеп берудi сұраған едiк.

– Майхан Ыдырысұлы, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын Ордабасы аудандық бiлiм бөлiмi қандай жетiстiктермен қарсы алғалы отыр?

– Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерекесi әрбiр қазақстандық азаматтың патриоттық сезiмiн оятып, көңiлiне қуаныш нұрын себедi деп ойлаймын. Себебi, жыл өткен сайын елдiң әлеуметтiк жағдайының жақсаруы, экономикамыздың көтерiлiп келе жатқаны көзi ашық, көкiрегi ояу азаматқа көрiнiп тұр. Ордабасы аудандық бiлiм бөлiмi де арнайы жоспар жасап, Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерекесiн лайықты қарсы алуға кiрiсiп кеттi. Ең алдымен бiлiм мен тәрбие берудегi көрсеткiштердi көтерудi мақсат етiп қойдық. Түрлi мәдени iс-шаралар өткiзiлiп жатыр.

Ал, жетiстiктерге тоқталсам, биыл 4 республикалық, 17 облыстық әртүрлi байқаулар мен сайыстардан жүлделi оралдық. Ендi жыл соңына дейiн аталған жүлделерiмiздiң қатарын көбейтуге жұмыс iстеп жатырмыз. ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның жалпы орта балы 71,8-дi құрады. Тестiлеу қорытындысында ең жоғары 125 балл М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебiнiң оқушысы Аяжан Тортай мен А.Шерiмқұлов атындағы орта мектептiң оқушысы Ақмарал Әбубәкiр жинап, облыста алдыңғы қатарға шықтық. 226 түлегiмiз көрсеткiштi 100 балдан асырды. Бұдан бөлек, жас ұрпақты бәсекелестiк ортаға төзiмдi лайықты етiп даярлау мақсатында ұстаздарды сапалы бiлiм беруге барынша жұмылдырудамыз. Тәуелсiздiк күнi қарсаңында бiрқатар жаңа бiлiм беру нысандары пайдалануға берiледi деп күтiп отырмыз. Атап айтар болсам, 3 балабақша (Шұбарсу, Бадам және Қажымұқан ауылы) мен 1 бастауыш мектеп (Шұбарсу ауылында) жаңадан ашылса, 1 бастауыш мектеп (Қараспан ауыл округiнен) жаңа типтi ғимаратқа қоныстанады.

– Жаңа оқу жылында қанша оқушы мектепке барды? Жалпы, өңiрде бала санының көбеюi байқала ма? Сондай-ақ, бiлiм ұйымдарына жетiспеушiлiк бар ма? Үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептердiң мәселесi шешiлген бе?

– Шүкiр, бала саны жылдан-жылға артып келедi. Оған туу деңгейiнiң көбеюi, ауданның облыс орталығына жақын орналасуы, тағы да басқа жағдайлар әсерiн тигiзерi сөзсiз. Тәуелсiздiк алған алғашқы он-он бес жылда жылына 400-500 балаға көбейетiн едiк. Қазiргi кезде әр жылы бала саны 1000-1200 балаға дейiн артып отыр. Аудандағы 63 мектеп жаңа оқу жылын 28094 оқушымен бастады. Сондай-ақ, ауданда 15 мемлекеттiк, 22 жекеменшiк 37 балабақша жұмыс iстейдi. Онда 6000 бүлдiршiн тәрбиеленуде.

Әрине, әр жылда шамамен 1000-1200 балаға көбейiп отырғандықтан мектептердiң жетiспеушiлiгi сезiледi. Ауданымызда екi мектептiң балалары үш ауысымда оқып жүр. Оның бiрi, Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебiне 300 орынды қосымша ғимараттың құрылысы биыл басталса, «Достық» бастауыш мектебiне 600 орынды жаңа ғимарат салу үшiн сараптама қорытындысы алынып, Республикалық бюджетке келер жылға ұсыну үшiн облыстық бiлiм, экономика және құрылыс басқармаларына жiберiлдi. Өкiнiшке орай, алдағы оқу жылында 4 мектептiң үш ауысымға өту қаупi бар. Олар – 1429 оқушы бiлiм алып жүрген 640 орынды Амангелдi, 428 шәкiртi бар 180 орынды «Темiрлан», 3196 балаға дәрiс оқылатын 1200 орынды Шұбарсу ауылындағы М.Исламқұлов атындағы және 1521 оқушысы бар 600 балаға арналған «Ынтымақ» жалпы орта мектептерi.

– ҚР-да бiлiм берудi дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасы қабылданғаны белгiлi. Онда мұғалiмдердi даярлаудың және бiлiктiлiгiн арттырудың көп деңгейлi жүйесiн iске асыру қарастырылған. Жалпы, аймақтағы ұстаздардың бiлiктiлiгi қандай? Сонымен бiрге, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» жобасымен жұмысқа орналасқандар бар ма?

– Иә, ұстаз мәртебесiн көтерiп, оқу сапасын жақсартуға негiз болатын бағдарламаның бiзге берерi көп. Кәсiби бiлiктiлiгiн үнемi арттырып отыру, ол – әрбiр ұстаздың төл мiндетi. 2013 жылдан берi 1,2,3 деңгей бойынша жалпы 416 мұғалiм және жаңартылған бiлiм беру мазмұнымен 493 қызметкер түрлi деңгейдегi бiлiктiлiк арттыру курстарынан өттi. Сонымен қатар, бастауыш сыныптың 188 мұғалiмi биылғы жаз айларында жаңа бiлiм беру мазмұны бойынша бiлiктiлiк арттыру курстарын тәмамдады. Ал, мектеп басшыларының бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламасы аясында 12 басшы Алматы және Астана қалаларындағы курстарды бiтiрдi. Қазiргi кезде жаңадан тағайындалған және жоспарға сәйкес кезегi келген мектеп басшылары бiлiктiлiгiн арттырып жатыр. Жыл соңына дейiн мектеп директорлары түгелдей деңгейлiк курстарда бiлiм алады.

Шыны керек, облыс бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа қабылданғандардың денi бiздiң ауданнан екен. 2013–2015 жылдар аралығында аталған жобамен аудан мектептерiне 37 маман жұмысқа алынып, тұрғын үй үшiн бюджеттiк несиеге қол жеткiзген. Сонымен қатар, 62 маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмыс iстеп, оның 17-сi тұрақты түрде жұмысқа орналасты.

– Оқу жылының басында облыстық бiлiм басқармасы өткiзген брифингте шәкiрттердi оқулықпен 100 пайыз қамтимыз деген уәденi құлағымыз шалған едi. Алайда, ата-аналар арасында арагiдiк оқулықтардың жетiспеушiлiгi айтылып қалады. Жалпы, аудандағы бұл мәселенiң қай деңгейде екенiне тоқталсаңыз...

– Ғылым негiздерiн сапалы меңгерудiң басты тiрегi болып табылатын оқулықтардың маңызы ерекше. Жаңа оқу жылына қажеттi оқулықтар мен оқу әдебиеттерiн және мектепалды дайындық топтарына арналған кiтаптарды сатып алуға баспалармен келiсiмшарттар жасалып, алынған кiтаптар мектептерге таратылды. Бүгiнде аудан мектептерiнде 944 341 дана кiтап қоры бар. Қазақстан Республикасы бiлiм берудi дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыруды орындау мақсатында 1-8 және 4- сынып оқушылары ағылшын тiлi, 9-сынып оқушылары зайырлы этика және дiнтану негiздерi пәнi оқулықтарымен 100 пайыз қамтылды. Биылғы оқу жылында аудандағы жалпы бiлiм беру ұйымдары 97 пайыз оқулықпен қамтылды.

Жыл сайын 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткiзiлетiн «Мектепке жол» акциясы биыл «Бақытты балалық шақ мекенi» атты тақырыпта жалғасты. Биыл бұл бағытта бiлiм қорынан бөлiнген және демеушiлерден, аудандық мекемелерден жинақталған 6 млн. 955 мың теңгеге аз қамтамасыз етiлген 527 тұрмысы төмен отбасы балаларына ақшалай және киiм-кешек берiлдi.

Оқушылар денсаулығын нығайту, жазғы демалысын тиiмдi ұйымдастыру мақсатында балалар «Қараспан», «Тау самалы» және «Балдаурен» лагерьлерiнде әр кезеңге бөлiнiп, жолдамамен демалып қайтты. Жалпыға мiндеттi бiлiм қорынан 550 аз қамтамасыз етiлген отбасы балаларына бiр реттiк тегiн ыстық тамақ берiледi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕКОВА.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары