$ 498.55  524.28  4.75

Шымкентте мұқтаж жандарға отын тегін таратылды

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында көптеген қайырымдылық шараларының жүріп жатқаны белгілі. Бұған дейін өңірдегі қайырымдылық қорларының бірі мұқтаж жандарға тегін көмір таратып жүргенін де хабарлаған болатынбыз. Аталған акция барысында 700-ден астам отбасыға 2 тоннадан көмір түсірілген еді. Енді Шымкент билігі де осындай игі шараны қолға алып отыр. Қала басшылары шаһар аумағында қырқылған ағаштардың бәрін отынға аралап, оны көгілдір отыны жоқ үйлерге тегін таратып жатыр.

Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың бастамасымен, «Достық», «Қайтпас», «Қайнарбұлақ», «Асар», «Нұртас» шағынауданындағы 110 үйге отын жеткізілген.

– Қаратау ауданы бойынша санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Қураған ағаштар кесілді. Оның жарамды бөлігін отынға сұрыптадық. Аудан бойынша үйіне табиғи газ қосып үлгермеген, отын алуға мүмкіндігі болмаған тұрғындар бар. Солардың өтініші бойынша, көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне сұрыпталған отынды жеткізіп беруді жөн деп таптық, – дейді аудан әкімінің орынбасары М. Жолдасбеков.

Бастаманың орындалуына жауапты әкімдік қызметкерлері Х.Салиев, О.Бәкірханов отын тасымалдау ісінің басы-қасында жүріп, қыстық отынның әр үйге жетуін қадағалады. Ал тұрғындар арасында П.Садықова, А.Байғазиева, А.Өтебаевалар Қаратау аудандық әкімдігінің қызметкерлеріне алғысын жаудырып, ерекше ризалығын білдірді.

– Әзірге 110 үйдің әрқайсысына 1 жүк машина ағаш түсіріп үлгердік. Қыстың басталуына да аз қалды. Дегенмен, тұрғындарды мүмкіндігінше отынмен қамту жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – дейді «Асар» аумағы бойынша бөлім басшысы Хамит Салиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары