$ 444.22  476.38  4.82

Жаңа ғасыр кiтапханасы

Таяуда Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында «Әлем. ХХI ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестiк пен мәдениетке» атты кiтапханашылардың халықаралық конгресi өттi. Осы басқосуға Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшiлiк кiтапханалар жүйесiнiң бiр топ кiтапханашысы қатысып қайтты. Бiз кiтапхана директоры Перизат Алшабаевамен осы сапар жайында және бүгiнгi кiтапхана мәселелерiне байланысты сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Перизат Бекмырзақызы, кiтапханашылардың халықаралық конгресi қандай мақсатта ұйымдастырылды?

– Игi шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырды. Конгреске Франция, Германия, Австрия, Ресей, Молдова, Грузия, Әзiрбайжан, Тәжiкстан, Иран, Индонезия елдерi Ұлттық кiтапханаларының, Кiтапханалық ассоциациялар мен мекемелер федерациясы (ИФЛА) мен Еуразия кiтапханалар ассамблеясы (БАЕ) өкiлдерi, саясат және қоғам қайраткерлерi, ғалымдар, ақын-жазушылар, меценаттар, мәдениеттанушылар, баспагерлер, мәдениет, бiлiм және ғылым саласындағы мемлекеттiк мекемелердiң жетекшiлерi мен жауапты қызметкерлерi, кiтапханашылар, барлығы 300-дей маман қатысты. Мақсаты – қоғам назарын кiтапханаларды дамытуға, кiтап оқуға аудару. Электронды ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мәселесi бойынша тәжiрибе алмасу және оны кiтапханаларда пайдалану, кiтапханашылардың имиджiн арттыру мәселелерi де басты назарда болды. Келелi жиынға облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасының директоры Зәкира Парымбекова бiр топ қызметкерiмен, басқа да кiтапханашылар қатысып, тәжiрибе алмасып қайтты. Астанаға барған алғашқы күнi Ұлттық академиялық кiтапхананы аралап таныстық.

– Ендi басқосудың барысы жайлы әңгiмелесеңiз.

– Конгресс өткен Тәуелсiздiк сарайында «Қазақстан кiтапханаларының 25 жұлдызды шыңы» атты кiтап, кiтапханалық жобалар және инсталяциялар көрмесi жасақталыпты. Игi шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзбен ашты. Ұлттық ғылым академиясының академигi, философия ғылымының докторы Ғарифолла Есiм модераторлық еттi. «Қазiргi әлемдегi балалар әдебиетi: оқу арқылы дүниенi, тiл мен мәдениеттi тануға», «Ұлтымыздың рухани және интеллектуалдық жетiлуi үшiн оқуға ынталандыру» тақырыптарында баяндамалар жасалды. Ресейден келген кiтапханатанушы Галина Райкова «ТМД елдерiндегi кiтапханалық-ақпараттық кеңiстiк: Еуразия кiтапханалар ассамблеясының рөлi» тақырыбында баяндама жасады. Ол посткеңестiк елдерде ақпараттық-мәдени кеңiстiк қалыптастыру мәселелерiне тоқталды.

– Халықаралық жиыннан қандай ой түйдiңiздер, конгресте жинақтаған тәжiрибелерiңiздi жергiлiктi кiтапханаларда жүзеге асыруға бола ма?

– Санкт-Петербургтегi Ресей Ұлттық кiтапханасының бас директоры Александр Вислыйдың айтуынша, көршi елде «Ұлттық электронды кiтапхана туралы» заң қабылданыпты. Онда электронды ортада кiтапхана iсiн дамытуға қатысты инновация жеткiлiктi екен. ТМД елдерiнiң барлық Ұлттық кiтапханасы Ресейдегi электрондық кiтапхананың диссертациясын пайдаланатынын айта кету керек. Яғни Ресей Ұлттық электрондық кiтапханасының дамуына ТМД елдерi кiтапханалары ықпал етуде.

Жалпы, тәуелсiздiк жылдарында елiмiздiң кiтапханалары аз табысқа жеткен жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тоқыраудың салдары руханиятқа да керi әсерiн тигiзiп, бiрқатар өнер, мәдениет ошақтарының есiгiне қара құлып салынды. Сонда ауылды жерлерде кiтаптардың жоғалып кетпеуi үшiн үйiне апарып сақтаған жанкештi кiтапханашыларымыз бар. Мiнекей, азаттықтың ақ таңында сол кiтаптар кәдеге жарап, рухани орталықтарымыз оқырмандарға қайтадан қызмет ете бастады. Бiр ғана мысал, Алматыдағы Ұлттық кiтапханада 5 миллион 500 мың кiтап электрондық нұсқаға енгiзiлiптi. Ал, Ресей Ұлттық кiтапханасында бұл көрсеткiш 4 миллион 200 мың дананы құрайды екен. Демек, бiзде қол жеткен табыс аз емес, бiрақ соған қарамастан атқарылар шаруа да мол. Жаңа ғасыр бiзден жаңа сапамен жұмыс iстеудi талап етедi. Дүние жүзi бойынша орта есеппен 60 228 оқырман күнделiктi электрондық кiтапхананың қызметiн пайдаланатынын ескерсек, заманауи бағытта қызмет көрсетуден ақсап қалмауымыз керек.

Иран, Әзiрбайжан, Молдовадан келген әрiптестерiмiз де өздерiнiң тәжiрибелерiмен бөлiстi. Жалпы алғанда, бiз «жаңа ғасырдың кiтапханасы қандай болуы керек?» деген сауалға жауап тауып қайттық. Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов «Қайтпас» шағынауданынан қалалық кiтапхана салу жоспарда бар екенiн айтқан болатын. Руханиятқа қызмет ететiн осындай орталықтар көбейе берсе деймiз.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Әбдiсаттар ӘЛIП, ҚР Журналистер одағының мүшесi.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары