Алишер САТВАЛДИЕВ, «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетiнiң Директор – Бас редакторы.
– Мерейлi мерекелерiңiз құтты болсын! Әңгiме басында газеттiң тарихына қысқаша тоқталып өтсеңiз.
– Қазақ тiлiне тәржiмалағанда «Оңтүстiк Қазақстан» дегендi бiлдiретiн «Жанубий Козоғистон» газетiнiң алғашқы нөмiрi 1991 жылы 5 сәуiрде жарық көрген. Газеттiң тарихы, яғни 1991 жылдан басталған. 1991 жылы 5 сәуiр күнi газеттiң алғашқы нөмiрi «Дустлик байроғи» деген атпен шықты.
«Дустлик байроғи» 1998 жылы 1 қаңтарда атын өзгертiп, облыс әкiмдiгi құрылтайшы болып табылатын «Жанубий Козоғистон» қоғамдық-саяси газетi болып шыға бастады. Содан берi облыс өңiрiнде өтiп жатқан ең басты оқиғалар газет беттерiнде үзбей жарық көрiп келедi.
Тәуелсiздiгiмiзбен бiрге негiзi қаланып, өзбек тiлдi оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген басылымның оңтүстiкқазақстандық ақпарат айдынында алар орны ерекше. Алғашқы саны жарық көргеннен бастап уақыт сынынан сүрiнбей өтiп, өзiндiк сүрлеуiн, дара жолын қалыптастырған газет Елбасы саясатының басты бағыттарының бiрi – ұлтаралық достықты насихаттап, елiмiздi мекен еткен әрбiр этносқа жасалып жатқан қолайлы жағдайды көрсетiп келедi.
Газеттiң тұңғыш редакторы – баршамыздың ұстазымыз, көрнектi қаламгер Сабыржан Юсупалиев. Ол кiсi экономикалық тоқырау жылдарына тұспа-тұс келген газеттiң қалыптасуына үлкен үлес қосқан азамат. Хавазмат Қочқаров, Абдумалик Сарманов сынды журналистердiң де газетiмiздiң қалыптасуы мен дамуында қомақты қолтаңбасы бар. Мәселен, Абдумалик Сарманов басқарған жылдары газет алғаш рет аптасына 2 рет шыға бастады. Оның басшылығымен облыстық газет редакциясы «Аския» халықаралық фестивалiн, «Назым юлдузлари» мүшәйрасын ұйымдастырды. Өзбек қаламгерлерiнiң туындыларын қазақ тiлiне аударып, «Қанат қақты» деген атпен кiтап етiп басып шығарды. Газеттi 2004-2006, 2015-2016 жылдары басқарған Фахриддин Қаратаев пен 2006-2015 жылдары редакторлық еткен Мураджан Абубакировтың есiмдерiн де құрметпен атап өтер едiм. Әсiресе, Ф.Қаратаевтiң табанды еңбегiнiң арқасында оған дейiн 3-4 мың дана таралыммен басылған газет 2006 жылы алғаш рет 10 мыңдық меженi бағындырды. Ал, 2015 жылға қарай бұл көрсеткiш 14 мың данадан асты. Ал, биылғы таралымымыздың 15 мыңға жеткенi бiздiң басты жетiстiгiмiз дер едiм.
Түйiндеп айтқанда, басылымда өзбек журналистикасының үздiк таланттары мен фототiлшiлерi жұмыс iстедi. Қазiр де солай. Бүгiнде газет беттерiнде М.Садуллаева, М.Усманова, Ш.Усманова, М.Мадалиев, Б.Боранбаева, Х.Қочқаров сынды талантты қалам иелерiнiң қолтаңбасы бар. Олардың барлығы ұжымда «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып» жұмыс iстеуде.
– Тәуелсiздiктiң 25 жылында жеткен жетiстiктерiмiз бен толағай табыстарымызда барлық этнос өкiлдерiнiң үлесi бар десек, мемлекетiмiздiң одан әрi дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға, атап айтқанда, Елбасының бес халықтық реформасын жоғары деңгейде жүзеге асыруға да барлық ұлт пен ұлыстар тең дәрежеде жауапты. Осы орайда газет мемлекеттiк саясатты өзбек оқырмандарына жеткiзуде қандай iстер атқарып жатыр?
– «Жанубий Қозоғистон» газетi – Елбасының ықпалы мен қамқорлығының арқасында дүниеге келген басылым. Олай дейтiнiмiз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан-ақ ұлтаралық татулық пен келiсiмдi қамтамасыз етуге, қазақ жерiн мекен еткен этностардың достығын нығайтуға бағытталды. Бiздiң газетiмiз де осынау салиқалы саясаттың, шынайы пейiл мен қамқорлықтың нәтижесiнде ашылды дер едiм.
Жалпы, қазақ пен өзбек – дiнi мен дiлi бiр, тiлi мен салт-дәстүрi ұқсас, тарихы ортақ, бауырлас, туыстас халықтар. Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрып жатқан өзбек ұлтының өкiлдерi бауырлас қазақ халқына, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлына, жалпы, Қазақстанға дән риза. Бұған биыл газетiмiздiң 25 жылдығына орай оқырмандарымызбен кездескен кезiмiзде тағы бiр мәрте көз жеткiздiк. Расында, қазiр облысымызда өзбек тiлiнде оқытатын ұлттық мектептер жұмыс iстеп тұр. Онда оқулық та, басқа қажеттi құрал-жабдықтар да жеткiлiктi. Облыстық және аудандық этномәдени бiрлестiктер мен облыстық өзбек драма театры көрермендерiн қуанышқа бөлеуде. Өзiңiзге белгiлi, өзбек тiлiнде ақпарат тарататын БАҚ-тар да жеткiлiктi. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстанда барлық этнос өкiлдерiнiң тiлi мен мәдениетiн сақтауға, халықтық дәстүрлерi мен рухани мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзуге барлық жағдайлар жасалған. Елбасының осынау көреген саясатының арқасында ортақ Отанымыз гүлденiп келедi. Бiз оның Мәңгiлiк Елге айналарына шүбәсiз сенемiз.
Мiне, осының барлығын бiз ұлттар достығының дәнекерi болып отырған газетiмiздiң беттерiнде өз оқырманымызға, әсiресе, жастарға жеткiзiп, түсiндiрiп келемiз. Жастар тыныштық пен тұрақтылықтың қадiрiн бiлiп, бiзге осынша жақсылық жасап жатқан Қазақстанды сүюi, мемлекет құраушы қазақ халқын құрметтеуi тиiс.
Газет бетiнде Елбасы Жолдаулары, оны қолдау мен жүзеге асыруға қатысты мақалалар тұрақты түрде жарияланады. Ұзақ мерзiмдi бағдарламалардың орындалу барысы мен облыс көлемiнде атқарылып жатқан iлкiмдi iстер де газет тiлшiлерiнiң назарынан тыс қалмайды.
– Газеттiң 25 жылдығына орай қандай мерекелiк iс-шаралар атқарылуда?
– Биылғы негiзгi мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы. Бiз газетiмiздiң мерейтойын осынау ұлы тойдың аясында, соған орайластырып атап өтiп жатырмыз. Өйткенi, газетiмiз тәуелсiздiкпен құрдас, әрi тағдырлас. Сайрам ауданында, Түркiстан, Кентау қалаларында өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелiк концерттер өткiздiк. Шалғай ауылдардағы оқырмандарымызды iздеп барып, олармен кездесiп, пiкiр алмастық. Еңбекте озат деп танылған, түрлi салаларда жетiстiктерге жеткен, облыс, аудан, қала, ауыл деңгейiндегi мекемелерде, кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн 200-дей азаматты газетiмiздiң Құрмет грамотасымен марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар табыс еттiк. Қала бердi, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек көрсеттiк. Мұнан бөлек «Ел жүрегiнде – 25 жыл» атты кiтап шығарылды. Онда газеттiң тарихы мен бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi көрiнiс тапқан. Ал, басты мерекелiк шара Шымкент қаласында республикадан келген қонақтардың және облыс басшылығының, редакция жанашырлары мен белсендi авторлардың, барша тiлеулес достарымыздың қатысуымен өтедi.
– Уақыт бөлiп, әңгiмелескенiңiз үшiн көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».