Тарихы тереңде жатқан көне қаланың аумағын қайта құратын сәт жетті. Барымызды баянды ету, өткен тарихымызды келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыру – ауқымды жұмыс. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 462,5 гектарды құрайтын «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалды. Жоба аясында тарихи құндылықтар шығыстық қала үлгісінде қайта жаңартылып, туристер тамашалайтын саяхат орталығына айналады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа концепциямен танысып, көне қала аумағын аралап көрді. Ендігі кезекте 2200 жылдық тарихы бар қаланың көне орнын қоршап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу керек.
Шығыстық үлгіде қайта жаңғыртылады
Тарихи жәдігерлерді сақтау уақыт күттірмейді. Белгілі тарихшы ғалым Бауыржан Байтанаевтың зерттеулеріне сүйенсек, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы осы аумақтағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр. Мұндағы жүргізілген қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры «Шымкенттiң 2200 жылдығы мемлекеттiк деңгейде тойлануы керек» деп те мәселе көтеріп жүргені белгілі.
Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандары мен дизайнерлер облыс және қала басшысына жоспарлау жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады.
Бұл жоба аясында «Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешені салынбақ. Яғни, мұндағы археологиялық қазбалар қоршалып, оның жанынан қазіргі заман мұражайы, қолөнер шеберлері бөлмесі, сауда-ойын-сауық кешені, мұз айдыны, әмбебап көрме залы, лекция залы, т.б. нысандар бой көтереді. Егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары аяқталғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттары дайындалады.
Облыс әкімі Ж. Түймебаев концепцияға жақсы баға беріп, оны әлі де болса жетілдіре түсуге тапсырма берді. Шымкенттің негізі осында қаланған. Кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді тартатын орталық ететінін де атап өтті. Мәселен, Бакуде көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімдері бар екен.
– Бұл – үлкен жоспар. Алдымен археологиялық қазба жұмыстары аймағы қоршалуы тиіс. Одан кейін жұмысты бастаңыздар. ОҚМУ және ОҚМПИ ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасаңыздар. Қазба байлықтардың маңайынан ешқандай үй салуға болмайды. Мұнда қат-қабат тарихи жәдігерлер жатыр. Жалпы, тарихи орталық таза болуы керек. Мына жақта керемет монумент тұр. Ал оның жанында баяғы ескі қала. Сол себепті, бұл орынды абаттандыруымыз керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қонаев даңғылы Ташкент тас жолына қосылады
Цитадельдің жалпы аумағы 7 га. Оның 3 гектары мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Алдымен археологтар қазба жұмыстарын жүргізуі тиіс дедік. Ертеңгі күні оның үстінен құрылыс соғылып кетпес үшін.
Жалпы, бүгінгі көне қала аумағындағы әбден ескірген, тозығы жеткен үйлердің орнына келешекте көп қабатты үйлер салынбақ. Жан-жағы жасыл желекке бөленеді. Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлімжан Ілесбеков осылай дейді.
– Қорғау аумағы мен қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта жолдарды реконструкциялау мәселесі де қарастырылуы тиіс. Егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қанша үй нақты «сносқа» кететіні белгілі болады. Қазір бірінші кезеңде 73 үй бұзуға кететіндердің тізімінде тұр. Қалдаяқов көшесі жағында қанша үй бар екенін анықтаймыз. Бұл орайда ең әуелі қалалық жер қатынастары бөлімі жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша хабарлама таратуы тиіс, – дейді ол.
Мұндағы жоспарға сәйкес, келешегі Қонаев даңғылы Түркістан көшесін кесіп өтіп, Қабанбай батыр көшесіне дейін жалғасады. Яғни, Қонаев гүлзарын Ташкент тас жолына тікелей қосу назарда тұр. Бұдан бөлек, жоспардағы картадан Қонаев даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің қиылысатынын да байқаймыз. Жоба іске асса, бұл аумақтағы жол кептелістері де азаяр еді.
Белгілі ғалым Бауыржан Байтанаев қаланың археологиялық картасын жасау керектігін де көптен бері айтып жүр. «Археологиялық нысандарды туристік мекен етіп қойсақ, қаланың имиджін де көтеретін мүмкіндік болады.
Еуропа, Азия елдеріндегідей, көне мұралардан-ақ біршама табыс тауып отырар едік» деген еді ғалымның өзі.
Құнды мәдени мұраларды ұрпаққа мұра етіп қалдыру зор аманат. Археологиялық нысандардың аумағын анықтап, бәрін картаға кіргізу де өзекті мәселе. Мұның бәрі де уақыт сәтімен, кезең-кезеңімен іске аспақ.
"Шымкент келбеті".