Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан облысында осы егемендік жылдары іске асқан ең ірі жобаларды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Қазақстанда алғашқы рет кілем өндіретін екі ірі жоба жүзеге асырылды, «Назар Текстиль» және «Бал Текстиль» ЖШС. Фабрикаларда озық технологиялар қолданылуда. «Бал Текстиль» ЖШС кілем тоқуға арналған синтетикалық иірімжіп өндірісін игеріп, бұрын Индонезия, Өзбекстан және Түркиядан импортталатын шикізатты енді өз базасында шығаруда. «Әлем БТ» ЖШС-інде «KORE» кореялық технологиямен шұлық бұйымдарының өндірісі іске қосылып, Ресей және алыс шет мемлекеттерге экспортталуда. Өндіріске оңтүстіктің мақтасы және иірімжібі қолданылуда.
Мақталы өңірдің әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес «AZALA Textile» фабрикасын кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай еуропалық жабдықтар орнатылды. Осының арқасында, өндіріс толық циклді кәсіпорынға айналды. Мәселен, компания өзі өсірген мақтадан иірімжіп шығарып, иірімжіптен мата шығарып, бояп, матадан өз кезегінде дайын бұйым шығаруда. «Golden Nomad» маркасымен брендтік костюм тігетін фабрикасы ашылып, қазіргі таңда бүкіл Қазақстанға танымал болып отыр.
Тамақ өнеркәсібінің басты жетістігі – «Рахат Шымкент» кондитер фабрикасына салынған әлемге әйгілі LOTTE трансұлттық компаниясының инвестициялары. Жаңа инвестициялар есебінен фабрикаға еуропалық заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, вафли, печенье және крекер өндірісі игерілді.
Құрылыс индустриясында «Стандарт цемент» ЖШС энергия ресурстарын 2,5 есеге үнемдеуге мүмкіндік беретін технологиямен республикада алғаш рет М-600, М-700 маркалы және тампонажды цемент өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Бұл цемент түрінің ерекшелігі – оны үлкен тереңдікте және жоғары ылғалдықта еш қиындықсыз қолдануға болады.