$ 499.51  525.83  4.62

Тәуелсiздiк, кооператив және ауыл бюджетi

Оңтүстікқазақстандық фермер Артықбай Үсембаймен болған сұхбатымызға осы үш мәселе арқау болды.

Жуырда Үкiметтiң кеңейтiлген отырысын өткiзген Елбасы жаңадан құрылған Министрлер Кабинетiнiң құрамына және облыс әкiмдерiне қадау-қадау тапсырма бердi. Оның iшiнде биыл атап өтiлетiн ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын лайықты қарсы алу, бұқаралық кәсiпкерлiктi дамыту, экспорттық өнiмге көшу, жұмыспен қамту секiлдi бiрқатар маңызды мәселелер бар. Жалпы, бұл тек құзырлы билiк өкiлдерiн ғана емес, Қазақстанның елiм, жұртым дейтiн кез келген азаматын толғандыруы тиiс тақырыптар.

Артықбай Үсембай – өңiрiмiздiң ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бiр кiсiдей үлес қосқан азамат. Туризм, мәдениет салаларының да үздiгi атанған. Қазақстан фермерлер одағы республикалық I съезiне қатысып, көптiң назарын өзiне аударған фермер. Бiрнеше жыл билiк саласында тер төгiп, әжептәуiр шенеунiк те болды. Қысқасы, тәжiрибе бар. Сол ағамыз осыдан бiраз бұрын Үндеу жариялап, ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай мектеп музейлерi арасында республикалық байқау өткiзу туралы бастама көтерген болатын. Ретi келiп Артықбай Базарбайұлына жолыққанымда осы мәселе еске түстi. «Жақсы бастаманың мән-мәнiсi қандай?» деп сұрадық.

– Жалпы, мұндай бастамаға негiз болған ой облыс басшысы Б.Атамқұловтың сөзiнен туындаған едi. Өткен жылдың қазан айында өңiр басшысы Отырар ауданында өткен «Ұлы дала өркениетi» атты республикалық конференцияға қатысып, ұлттық мұражайдың филиалын ашу, әл-Фараби оқуларын халықаралық және республикалық деңгейде өткiзу жөнiнде мазмұнды ой-пiкiрлерiмен бөлiскен едi. Содан кейiн бiзге осы мәселенi Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы аясында мектеп мұражайларынан бастасақ деген ой келдi.

Мұражай – бiлiм мен тәрбиенiң орталығы. Әрбiр мектепте мұражай ашып, оны дамыту бүгiнгi күннiң басты талабы. Бұл оқушылардың адамгершiлiк болмысын, iшкi жан дүниесiн, азаматтық тұлғасын қалыптастырып, тәрбие мәселесiндегi мектеп пен отбасының рөлiн жоғарылатады. Оқушылардың бос жүруiн азайтып, жаман нәрселерден аулақ болуына септiгiн тигiзедi. Жақсы мұражай жағымды микроклимат қалыптастырады. Әрбiр аймақтың, ауданның, ауылдың өзiне тән тарихы, қызықты шежiресi, өмiрбаяны бар. Адал iстерi мен ерлiктерi ұрпаққа үлгi болатын еңбек ерлерi мен ардагерлерi бар. Қазақстан Республикасының Президентi – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзi негiзiн салған Тәуелсiз елiмiздiң ширек ғасырдағы алтын әрiппен жазылған тарихын, керемет жетiстiктерiн мектеп мұражайларында жинақтап кейiнгi ұрпаққа насихаттап көрсете бiлу – бiздiң парызымыз. Мақсат барлық мектептерде өлкетану мұражайларын қалыптастыру арқылы ел, аудан, ауыл тарихы туралы деректер мен жәдiгерлердi жинақтау. Арнайы сайтта, бұқаралық ақпарат құралдарында айдар ашып мектеп мұражайларының жұмыстарына көмектесiп, ғылыми тұрғыда үйлестiрiп отыру қажет.

Бiз көтерген бастама министрлiк тарапынан қолдау тауып сондағы мектепке дейiнгi және орта бiлiм департаментiнiң директоры Ж.Жонтаевадан және Мәдениет министрлiгiнiң Мәдениет және өнер iстерi комитетiнiң төрайымы Ә.Әбiлдиновадан хат алып, жұмыс жасап жатырмыз.

Мектеп мұражайларының форумын Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай биылғы жылдың қараша айында Шымкент қаласында өткiзсек деген ниет бар. Осы ұсыныс облыс көлемiнде басшылар тарапынан және бiлiм департаментi тарапынан қолдау табады деген сенiмдемiз.

– Қазiр Елбасы тапсырмасына сәйкес, елiмiздегi ұсақ тауар өндiрушiлердiң мәселелерiн кешендi шешу үшiн өндiрiстiк кооперативтерге бiрiктiру, МТС-тер құру, сөйтiп ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң көлемiн ұлғайтып, экспортқа шығару жұмыстары белсендi жүргiзiлуде.

Сiз елiмiзде ең бiрiншi жекеменшiк МТС құрдыңыз. АҚШ-та екi ай оқуда, стажировкада болып сертификат алдыңыз. Жалпы, кооператив құру мәселесiнде қиындықтар бар ма? Оны қалай шешуге болады?

– Иә, рас, мен елiмiзде ең алғашқылардың бiрi болып фермер шаруашылықтарына және техникаларға сервистiк қызмет көрсететiн, техникаларын жөндеуден өткiзетiн, жерiн жыртып, егiнiн жинап беретiн жекеменшiк «МТС-Агротехсервис» машина трактор стансасын ұйымдастырдым.

1993 жылы Алматы қаласында шаруа (фермер) қожалықтары Республикалық «Агро» қауымдастығының бiрiншi конференциясы болды. Шаруалардың ең бiрiншi өткiзiлiп отырған алқалы жиынына Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев қатысып сөз сөйледi. Өз сөзiнде Елбасы Тәуелсiз елiмiзде алғашқы фермер жұмысын қолға алып, жұмыс жасап жатқан тауар өндiрушiлерге, шаруаларға табыс тiледi. Жақын арада совхоздар, колхоздар тарайтынын жеткiзiп, жекешелендiрудiң алғашқы кезеңi жүре бастағанын түсiндiрдi. Алдағы уақытта елдiң ауыл шаруашылығының тағдыры фермерлердiң қолында екенiн сезiндiк. Конференцияда менi елiмiзде ең алғашқылардың бiрi болып жекеменшiк МТС ашқан фермер ретiнде шаруа қожалықтары Республикалық «Агро» қауымдастығының Кеңес мүшесi етiп сайлады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев сол жылдары фермерлiк қозғалыстың өркендеуiне керемет қолдау жасады. Соның арқасында Америка Құрама Штаттарына елiмiзден алты фермер тегiн стажировкаға барып, екi ай оқып келдiк. Ғасырлар бойы фермерлiк шаруашылықты кәсiп еткен азаматтардың тыныс-тiршiлiгiмен таныстық. Ел аралап көрiп, көңiлге түйгендерiмiз көп болды.

Елге келген соң жинақтаған тәжiрибемдi пайдаланып ауданда шаруа қожалықтарының қауымдастығын ұйымдастырдым. Облыс орталығында, көптеген ауыл округтерiнде фермерлермен тәжiрибе бөлiстiм. Облыстық шаруа қожалықтары қауымдастығының басшыларымен бiрлесiп жоспарлы iс-шаралар жүргiздiк.

Ұсақ агроқұрылымдарға қымбат бағалы техниканы сатып алу мен оны пайдалану экономикалық жағынан тиiмсiз. Артық өндiрiстiк шығындар жұмсалады. Сондықтан шаруа шаруашылықтарына кооперативтерге мүше болып бiрiгудiң тиiмдiлiгiн түсiндiру қажет болды. Олай болуы үшiн кооператив мүшелерiнiң бәрi өздерiнiң мүлкiн, жерiн ортаға салуы керек. Жерiнiң, мүлкiнiң, еңбегiнiң мөлшерiне қарай кооператив мүшесi өз үлесiн алып отырады. Ондай мәселе әлемдiк тәжiрибеде бар. Батыс Германияда социализм кезiнде үлкен-үлкен кооперативтер болған. Капитализмге өткенде кооперативтердiң құрамындағылардың жерiн қосты, техникасын бiрiктiрiп, жұмыла жұмыс iстедi. Соған қарай түскен өнiмнiң пайызын үлес мөлшерiне қарай иелерiне бөлiп берiп отырды. Олар үш рет табыс алып тұрды. Жердiң үлесi үшiн, дүние- мүлкiнiң жалға берудегi пайызын, одан кейiн өзiнiң таза еңбегi үшiн ақы алды. Ал, бiреулер еңбек тәртiбiн бұзса, оны кооперативтен шығарып жiберiп отырды. Бiрақ жерiн, мүлкiн бермедi. «Сенсiз кооператив жұмыс iстей бередi, түскен түсiмнiң арқасында жерiңнiң, техника мен мүлкiңнiң үлесiн үнемi алып тұрасың. Ал, өзiң басқа жерден жұмыс iздеп, табыс таба бер» дедi.

Әлемде 600 миллионға жуық кооператив бар. Кооператив негiзiнде жұмыс жасау – бүгiнгi күннiң талабы. Бұл менiң Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы мемлекеттiк қызмет Академиясын «мемлекеттiк және жергiлiктi (муниципалды) басқару» мамандығы бойынша үздiк бiтiруiме негiз болған дипломдық жұмысым. Мен көп жыл ауыл шаруашылығы саласында, агроөнеркәсiп кешенiнде және жекеменшiк фермерлiк өмiрiмде тәжiрибе жинақтадым. Жапония, АҚШ, Еуропа, Скандинавия елдерiнде ауыл шаруашылық кооперативтерiнiң жүйесi арқылы өнiмнiң 80 пайызға жуығы сатылады. Жапонияда кооперативтер ауылдағы тауар өндiрушiлерге түрлi заттарды жеткiзiп, тауарларын сатып, өнiмдерiн қайта өңдеп, ұқсатып бередi. Iрi өндiрiстiк компаниялар кооперативтермен 1-6 жыл көлемiнде келiсiм-шартқа отырып жұмыс жасайды. Осы орайда экономиканың аграрлық секторын мемлекет тарапынан реттеуде «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасы жергiлiктi атқарушы органдармен бiрге осы мәселенi үйлестiрiп отырса бәрiмiз ұтар едiк. Қазiр бiз осы палатамен бiрлесiп кооперативтер құрудың жүйесi бойынша ұсыныс дайындап жатырмыз. Жалпы облыс әкiмi жанынан аталмыш палатаның облыстық филиалы мен Қазақстан фермерлер одағының осындағы филиалы, тауар өндiрушiлер бiрлесiп арнайы Кеңес құрса дұрыс болар едi. Канаданың фермерлiк шаруашылықтарының әрқайсысында орташа есеппен алғанда 244 гектардан жерi бар, ал, бiздiң шаруалар әрқайсысы 3-50 гектар жерiмен жеке дербес шаруашылық жүргiзгiсi келедi. Бiрлеспесе несие де, жағар майда ала алмайды. Өнiмдi сата алмайды. Қазiр шаруалар көлiк-логистикалық орталықтарының жұмыстарына мұқтаж, осы саланы дамыту қажет. Шаруаларға лизингпен техника беру жұмыстарын қайта қарап шығу керек. Фермерлердi сапалы ұрықпен, қосалқы бөлшектермен, жанар-жағар маймен агрохимиялық қызметпен қамтамасыз ету өте маңызды шаруа. Облысымыздың кемiнде 4-5 ауданында пилоттық негiзде жабдықтаушы кооператив (МТС, СТК формасында) құрып, iрiлендiру жұмыстарын жүргiзуге болады. Қазiргi таңда өңiрiмiзде бұл жұмыс белсендi түрде қолға алынған. Бүгiнге дейiн 8 мыңдай ұсақ фермерлiк 81 өндiрiстiк кооперативке бiрiккен. 14 МТС құрылған. Дегенмен әрбiр ауданның ерекше жағдайларын ескермесе болмайды. Қазiр бұрынғы КСРО кезiнде алынған, пайдаланылып жүрген техникалардың 80-90 пайызының тозығы жеткен. Елiмiзде ескi техникаларды тиiстi қосалқы бөлшектермен, агрегат, узелдермен қамтамасыз ететiн жоспарлы жүйе жоқ. Тауар өндiрушiлер қатты қиналуда. Сондықтан фермерлер экономиканың аграрлық секторын мемлекет тарапынан реттеу жұмыстарына аса мұқтаж болып отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының шетелдердегi Төтенше және өкiлеттi елшiлерiне сол елдерден инвестиция тартуды, сөйтiп елдiң экономикасын көтерудi ойластыруды бекерден-бекер айтқан жоқ. Бұрын барлық облыстарда КСРО-ның трактор, комбайн, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттарының тiрек пункттерi (опорная база) болатын. Сол арқылы мекемелер тиiстi керектi агрегат, қосалқы бөлшектерiн алып тұрушы едi. Осы мәселенi қайта қолға алу керек. ТМД құрамындағы Ресей, Украина, Беларусь елдерiнiң Минск («Беларусь» маркалы МТЗ тракторлары), Херсон (КСКУ-6 «Херсонец-200» маркалы жүгерi жинау комбайндары), Дондағы Ростов (комбайн және соқаның қосалқы бөлшектерi), Рубцовск (Т-4А тракторының қосалқы бөлшектерiн), Ташкент (2-ПТС-4 тележкаларының бөлшектерi) қалаларындағы зауыттардың тiрек пунктi ашылса шаруалар бiр серпiлiп қалар едi.

– Ендi 2018 жылдан бастап әр ауылдың төл бюджетi қалыптасатын болады. Бұл Елбасы белгiлеген Ұлт жоспарындағы 98-шi қадам. Сiз Отырар ауданындағы Темiр ауылының әкiмi де болдыңыз. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы қағиданы басшылыққа алып, қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Қазiр бұл бағытта Ұлттық экономика министрлiгi жанынан құрылған Жаңғырту жөнiндегi ұлттық комиссия поляк елiнiң тәжiрибесiн ұсынып отыр. Бiзге ұнағаны мұндағы негiзгi қағида «жергiлiктi тұрғындар өз мәселелерiн өздерi жақсы бiледi, демек дұрыс шешiм қабылдау да өздерiнiң қолында» деген принцип. Яғни бұл ауыл бюджетi ауылдың өз қажетiне жұмсалады деген сөз. Әкiмдер тек бюджет қаржысымен жұмыс iстемеуi тиiс. Ауылда ел азаматтарынан түскен қайырымдылық қаржылары арқылы да игiлiктi iстердi ұйымдастыруға болады.

Мәселен, бiз кезiнде ауылдан шыққан абзал азаматтардың және мектеп түлектерiнiң игi iстерi арқасында ауылдағы екi мешiтке жөндеу жұмыстарын жүргiздiк. Бiрнеше көшеге асфальт жол төселiнiп, электр жарығы берiлдi, аяқ жол салынды, саябақты жаңадан қоршадық. Салық жинауда қиыншылық көп екенi рас. Дегенмен, жергiлiктi халықтан түскен салық өз қажетiн өзi өтесе деймiз де. Жалпы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы жаңадан жүйелi Заң керек. Үкiметке бұл жөнiнде тапсырма берiлдi. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару бюджетi қалыптасқан жағдайда ауыл тұрғындарының белсендiлiгi артады, қоғамдасып жұмыс iстейдi. Бiзге жеткен мәлiмет сол, заң бойынша 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын елдi мекендердiң ғана төл бюджетi қалыптаспақ. Ал, адам саны оған жетпейтiн ауылдардың тағдыры 2020 жылдан кейiн шешiледi. Өзiм ауыл әкiмi болып тұрғанда кезектi еңбек демалысымда екi рет Астана қаласына «ҚТЖ» АҚ-ның басшыларына барып «Мөлдiр су» бағдарламасы бойынша Отырабад стансасында осыдан бiр ғасыр бұрын салынған таза су жинау мұнарасын қаржы бөлдiртiп, күрделi жөндеуден өткiзiп бергiздiм. Жұртшылықтың өтiнiшi бойынша қауымдастық жиналысын өткiзiп, «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қызметкерi», Отырар ауданның құрметтi азаматы болған А.Әлiмовтiң атына бiр көшенiң атын бердiк.

Дегенмен, ауыл адамдарына несие алу қиын. Ауылдағы үйлердiң құнын бағалайтын мамандар Шымкент қаласынан келедi. Олардың келуi және жылжымайтын мүлiктi әдiлеттi бағалауы өте қиын, сондықтан осы мәселенi ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп жергiлiктi жерде ұйымдастырып шешу қажет. Бұл да ауыл бюджетiнiң кiрiс көзiне қомақты қаржы түсiруi мүмкiн. Егер Үкiмет анықтағандай, елдi мекендердiң төл бюджетi салықтың алты түрiнен құралатын болса, соның iшiнде мүлiктердi жалға беруден түсетiн қаржы, азаматтардың аударымдары, құқық бұзғаны үшiн әкiмдiк жинайтын айыппұлдар ауылдың жағдайын жақсартуға септiгiн тигiзедi деп ойлаймын.

Ауылдардан «Агрорбанк» iспеттес шағын фермерлер банкiн ашу қажет. Ауылдықтар «Даму» кәсiпкерлiктi қолдау қорының» нақты көмегiн көре алмай отыр. Осылайша Ұлттық қордан бөлiнген миллиардтаған қаржы ауылға жетпей қалуы ықтимал.

Қазақстан халқының 45%-ы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, бiздiң елiмiзде де аграрлық экономика мен демографияның жаңа үрдiстерi қалыптасатыны сөзсiз.

Елiмiз бойынша 193 мың фермер бар. Мемлекет тарапынан экономиканың ауыл шаруашылығы секторын қолдау мен реттеу болып тұрса алдағы уақытта фермерлердiң өмiрiнде оң өзгерiстер болатынына сенiмдiмiн.

Әрбiр облыста пилоттық жоба негiзiнде ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құрып оларға қаржы алуға көмек беру қажет, ары қарай кооперативке бiрiгу, яғни iрiлендiру жұмыстары серпiн алып кетедi. Семинар, түрлi оқу курстарын көбейту керек. Сонымен қатар көлiк-логистикалық орталықтар көбiрек құрылса, шаруаларға өнiмдi сапалы кезiнде және қымбат бағаға сатуына мүмкiндiк туар едi. Экспортқа бағытталған өндiрiс ұлғаяр едi. «Самұрық–Қазына», «Бәйтерек» холдингтерi ауыл шаруашылығы кооперативтерiне пилоттық негiзде жұмыс жасауына қаржылай көмектессе игi iс жандана түсер едi.

P.S. Менiң кейiпкерiм Артықбай Үсембай жақында зейнеткерлiкке шығыпты. «Бiрақ қол қусырып отыра алмаймын. Осы бағытта жекеменшiк фермерлiк тiршiлiгiмдi жалғастырамын» дейдi. Iске сәт!

Сұхбаттасқан Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары